Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазалының келешегі кемел

Қазалының келешегі кемел

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұстанған саясаттың бірі – ашық де-мократиялық қоғам қалыптастыру болып табылады. Халық пен биліктің арасында бүкпесіз әңгіме, еркін пікір, жариялық болған жағдайда жақсы түсіністік орнайтындығы шындық.
Осы орайда, сейсенбі күні Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев облыс орталығындағы өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен ашық брифинг өткізген болатын. Кездесуде жаңа басшы ауданның хал-ахуалын, экономикалық оң үдерісін, алдағы жоспарларын ортаға салды.

ӨНЕРКӘСІП ӨНІМІ ӨСУДЕ

Жалпы, халқымызда «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» деген қанатты сөз бар. Еңбегі мен еңсесін тіктеген еліміз жылдан-жылға дамып, көркейіп келе жатқанына айдай әлем куә болып отыр.
Сондай сергек серпінмен Сыр өңірі, оның ішінде қазыналы Қазалы ауданының экономикасы да шапшаң ілгері басуда. Оның барлығы ерен жүректі Елбасымыздың салиқалы саясатының жемісі екені рас.
Мәселен, Қазалы ауданында жыл басынан бергі өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 9,2 млрд теңгені құрап, 2,9 пайызға артқан. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі бойынша 8 млрд теңгенің өнімі өндірілген.
Азаттығымызға жетіп, аяғымызды тәй-тәй басқан тұста Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы «Алдымен экономика, содан кейін саясат» деген қағиданы ұстанып еді. Кәсіпкерлерге кәсібін дөңгелетуге, қарапайым сөзбен айтқанда баюға, жақсы тұрмыс кешуіне жол ашқан болатын. Аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлының айтуынша, қазіргі таңда ауданда ірілі-ұсақты өз бизнесін дөңгелетіп отырған 4075 кәсіпкер бар. Оларда 8852 адам жұмыс істейді. Бұл аудан бойынша экономикалық белсенді халықтың 24 пайызын құрайды. Ал, бұдан бөлек кәсіп көзін тапсам, болашағымды баянды етсем деп талпынып жүрген жандар да көптеп кездеседі.
Биыл аудан кәсіпкерлеріне қаржы ұйымдары тарапынан 1,5 млрд теңгеден астам несие беріліп, қолдау көрсетілген. Нәтижесінде жыл басынан бері жаңадан 484 кәсіпкер тіркеліп, олар 623 адамды жұмыспен қамтыған. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға арта түскен.
Сырт көз, ниеті дұрыс емес жандар «қазақ жалқау халық» дейді. Шындығында қазақ жұрты әлімсақтан өте қайратты, қажырлы, еңбекқор ел. Неге десеңіздер, мал шаруашылығын әу, бастан кәсіп тұтқан. Қыстың күні қақаған қырауда, шілденің ми қайнатар ыстығында қазақтан басқа жұрт малдың ізінде жүріп көрді ме екен?!
Осы орайда, Қазалының маңдай алды өнеркәсібінің бірі «РЗА» АҚ ірі қара өсіру кешені мен сүт зауытының екінші кезеңін іске асыру арқылы мал басын 1200 басқа ұлғайтуды жос¬парлап отыр. Ал «Сыр Маржаны» ЖШС «Ет консервісін өндіру және шұжық шығару цехы» жобасын жүзеге асыру мақсатында Иран Ислам Республикасы инвесторларымен меморандумға қол қойылып, жобаны жүзеге асыру пысықталу үстінде.
Сонымен қатар, биыл кәсіпкерліктің дамуына тікелей ықпал етіп отырған «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы бойынша құны 315 млн теңге болатын 12 жоба екінші деңгейлі банк арқылы қаржыландырылды.
«Бүгінде аудандағы «Өндірістік аймақта» 4 жоба іске қосылып, 36 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұдан бөлек, жергілікті тауар өндірушілердің тауарларын делдалсыз өткізу мақсатында «Қазалы Керуен» біріккен кәсіпорны» ЖШС «Қалааралық автовокзал құрылысы» жобасын іске асыруда. Қазір 90 пайызы дайын. Жоба инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, келер жылы пайдалануға беріледі», – дейді аудан басшысы.
Аудан аумағынан 96 шақырымы өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізі бойынан сервистік қызмет көрсету нысандарын салуға 5 учаске белгіленген. Қазіргі таңда бір нысан пайдалануға берілсе, екі нысанның құрылысы жүргізіліп, қалған екеуінің құжаттары әзірленуде.

ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ

Қазалы ауданы – ауыл шаруашылығына негізделген аймақ. Қазалының еңбекқор егіншілері мен диқандары қай кезде де қажырлы жұмыстар атқарып келеді. Мәселен, биылдың өзінде ауданда 9,3 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Жыл ішінде салаға 135 млн теңгенің инвестициясы салынған. Әрине, аз қаржы емес. Бірақ, қайтарымы да жерге қаратпайды.
Ауылдық округтерде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып күн кешкен 38 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылған. Тас түйін, жұмысқа да сақадай сай. Кооперативтердің 27-і мал шаруашылығы, 9-ы егін шаруашылығы, 1-і мал шаруашылығы мен мал өнімдерін өндіру және 1-і көкөніс өнімдерін өңдеумен айналысады.
Соңғы екі жылда кооперативтер «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 467 млн теңге, өңірлік инвестициялық орталықтан 32 млн теңге қаржы алып, мал бордақылау жұмыстарын жүргізуде.
Биыл аудан орталығынан құрылған «Бахча» кооперативі Байқоңыр қаласы әкімшілігімен меморандумға отырып, Байқоңыр қаласынан 7 сауда нүктесін ашып, бақша өнімдерін өткізгенін жарыса жаздық.
Келер жылдың индикативті жоспарына 9 кооператив құны 117 млн теңге болатын 9 дана ауыл шаруашылығы техникасы мен құрал-жабдықтарын алуды жоспарлап отыр.
Осы жылы 17 000 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, егілген 6700 гектар күріштің әр гектарынан 45 центнерден өнім жиналды. Нәтижесінде ел қамбасына 30 мың тоннадан астам астық құйылды.
«Сыр Маржаны» ЖШС Иран кәсіпкерлерімен меморандумға отырып, сұранысы жоғары «ТоремХошеми» сортты күрішін келер жылы 150 гектар жерге ұлғайтып егуді жоспарлап отыр.
Машина-трактор паркі құны 281 млн теңгенің 28 дана ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарымен толыққан.
«Малым – жанымның садақасы» деген қазақпыз. Қазыналы Қазалы ауданының тумалары да осы ұстанымды ұстанады. Десе де ауданда төрт түліктің барлық түрінде өсім бар. Қазіргі таңда ауданда Зеңгі баба төлінен 36 115 бас мүйізді ірі қара, шопан ата төлінен 61 869 бас қой, шекшек ата төлінен 46 475 бас ешкі бар. Ал, қасиетті Қамбар ата тұқымынан 27 435 бас тұяқ желіп жүр. Сондай-ақ, 10 мыңға жуық түйе һәм 6 мыңдай құсқа көбейген. Негізінен, аудан бойынша барлық мал басының 3,1 пайызы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының, 29,1 пайызы шаруа қожалықтардың, 67,6 пайызы жеке жұртшылықтың үлесінде.
Жергілікті тұрғындар мемлекет берген тиімді мүмкіндіктерді де мүлт жібермеуге тырысады. «Құлан» бағдарламасы 211,3, «Сыбаға» бағдарламасы 61,8 пайызға орындалды. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша шаруа қожалықтары құжаттарын тапсырып, қаржыландыруды күтуде.
Бүгінгі күнге дейін 4375,3 тонна ет, 12564 тонна сүт өндірілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстарғанда 102 пайызға артық.

