Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Серкеге қой баққызған әулие

Серкеге қой баққызған әулие

Табиғаты сұлу Едірей өлкесі - өзінің тарих, шежіре, аңызға да бай жерлердің бірі. Тау қойнауына барар жолдағы Едірей ауылының шыға берісінде Есенбай асуы бар. Осы жерде Есен­бай деген әулие кісі өмір сүрген. Атау да соған байланысты қойылғанға ұқсайды. Осы кісінің өз басына қатысты түрлі қызықты аңыздар жетерлік. Табанын тіліп жіберіп, бізбен тесіп, терісін қайыспен қайырып тігіп отыратын болған.

Есенбай әулие ел жайлауға көшкен кезде бәрін көшірісіп, өзі жұртта қалып қоятын көрінеді. Ел Есекең айтқан қонысқа келіп, енді жетіп жайласпақшы болғанда, алдынан оларды өзі қарсы алып шыққан. Ауыл адамдары болса Есекеңнің қалай жеткендігіне қайран қалысып, әулиелігін аңыз етіп айтып, ел ішіне таратып жіберген. Сол Есенбайдың әулиелігі турасында ел ішінде сақталып келген тағы мынадай бір қызықты жайт бар.

Есенбай әулие ел жайлауға көшкен кезде иесіз жұртқа ешкілерін тастап кетеді екен. Ешкілерді қалдырған кезде, мал ішіндегі үш-төрт текелеріне атап-атап «сен ие бол, сен ие бол» деп тапсырады екен жарықтық. Содан кейін еш алаңсыз ешкілерін қалдырып, жаз жайлауда болып, асықпай қысқа қарай бірақ оралады екен. Ал ешкілері болса «қой да аман, қасқыр да аман» демекші, бір тұяқ шетінемей бастары түгел болған.

Оның сыры былай екен: жаңағы «сен ие бол, сен ие бол» деген текелер ит-құс немесе сырттай көзі түсіп қызыққан ұрылар жақындап кел­генде, текелер ешкілерді бағып жүрген оның иелері болып көз алдына елес береді екен. Содан әлгілер болса тайсақтап жолай алмаған. Міне, жоғарыдағы Есенбай асуы сол әулие адамның атымен аталып қалған. Осы әулиенің атымен байланыстырыла қойылған бұл жерде Есенбай бұлағы, Есенбай сайы деген атау­лар да кездеседі.
12 сәуір 2019 ж. 1 980 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 105

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930