Біз естімеген 7 синдром
Күнделікті тіршіліктің шашбауын көтеріп, жұмыс пен оқу, отбасы мен даму арасында жүріп, өз жанымызға қажеттіні ұмытып кете береміз. Сондықтан жантану ғылымында әйгілі сіз естімеген синдромдарға тоқталмақпыз. Ескерерлігі, өзіңізден не танысыңыздан осы синдромның бірін байқасаңыз, маман кеңесіне жүгініңіз.
Есейгісі келмейтін және жауапкершілік алғысы келмейтіндер, отызда да «бала» боп қалатындар, қарым-қатынастан, ертеңгі күннен қорқып өмір сүретіндерді елестетіңізші?! Дәл осы типтегі адамдар Питер Пэн синдромына шалдыққан екен. Бұл туралы психолог, ғалым Мария-Луиза фон Франц өз кітабында зерттеп, бұл ауруға әдеби кейіпкерлерден «Питер Пэн» мен «кішкентай ханзаданы» жатқызса, өмірде болған тұлғалардан Моцартты мысал еткен еді. Бұл көбіне тым еркелеп өскен немесе ата-анасы шешім қабылдап, жауапкершілік алуына кедергі келтірген балаларда, ал бүкіл әлем бойынша әйелдерден гөрі ер адамдарда жиі кездеседі.
Әр адамның жан дүниесінде еркелеп, ойнап жүре бергісі келетін балақай бар десек те, Питер Пэн синдромы – қоғамдық дамуындағы адамның тұлғалық болмысының басты кедергісі.
Ал Париж дегенде көз алдыңызға не елестейді? Хэмингуей айтқандай «Париж – әрдайым сізбен бірге болатын мереке» ме? Ғажайып атмосфера, париждік эстетика, кинодағыдай саяхат, әрі қарай тізе берсеңіз, шегіне жете алмассыз.
Бірақ бұл синдром Парижге келген туристің мұндағы тұрғындар салқынқандылығынан, әдепсіздігінен көңілі қатты қалғанда қалыптасып, психологиялық синдром ретінде атау алған.
Синдром сыпайы қарым-қатынас жасап, сабырлылық танытатын жапон халқының Францияға баруынан пайда болған деген мәлімет кездеседі. 1986 жылы жапон психиатрі Хироаки Отой үлкен қалаға жұмыс сапарымен келгенде, дәрігерден осы ауру жиынтығы анықталған. Мұның жалғыз емі – туристі өз еліне қайтару.
Адель синдромы – ұзақ уақытқа созылған махаббатын ұмытпай, «жоқ» деген қарсы жауапты қабылдай алмау ауруы. Бір адамның екінші ауруға деген сезімінің жауапсыз қалуы. Бұл ауру белгісі шынайы оқиғадан кейін осылай атау алып, жаны нәзік, тым көңілшек адамдарда жиі кездесетіндігімен ерекше.
Жылдарды кері жылжытып, жазушы Виктор Гюгоның қызы Адельдің өміріне үңілсек, жас қыз ағылшындық офицер Альберт Пинсонмен танысады да, бір көргеннен өмірінің мәні екенін түсінеді. Бірақ жігіт арудың сұлулығына да, әкесінің беделіне де қарамай, сезімін жауапсыз қалдырады. Кейін Адель әлемді шарлап, сол жігітті іздеумен ғұмыр кешкен. Ал жақын таныстарына екеуінің үйленгенін айтып, сендірген. Жаны күйзелген Адель көп ұзамай есінен адасады. Бұл синдроммен балаңыз ауырмас үшін тек жылы жауап қатып, қалауының бәрін орындамай, керісінше, әділетті түрде жамандық пен жақсылықтың қатар жүретінін түсіндіріңіз, жоқ деген сөзді, бас тартуларды қабылдауды үйретіңіз.
Диоген қоғаммен қоршаған ортадан тыс, бір бөшкеден шықпай өмір сүрген адам. Яғни, социопат немесе мизантроп. Диогеннің өмір сүру деңгейінен психологияда жаңа синдром қалыптасты. Бұл ауру жастық шағында қоғамның белсендісі болған, әлеуметтік белсенді адамдарда, қарттарда да көп кездеседі. 1975 жылы Кларктың анықтамасымен ғылымға енсе де, сонау ерте ғасырлардан бері кездесетін бұл психологиялық тағы бір белгісі – ешкімге пайдасы жоқ, қоқысқа тасталатын маңызсыз дүниелерді жинай беру.
«Мәңгі жас, мәңгі қарғыс атқан...». Иә, «Дориан Грейдің портретін» оқыған жандар бұл синдромды анықтамасыз-ақ түсінді. Сыртқы келбеттің қартаймауына барын салу, мәңгі жастық бейнені сақтауға тырысу, түрлі медициналық, косметикалық процестерді іске асыру Дориан Грей синдромын еске салады.
Өзге қол синдромы әдеби туындыларда, кино әлемінде көп айтылады. Адамның өз қолын басқара алмауы, әлдебір тылсым күш арқылы қолдың адамға бағынбауы, әдетте, адамның өзін-өзі ұрып-соғуымен, суицидпен аяқталады. Психологиядағы «екі жан» немесе «тұлғаның екіге жарылуы» ұғымдарына ұқсас келетін бұл аурулар өте қауіпті.
Гарри Поттердің соңғы бөлімін көрсеңіз, Хвостті өз қолы тұншықтырып өлтіргенін байқайсыз. Немесе өзіміздің әдебиеттегі Төлен Әбдіктің «Оң қолы» да еріксіз есімізге түседі. Бұл синдром сценаристер мен жазушылардың ойлап тапқан дүниесі емес, өмірде кездесетін ауру түрі. Күрделі әрі қисынсыз синдромды емдеудің нақты бір жолы ғылымда әлі табылмаған.
Үш күндік монах синдромы дегенде адамның бір істі соңына дейін жеткізбеуі, жұмысты аяқтамауы, еріншектігі туралы айтқанда, үш күн монах болып, ары қарай доғара салатындардың психологиялық синдромын айтамыз.
Дайындаған Дина БӨКЕБАЙ