Өлім алдындағы өкініш

Медбикелік жұмысында алдына келген әр пациенттің пікірінен туындаған «Өлгендердің бес негізгі өкініші» («The Top Five Regrets of the Dying») кітабын жазады. Адамдардың ойларынан тұратын күнделік-кітап әлемде 30-дан астам тілге аударылған және тиражы миллионнан асқан. Адам ажал алдында аш қалған кезі үшін немесе қымбат киімді кие алмағаны үшін өкінбейді екен. Броннидің айтуынша, ер адамдардың көпшілігі өмір бойы жұмысқа беріліп, карьера қуғанына өкінетінін айтқан. Медбикенің тәжірибесі бойынша өлім алдындағы 5 өкініш туралы айтпақпыз.
Ең біріншіден, науқастар өзгелердің қалауымен емес, өзі қалағандай өмір сүруге батылдығы жетпегеніне өкінген. Адам баласының ең үлкен қателігі – осы. Өлшеулі өмірінің таусыларын ұғынғанда жүзеге аспаған армандары мен жоспарларын есіне алады. Көбісі өз қалауының жартысын да іске асыра алмай кетеді. Тек өлер алдында ғана бұл оның өз таңдауы болғанын саналы түрде түсініп, «Сол бір мақсатыма қол жеткізуге менде денсаулық та, уақыт та, таңдау да болған екен ғой» деп күрсінгеннен басқа амал қалмайды.
«Тым көп жұмыс істегеніме өкінемін» дейтіндер қатары да көп. «Мен өмір бойы жұмыс істегеніне өкінетінін барлық ер адамнан естідім. Балаларының туғаннан есейгеніне дейін куә болмағаны үшін, әйелінің жанында көп уақыт өткізбегені үшін күрсінеді олар. Әйел адамдар арасында да солай дегендер болды. Бірақ саны жағынан өте аз, әрі көбісі қарт әйелдер», – дейді Вэр.
«Өкінішке орай, мен өз сезімдерімді ашық жеткізе алмадым» деп өкінеді адамдардың тағы бір тобы. Көбісі басқалармен қарым-қатынас барысында бейбітшілікті сақтап, мәмілеге келу үшін өз сезімдерін ашық айтпайды. Нәтижесінде олар көптің бірі болып өмір сүреді және өзі елестеткендей адам бола алмайды. Сезімін шығара алмаудың себебінен ауруға шалдығып, психикалық денсаулығы нашарлай бастайды.
Өлгендердің жиі кездесетін өкінішінің бірі – достық қарым-қатынаста оларға көп уақыт бөлмеуі. Адамдар ескі достардың шынайы құнын, қадірін түсінбей жүреді де, ол қайтыс болғанда, қанша іздесең де таба алмайтын кезде қолын кеш сермеп қалады. Көпшілігі өз өміріндегі егжей-тегжейлі мәселесіне қатты алаңдағаны соншалық, бір сәтте ең жақын адамдарымен қарым-қатынасты үзіп алады. Адал достыққа лайықты көңіл бөлмегендер өлерінде міндетті түрде оларды сағынып, іздейді екен.
Бір таңғаларлығы, өлгендер «өзіме жай ғана бақытты болуға рұқсат етпедім» деп жиі өкінеді. Олар бақыт деген таңдау екенін толық түсінбейді. Өмір бойы ескі әдеттерінен арылмағандар «жайлылық зонасына» жайғасып алып, қаншама мүмкіндіктен өзі бас тартқанын байқамай қалады. Өзгерістерден қорыққаны сонша адам іштей қалап тұрса да, осы өміріме қанағат, шүкір деп өзін алдайды. Осылайша кішкентай шешімдерден қашып, өзіне бақытты болуға мүмкіндік бермегенін кеш түсінеді. Жүздеген адамның өлер алдындағы 5 өкінішін біріктірсек, бәрі де бір ғана өкінішті білдіреді: «Мен өз өмірімді сүрмедім...».
Дина БӨКЕБАЙ