Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас мамандардың жайы қалай?

Жас мамандардың жайы қалай?

Ауылдық елді мекендердегі білікті маман тапшылығының орнын толтырудың бірден-бір жолы – «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жаңғырту. Ауыл десе үрке қарайтын жастардың жігерін жанып, ынтасын арттыратын мемлекеттік бағдарлама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарынан да тыс қалмады. Соған сәйкес Мемлекет басшысы жариялаған Жолдауда оған бөлінетін қаражатты 20 миллиард теңгеге ұлғайтуды тапсырды. Көпшілік оның бірден-бір себебін ауылдық мектептерде педагог кадрлардың жетіспеушілігімен ­байланыстырды.
Жоба жетістігі
Бұл жоба Қазақстанда 10 жылдан астам уақыттан бері жүзеге асырылып келеді. Жас дәрігерлер, мал дәрігерлері мен мұғалімдер білікті мамандар жетіспейтін ауылдарға жұмысқа баруы үшін әзірленген. Аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай өткен жылы берген сұхбатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жас мамандарға тағайындалған бір реттік қаржылай қолдаудың қарқынды жүріп жатқанын айтқан болатын.
– Ауылдық жерге келіп, диплом бойынша жұмысқа орналасқан азаматтар бұл көмекті пайдаланатыны белгілі. Сол себепті мұндағы кезектің қарасы қалың. Онымен қоса, бұған дейін 70 айлық есептік көрсеткіште беріліп келген қаржы 100 АЕК-ке көбейді. Бұл 265 мың теңгені көрсетеді. 2020 жылдың аяғына дейін 81 маман мемлекет қолдауын сезіне алды.
Ал 2019 жылы 100 маман көтерме көмекке ие болған. Онда да жыл басында 33 адамға ғана қаржы бөлінген еді, жыл аяғында қалыптасқан жағдайға байланысты үнемделген қаржы есебінен кезегі келген жастарға бөліп бердік.
Қазіргі сәтте 500-ге жуық адам көмек алғысы келетіндердің тізіміне тіркелген. Ағымдағы жылы бұндай қолдау 81 адамға көрсетіледі деп жоспарлап отырмыз, – деді бөлім басшысы.
Былтырғы жылы «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша көтерме жәрдемақыны ауданда 51 педагог алған. Осыдан-ақ мемлекет тарапынан берілетін қаражаттың аудан мамандарына үлкен пайдасы тиіп жатқанын байқау қиын емес. Мұнан бөлек бұл бағдарламамен жас мамандардың баспаналы болуы да қатар жүреді. Басшының сөзіне құлақ түрсек, екеуін шатастыруға болмайды. Әңгіме барысында мұны да тілге тиек еткен ол, өткен жылы осы негізде бөлінген қаржыны сөз етіп, тізімде қанша жастың болғанын айтты. Сондай-ақ биылғы жылдың жоспарына да тоқталды.
– Ағымдағы жылы 83 маманға баспана алу үшін қаржы қаралды. Бұл жеңілдетілген несие 0,01 проценттік өсіммен беріледі. Яғни әр адам 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын бағадағы үйді таңдауы қажет. Бағдарлама баспанасы жоқ жас мамандардың қажеттілігін өтеу бағытында іске қосылғанын ескерсек, осы негізде 67 маман қоныс тойын жасады. Бұл үшін бюджеттен 246,2 миллион теңге жұмсалды. Аталған қаражат көлемі 3 миллион 796 мың теңгені құрайды, – деді Нұрлан Аманбай.
Осы жоба аясында ауылдық жерлерге жұмысқа тұрған маманға мемлекет тарапынан көтермеақы мен баспана алуға жеңілдетілген несие ұсынылады. Яғни тек 70 айлық есептік көрсеткішке тең сомада біржолғы көтерме жәрдемақы және қажеттілігіне қарай тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада 15 жылға дейінгі мерзiмге жылдық 0,01 процент мөлшерiндегі сыйақы мөлшерлемесімен бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау шараларын алу мүмкіндігі бар. Әлеуметтік көмек алған маман елді мекенде кемі үш жыл жұмыс істеуге міндетті.