ЕЛ МЕНШІГІН ЕР ИГЕРЕДІ

Жер көлемі әлемдегі тоғызыншы орында тұрған тәуелсіз елдің 3 млн 760 мың гектары Қазалы ауданына тиесілі. Оның 1 млн. 556 гектары ауыл шаруашылығы жерлері болса, бүгінгі күнге дейін 30 пайызы игерілген.
Ауданның жер көлемі ауыл шаруашылығымен айналысуға жеткілікті әрі мүмкіндігі де жоғары. Ол үшін ең алдымен пайдаланылмай тұрған жерлерге су апару жұмыстары жүргізілуде. Биыл облыстық бюджеттен бөлінген 79,4 млн теңгеге аудан аумағындағы 89 ішкі шаруашылық каналы құжаттандырылыпты. Бұл меженің алдағы уақытта да ілгерілейтініне сенім зор.
Осы бағытта, карталық су арықтары мен карталық су тастау (сброс) жүйелерін құжаттандыру жұмыстары да басталып кеткен. Бұған облыстық бюджеттен 74,2 млн теңге құйылған. Каналдар толық құжаттандырылып болғаннан кейін оларды аудандық меншіктен республикалық меншікке өткізіп, механикалық тазалау жұмыстары жүргізілмек.
Бұдан басқа аудан әкімінің айтуынша, келер жылы мемлекеттік жер қорындағы 12 мың гектар жер шаруа қожалықтары мен жеке тұлғаларға аукцион және конкурс арқылы беріледі. Осының барлығы ауданда кәсіпкерлік саласының одан әрі дамуына мүмкіндік береді деп көзделуде.

ӨҢІРДІҢ ӨСКЕНІ – ӨРКЕНИЕТКЕ КӨШКЕНІ

Аудан әкімі М.Ергешбаевтың брифингте журналистерге айтқан мәліметінше, Қазалы ауданы бойынша тұрғын үй құрылысын сұрап жазған өтініштер санын азайту мақсатында 5 жаңа қоныстану аймағы игерілу үстінде. Өткен айда инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген Әйтеке би кенті мен Басықара автожолы бағытындағы 56 гектар жер учаскесінен тұрғын үй салу үшін 200 адамға жер учаскелері берілген болатын.
Алдағы уақытта қалған 180 және 210 гектар жер учаскелері бойынша тағы 1000-нан астам тұрғынға жер берілмек. Қазір аталған жер учаскелеріне жол салу, электрмен жабдықтау, ауыз сумен қамту, газ жүргізу жұмыстары жүруде.
«Қазалы қаласы бойынша да көлемі 180 гектар жер учаскесінде салынатын тұрғын үйлерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстарының жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Жақында құрылыс жұмыстары басталады. Сонымен қатар, 81 гектар жер учаскесі бойынша жол салу, электрмен, ауыз сумен, газбен жабдықтау жобасы әзірленуде. Бұл екі учаскеден тағы мыңға жуық жер учаскесі ашылады.
Жалпы, осы жұмыстардың негізінде алдағы уақытта үш мыңға жуық қазалылыққа жер берілмек. Болашақта қала мен кенттің қосылуы нәтижесінде бұл орын үлкен орталыққа айналатын болады» – дейді аудан әкімі.

