Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Спортшыларды қабылдады

Спортшыларды қабылдады

Жуырда ­аудан әкімі Мұрат ­Ергешбаев Қазақстан Республикасының чемпионаттарында жүлдегерлер қатарынан көрінген ­спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын қабылдады.
– Қазалы ауданының спортшылары қай жарысқа қатыспасын жеңіске жетіп, үздіктер қатарынан көрініп келеді. Ауданнан шыққан атақты спортшылардың да қатары қалың. Әріге бармай-ақ 2012 жылы Лондон Олимпиадасында қола медаль жеңіп алған Марина Вольнованың жетістігін айтсақ болады. Маринаның есімі ауданның ғана емес, еліміздің тарихында алтын әріппен жазылып қалды. Ол Тәуелсіз Қазақстан тарихында Олимпиадада әйелдер боксынан жүлде алған алғашқы спортшы, – деген аудан әкімі қазіргі таңда Маринаның ұзақ жылғы үзілістен кейін шаршы алаңға қайта оралғанын атап өтті.
– Марина Вольнова Лондон Олимпиадасынан кейін отбасылық жағдайына ­байланысты шаршы алаңға шықпаған. Осы жылы былғары қолғапты қайта қолға алды. Жетістігі де жаман емес. Кеше Шымкент қаласында бокстан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Осының алдында Венгрияда өткен халықаралық жарыста қола медаль иемденді, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң Қазақстан Республикасының чемпионаттарында күміс, қола медаль алған спортшыларға «Құттықтау» хатын табыстап, сый-сияпат жасады.
Ал Олимп шыңына шыққан Маринаның бапкері, көптеген жеңімпаз боксшының ұстазы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бақытбек Құлбаевты «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалімен марапаттады.
Басқосуда Қазалы аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің жаттықтырушысы Бақытбек Құлбаев пен ардагер спортшы Сапарбек Көбегенов спортшыларға ерекше мән беріп, қабылдау өткізген аудан басшысына алғысын айтып, өздерінің ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Айта кетейік, 23-29 қараша күндері Шымкент қаласында бокстан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында Дәметкен Келімбет пен Гүлсая Ержан қола жүлдегер атанды. Ал Олжас Сырлыбай мен Айдос Сүлеймен қараша айының соңғы күндері Алматы қаласында грек-рим күресінен ересектер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында күміс және қола медаль еншіледі.
Тағы бір жас талант Аяжан Нұржан Қызылорда қаласында ауыр атлетикадан әйелдер арасында онлайн өткен Қазақстан Республикасы чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді.

Қазалы ауданы әкімінің
баспасөз қызметі

05 желтоқсан 2020 ж. 1 746 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031