Бағдарламамен баспаналы болған
Дипломмен ауылға барған Берік Сайфулмәлік бір реттік жәрдемақыны алып, бағдарлама талаптары жыл сайын жаңартылып, жастарға қолайлы жағдай жасалғанын айтты.
– Мен 2017 жылы Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін тәмамдадым. Оқытушы мамандығымен қызметімді С.Сейфуллин атындағы №165 орта мектебінде коммуналдық мемлекеттік мекемесінде жалғастыруды құп көрдім. Келген уақытта бірден мемлекеттік бағдарлама игілігін көруге ұмтылып, бір реттік жəрдемақы мен тұрғын үйге қол жеткіздім», – дейді ол.
Ал Қашақбай Пірімов ауылындағы мектепке физика пәнінің мұғалімі болып барған Ақмарал Құсанова дипломмен ауылға барғаны үшін үй алыпты. Жоғарыдағы әріптесі Берік Асхатұлы айтқан несиені уақтылы төлей алмау себебін ай сайынғы төлемақының мемлекеттен берілетін үстемеақы мөлшерімен жарыса көтерілуінен көреді.
– Мен үйді 2019 жылы 3 миллион 600 мың теңгеге алдым. Ай сайын 20 мың теңгеден төлеп отырамын. Ең жақсысы, бұл – процентсіз берілетін несие, сондай-ақ төлей алмай қалсаңыз да проценті өспейді. Бірақ адамның басында түрлі жағдай болады. Кейбір ауылдарда бала болмай, педагогтар жұмыссыз қалатын кездер кезігеді. Сондайда маман несие түгілі тамағына тиын таппай қалады. Жыл сайын үстемеақының артатыны жақсы, бірақ онымен бірдей төлемақы да өсіп отырады, – дейді Ақмарал Жандосқызы.
Мұғалімнің мәлімдеуінше, өткен жылдары 2 миллионнан аса несие ресімдеген әріптестері 15 мың теңгеден төлеп отыр. Ал қазір төлемақы мөлшері 20 мыңға өскен.
– Негізінен қалаға қайта кетіп қалатындар – жалғызілікті мамандар. Мәселен, менің отбасым бар. Жолдасым екеумізге жеңілдеу түседі. Бала-шағаңның сол шалғайда дүниеге келуі, жетілуі, өз үйіңнің болуы тұрақтап қалуға әсер етеді. Ал адам жалғыз болса, шешім шығару да, қалаған жеріне кетіп қалу оңай болады, – деген тәрбиешінің пікірінше, бағдарламаны жас отбасына берген жөн.
Аталған бағдарламамен №266 мектеп-лицейдің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гүлсайран Әбдінағи керісінше, жас отбасыларға ғана беру ұсынысын жөн көрмейді. Өйткені өзі жобаның негізгі талаптарын лайықты орындап отыр. Бір жағынан осында 4 жылдан бері табан аудармай еңбек етіп келеді.
– Мамандарды ауылдық жерлерде ұстап қалу мақсатымен отбасылы адамдарға ғана беретін болса, көп қамтылмай қалады. Онсыз да көбі қала іргесіндегі ауылдар мен аудан орталығына тұрақтағанды жөн санайды. Шалғай ауылдардан ауданға жұмыс ауыстырғандарды көрдім. Қолайсыздықтан, алыс болғандықтан кетеді, – дейді ол.
Оның айтуынша, қала мен аудан орталығынан әлдеқайда алыс ауылдарға баруға бел буғандардың көтерме жәрдемақысы жоғары болуы керек. Сондай-ақ берілетін көмек маман тұрақтаған жердің географиялық, әлеуметтік, экономикалық ахуалына қарай есептелгені жөн екен.
Бұл жауаптылардың құлағына қаншалықты жағымды ұсыныс екені белгісіз, бірақ түйткілдің бір түйінді тұсы – осында жатқаны анық. Өйткені бағдарламаның басты міндеті – ауылдық жерлердегі маман тапшылығын қамтамасыз ету. Біз бағамдай бермейтін екінші бір маңызды міндеті – қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының едәуір алшақтығын жою үшін бағдарламаның жоғарыда айтқандай өзегі саналатын педагогтарға жағдай жасау. Егер түпкірдегі нағыз шалғайды бетке алғандарға қаланың жанында орналасқан немесе инфрақұрылымы жолға қойылған аудан орталығында жұмыс істейтін мамандардан артықтау қолдау мен көмек көрсетілсе, бағдарламаның екі міндеті қатар орындалған болар еді.

Абзал ЖОЛТЕРЕК

20 наурыз 2021 ж. 2 347 0

Форум: Прогресс һәм жастар

28 желтоқсан 2024 ж. 88

Байқаңыздар, балақай!

28 желтоқсан 2024 ж. 88

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031