ЖАНҒА ЖАЙЛЫ ҒИМАРАТТАР

Қазалының көркі жылдан жылға артып, көркейіп, жаңа ғимараттар бой көтеріп келе жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Оған осы жердегі әрбір тұрғын куә десек қателеспейміз. Сәні мен салтанаты келіскен зәулім сарайлар кім-кімнің болмасын көңіліне қуаныш сезімін ұялатады. «Ауылдың ажары кіріп келе жатыр» деп мақтанады. Марқайтады.
Ағымдағы жылдың өзінде Қазалы ауданында 4 млрд астам қаржының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Әйтеке би кентіндегі №216 мектепке қосымша құрылыстар салу жұмысы, Бірлік, Лақалы, Майдакөл, Шилі, Шәкен елді мекендеріндегі 5 апаттық жағдайдағы мектептер мен Жалаңтөс батыр ауылынан 150 орындық ауылдық клуб құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Әлемдік экономикалық дағдарысты білген, жете түсінген жанға, аз жетістік емес. Дәл осы жерде аңызға айналған Әбіш Кекілбайша айтсақ: Бағалай біліп, бақ қондырып, қуана отырып құт қондырғанымыз абзал.
Сонымен қатар, Жанқожа батыр ауылынан 50 млн теңгеге спорт кешені салынуда. Келер жылы пайдалануға берілсе ауыл спортына жасаған ең үлкен жақсылықтың бірі болмақ. Мұнымен қоса өткен жылы басталған Әйтеке би кентіндегі 150 төсектік орталық аудандық аурухана Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында пайдалануға берілетінін сүйіншілей берсек те жарасатындай.
Бұл құрылыс қарқыны Қазалыда бұнымен тоқтамақ емес. Тұрғындардың көбісінің көкейінде осы уақытқа дейін «Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің арасы қосылса біздің аудан қандай болар екен?» деген заңды сауал да туғандығын жоққа шығармаймыз. Ол келешектің еншісінде болса да, оған аз уақыт қалған секілді. Оған әлі де екі аралыққа аспанмен астасқан ғимараттар керек-ақ. Осы бағытта келер 2018 жылы да бірқатар құрылыстарды бастау жоспарланып отыр. Аудан басшысы брифингте Әйтеке би кентінен алты жүз орындық мәдениет үйі мен аудан әкімдігінің ғимаратын бастауға 400 млн теңге қаржы мәселесі шешілгенін жеткізді.
Бұдан басқа, жаңа тұрғын үй аймақтарын инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге 300 млн теңгенің жобасы қолдау тапты. Сондай-ақ, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасына сәйкес Әйтеке би кентінен он сегіз пәтерлік алты жалдамалы көп қабатты тұрғын үй құрылысын салу жобасы әзірленді. Құрылыс жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне келер жылы берілмек.

БЫЛТЫР МЕН БҰЛ ЖЫЛЫ – 4 МЫҢ ҮЙ ЖЫП-ЖЫЛЫ

Ел аузында «Газ келді дегенше, жаз келді десейші» деген қуанышты сөздің талай айтылып жүргенін естідік. Ал, оны сезінгендегі бақыттың орны бір бөлек. Бұрынғыдай қақаған қаңтарда дірдектеп күл алып, әлсін-әлісін отқа көмір салудың да ауылы ауданнан алыстап бара жатыр. Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентіндегі тұрғын үйлердің елу пайызға жуығы көгілдір отын игілігін көріп отыр.
Жиында Қазалы ауданының әкімі М.Ергешбаев:
– Биыл облыстық бюджеттен 102 млн теңге бөлініп, он екі әлеуметтік нысан газға қосылған. Алда тағы жүз елуге жуық мекемені (16 мемлекеттік мекеме, 4 емхана, 4 мектеп, 3 спорт кешені, 5 балабақша, 115 кәсіпкерлік нысаны) газ құбырына қосуға облыстық техникалық шарттары алынған.
Бұл мәселе бойынша аудан халқына жеңілдіктер де қарастырылған. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-мен меморандумға отыру нәтижесінде тұрғындарға газ желісін қосу қаражатын пайызсыз бөліп төлеуге келісілген, – деді.
Соның арқасында жыл аяғына дейін көгілдір отын тұтынатын тұрғындар саны да өспек.

ҚҰБЫР ТҰРСА БҮЛІНБЕЙ, СУ АҒАДЫ КІДІРМЕЙ

«Су – тіршілік көзі» деген. Сыр топырағында су мәселесі өзекті тақырыптың бірі болса, оның шешімін табу үшін түрлі жұмыстар жасалынып жатыр. Қолдан келгенінше атқа мінген ағалар ойдағы мен қырдағыға судың дұрыс жетуін қамтамасыз етуде. Осы мақсатта елеулі істер елдің көз алдында өрбуде.
Аудан әкімі келтірген дерекке сүйенсек, биыл Қазалы ауданында он төрт мың текше метрлік су қоймасы салынған. Қазіргі таңда аудан халқы үздіксіз ауыз сумен қамтылды.
Сондай-ақ, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қазір Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласына ішкі су желісін жүргізу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Ауданда кәріз жүйесін іске қосу мәселесі де қарастырылуда. «Әйтеке би кентінің су бұру жүйесінің құрылысын салу» жобасы бойынша мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алып, шешу жолдары қарастырылуда. Жобада 18 дана кәріз насос стансасы, 1 дана кәріз тазалау құрылғысы салыну жоспарланып отыр.

ЖОЛДЫҢ ЖАЙЫ – ЕЛДІҢ ЖАЙЫ

«Жол азабын жүрген біледі» деген. Бауырмал батпақты күндері ойқы-шойқы, кедір-бүдір жерлермен жүруді құдай басқа салмасын. Қас қылғандай жаныңнан өткен көліктің дөңгелегі ойпаңдау жерге түсіп кеткендегі лайсаң судың шашырауын жұлдызы қарсы жанның да басына тілемеспіз. Көлік демекші, темір тұлпарды тізгіндеген жандарды да жол мәселесі титықтатқанын айту ләзім. Жамалған жерді қайта бұзып, қайта жамап асфальт бетін Аяз бидің қырық жамау шапанындай етіп те болғанымыз рас. Оны көре, біле тұра үндемей кетсек қаламға серт екенін іштей ұғынамыз.
Көзге түсер басты жәйттің бірі болған соң, «баяндама не дейді екен» деп едік. Көңілге медет болар қолдағы дәйекпен бөлісуді жөн көрдік.
Аудан әкімінің баяндауынша, биыл Қазалы ауданында барлығы 562,0 млн теңгеге жол жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал келер жылы жалпы құны 5 млрд 643 млн теңгеге ұзындығы 141 шақырым болатын аудандық маңыздағы автомобиль жолдары мен елді мекенішілік көшелер орташа және күрделі жөндеуден өтпек. Олар: «Қазалы – Қожабақы – Бозкөл – Кәукей», «Өркендеу елді мекеніне кіре беріс-Жанкент, «Қожабақы – Бекарыстан би», «Басықара – Абай – Өркендеу» аудандық маңыздағы автомобиль жолдары мен Әйтеке би кентінің 68 шақырым болатын 55 көшесін жөндеу жұмыстары.
Сонымен қатар, Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы аралығындағы автомобиль жолын қайта жаңғыртуға жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін облыстық бюджеттен 16,8 миллион теңге бөлінеді деп жоспарланып отыр.
Дініміздегі ең бір сауапты істің бірі – көпір салу. Осы автомобиль жолдары бойындағы көпірлерді жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалмапты. Көптен бері өңірде шешімін күтіп келген маңызды сұрақтың бірі – көпір мәселесі оң шешімін тапқанын жақсы білеміз. Өткен айда Әлсейіт өткеліндегі темірбетон көпірінің құрылысы басталды. Оны естігенде алыс-жақын жердегі ағайынның қуанбағаны жоқ шығар. Биыл оның құрылысын бастауға республикалық, облыстық бюджеттерден 550,0 млн теңге бөлінген. Дарияның арғы бетіндегі 15 мың халық келер жылдан бастап төте жол арқылы аудан орталығына қатынайтын болады. Осы көпірге байланысты өткен ғасырдың орта шенінде сексенге келген бір ақсақал: «Осы жерге көпір салынғанын көрсем екі дүниеде де арманым жоқ» деген екен. Міне, бұл көпір тек бір адамның ғана емес, тұтас әлеуметтің асыл мұраты десек қателеспейміз. Ал оның үстімен өтетін күнде алыс емес.
Аудан басшысы тағы бір жайтты сүйіншіледі. Жақында ғана «Бозкөл – Тасарық» аудандық маңыз¬дағы автомобиль жолының 22 шақырымындағы темір-бетон көпірінің құрылысы мәреге жетті.
Дарияның арғы бетіндегі ағайынды қуантып қояр жаңалық бар. «Қожабақы – Бекарыстан би» аудандық маңыздағы автомобиль жолының 25 шақырымындағы темірбетон көпірін қайта жаңғырту мәселесі де көп ұзамай шешіледі екен.

ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫС – ТАУДАЙ ЫРЫС

Бәз-біреу: «Қазіргі заманда жұмыс табу қиын» десе, екіншісі: «Екі қолға бір күрек табылады» деп жігерін жаниды. Иә, адамдарға ауызды берген Құдайдың нәсіпсіз-нәпақасыз қалдырмайтындығы белгілі.
Ауданда жұмыссыздықты жою бағытында жүйелі істер жүргізіліп жатқанын, оған биліктің білек сыбана кіріскені көпке аян. Оған жаңадан ашылып жатқан кәсіпорындар, жаңа ғимараттар дәлел.
Сөйле, цифр! Жалпы жұмыссыздық деңгейі өңірде 5 пайызды құрапты. Жыл басынан бері жұмыс іздеуші ретінде хабарласқан 2652 адамның 994-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Аз емес, десе де көбейетініне көңіл сенеді.
Халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды жаппай кәсіпкерлікке ынталандыру мақсатында биылдан бастап жүзеге асырыла бастаған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының бірінші бағыты аясында биылға қысқа мерзімді қайта даярлау курсына 400 адам оқытылған. Кәсіптік оқуға 211 адам жолдама арқылы оқу орындарына жіберілген. Оқып, тереңдей тоқып келсе, жұмыссыз сенделмейді деген ойдамыз.
Брифингте аудан әкімі М.Нәлхожаұлы бағдарламаның екінші бағытындағы «Бастау Бизнес» жобасы аясында жоспарланған 222 адам оқу курсынан өтті. Нәтижесімен құны 289,4 млн теңге құрайтын 59 жоба қаржыландырылып, 75 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, жыл соңына дейін 69 млн теңге несие қаражаттары толығымен игерілетінін айтты.
Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқылы еңбек нарығын дамыту және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруға негізделген бағдарламаның үшінші бағытында 703 адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылса, оның ішінде 60 адам тұрақты жұмысқа орналасты.

ҚУАНА БІЛМЕГЕНГЕ ҚҰТ ҚОНБАЙДЫ...


Осыдан он жыл бұрынғы Қазалыны көз алдыңызға елестетіңізші. Қандай еді?! Басқа, басқалай сол уақыттағы ауданның білім жүйесі мен мектептерінің кескін-келбеті көз алдыңызда бар ма? Ол тұста жаңа мектептер түгілі, апаттық жағдайдағы білім ордалары да көптеп кездесетін. Кейбір қара шаңырақ білім ошақтарында қыстың күні оқушылардың сырт киіммен отыратынын да еститінбіз. «Естіген құлақта жазық жоқ» расы сол еді.
Ал 2009 жылы ауданда тұңғыш рет жаңадан 1200 орындық №249 мектеп-лицей пайдалануға берілгенде қуанбаған жұрт жоқ шығар. Талайлардың арманына айналып, ата-аналары «балаларымызды сонда оқытсақ, шіркін!» деп тебіренетін. Мектеп жасындағылар «Осы ғимаратта оқыр ма едім!» деген қиялға берілетін. Тіпті, осы мектепке оқу үшін шалғайдағы қоныстардан келіп, оқушылардың тума-туысының үйінде жатып оқығанын да көрдік. Одан кейін мемлекет басшысының салиқалы саясаты арқасында жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай жаңа мектептердің қаулай бастағанын көрдік. Қуандық. Күпірлік етпей, шүкірлік дедік. Егемендікке есендік айтып, ел ағаларына алғыс арқалаттық.
Сол жағымды жаңалықтар көші жылдан жылға толастамады. Биылдың өзінде Қазалы ауданында Бірлік, Лақалы, Майдакөл, Шилі, Шәкен елді мекендерінен 5 жаңа мектеп пайдалануға берілгенде бас киімізді көкке аттық. Апатты мектептер мәселесі толығымен шешілді. Бұл – азаттығымыздың, егемендігіміздің жемісі.
Сонымен қатар, Қазалы қаласындағы №95 орта мектептің шатырына күрделі жөндеу, Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп-лицейге ағымдағы жөндеу жүргізілді. 3 мектеп-лицей, гимназия және оқушылар үйі робототехника кабинетімен жабдықталды.
Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу бағытында барлық 36 мектепке бейнебақылау камералары орнатылуда.
11 сынып оқушыларын Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындығын күшейту мақсатында Арал ауданында орналасқан «Қамбаш» балаларды сауықтыру орталығына 500 оқушы жіберіліп, қосымша оқытылды.
Ауданда 3-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамтылған.
Міне, осы жаңалықтарды аудан әкімі журналистерге қуанышпен жеткізді.
Иә, саусақ бүгіп тізбектей берсек жағымды жаңалық өте көп. Қайсыбірін айтайық. Сондықтан, бағалай біліп, бақ дарытып, қадірлей біліп, құт қондыруымыз қажет.

ДЕНСАУЛЫҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫН – ОЙЛАУ КЕРЕК ӘРДАЙЫМ

Біздің қоғамның басты байлығы – адам және адамның денсаулығы екені рас. Оны айбынды Ата заңымыз да айғақтайды. Осы орайда тұрғындардың денсаулығы, олардың дұрыс ем алуы біздің күнделікті назарымызда. Қазалы ауданында тұрғындардың денсаулығын жақсарту күн тәртібінен түскен емес. Есепті кезеңде 1381 туылым, 343 өлім тіркелген.
Кездесу барысында М.Ергешбаев:
– Ауданда ана өлімі жоқ. Сәбилер шетінеуінің көрсеткіштерінде төмендеу тенденциясы бар. Көрсеткіш 9 – 6,5 болды. Ал туберкулезбен бірінші рет ауырғандар – 38 адам. 100 мың тұрғынға шаққанда 49-9.
Өткен жылы құрылысы басталған 150 орындық аурухана осы айда пайдалануға берілмек. Қазіргі таңда заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықтау мәселелері шешілуде. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен «Ангиограф» медициналық аппараты алынып, Ресей елінің мамандарымен келісім жасалынды. Қазір жаңа ғимаратқа қондыру жұмыстары жүргізілуде. Жаңа аурухана жанынан аудандық емхана салу жоспарлануда. 250 келушіге арналған емхана құрылысын салу жобасының құжаттарын әзірлеуге облыстық бюджеттен 16,7 млн теңге бөлінген, – деген мәліметті жеткізді.

СЕРГЕК КӨҢІЛ – СҮЙКІМДІ ӨМІР

Аудан әкімінің айтуынша, Қазалы ауданында 23 000 адам, яғни халықтың 27 пайызы спортпен тұрақты түрде шұғылданады.
Жыл көлемінде 210 спорттық іс-шара өткізілді. Қазақстан Республикасының 5 спорт шебері, 15 спорт шеберлігіне үміткер және 16 спортшы І-ші разряд нормативін орындады. Спорт түрлері бойынша облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардан 22 алтын, 27 күміс, 39 қола медальға қол жеткізілді. Бір спортшы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.
«Қазіргі таңда аудан бойынша 30 жасанды спорт алаңдары бар. Оларды бүгінгі талаптарға сәйкестендіру мақсатында кезең кезеңімен жаңалау жоспарлануда», – дейді аудан әкімі.
Келер жылы 10 жасанды спорт алаңы жөнделіп, 2 жаңа алаң салынбақ. Сонымен қатар, орталық стадионға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Қазір Жанқожа батыр ауылында құрылысы жүріп жатқан 1 спорт кешені келер жылы пайдалануға берілмек.

Түйін:Облыс орталығында өтіп жатқан брифингте аудан әкімі Мұрат Ергешбаев айтқан ақпардан түйгеніміз осы. Жаңадан келсе де қызметте ысылған басшының Қазалыда ыстық ықыласпен жұмыс істейтіндігіне сенім зор. Жаңа әкім – жаңа қарқынмен қызмет атқарса, Елбасы тапсырмасы мен аймақ басшысының үкілі үміті ақталады деген ойдамыз. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» деген бабалар сөзі бар. Селкеусіз сенім артайық.

Есет ТАБЫНБАЕВ.
11 желтоқсан 2017 ж. 1 636 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031