Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қымыз – көптің ырысы

Қымыз – көптің ырысы

Соңғы уақытта қазақтың ұлттық сусыны қымызды немістер патенттеп алды деген жаңалықты жиі естіп жүрміз. Мұндай қаны қазақ боп туған әрбір азаматтың наразы болары анық. Қымызды өз брендіміз ретінде шет елге ұсыну жағы бізде әлі де болса кенжелеп тұр. Ұлттың өзіндік ерекшелігін айқындайтын сусынға сырттан сұраныс көп болғанымен, отандық өнім ретінде көрсетпеуіміздің салдарынан өзгенің иеленіп алуына әкеліп отыр.
Қазіргі таңда немістер патенттелген сусыннан бөлек, бие сүтінен қолданысқа қажетті заттар өндіруде. Атап айтар болсақ, сусабын, сабын, түрлі ұнтақ жасап, Еуропаның мемлекеттеріне шығаруда. Олардың негізгі мақсаты – осы кәсіп арқылы табыс табу болғандықтан, оның емдік қасиеті мен адам ағзасына тиер пайдасының маңыздылығын толығымен біле бермейтіні жасырын емес. Бие сүтінің денсаулыққа пайдасы туралы түрлі ақпарат құралдарында жарысып жазып жатқандығы сұраныстың артуына ықпал етіп отыр. Бірақ сатылымға шығару жағы дұрыс қолға алынбай жатқан елімізде қымыз өндірісін жолға қойып, атадан балаға мирас болып келе жатқан ескі дәстүрді бұзбай, табиғи күйінде ұсынатын өндіріс орыны бар. Осы бір қағиданы мақсат еткен отандық өндірістің бір жерде тұрып қалмай, жаңашылдыққа ден қойып, шетелдік компаниялармен бәсекелес болып жатқандығы көңіл қуантады. Олар осы арқылы әлемнің «қымыз тек қазақтікі» деп тануына мүмкіндік беруде.
Қымыздың көп ауруға ем екені бұрыннан айтылып келеді. Бұл туралы тарихи деректерде түрлі дәлел келтірілген. Мысалы, қымызды пайдалы сусын ретінде ғана емес, толыққанды ас ретінде қолдануға болады. Яғни оны ішкен адам басқа тағамды тұтынбай-ақ тоқ жүреді. Егер астан соң ішілсе, тез қорытылуына мүмкіндік беріп, метаболизмді жақсартады. Бұл турасында ең алғашқы қымызбен емдеу орталығының ашылуына себепкер болған дәрігер В.Толстиков «Қымыз асқазанды ыстап, адамды әлдендіреді, тәнін жаңғыртады», – деген. Орыс ғалымдары қымыздың емдік қасиетін тереңінен зерттеп, түрлі аурудың алдын алатынын, оның ішінде адам бойында кездесетін С витаминінің (аскорбин қышықылы) жетіспеушілігінен туындайтын құрқұлақ ауруына ем болатынын дәлелдеген.
Жалпы қымыздың ең алғашқы емдік қасиеті туралы ақпарат грек тарихшысы Герадоттың жазбаларынан бастау алады. Дегенмен ол қымыздың емдік қасиеті бар екенін ғана айтып, дайындалуын құпия сақтауды жөн көрген. Ал француз саяхатшысы В.Рубринас несеп ауруларына дауа болатынын айтқан. Қазақ ғалымы Ш.Уалихановта осы аты жаман аурумен ауырып, емін қой еті мен бие сүтінен іздегенін бәрі біледі. «Ауруын дендеп, асқындырып алмағанда бұл дерттен айығуына мүмкіндік болатын еді» деген пікірлер айтылып жүр.
Қымызда адам ағзасына қажетті элементтер мол. Құрамындағы В, В2, В12 витаминдері жүйке ауруларына ем. Сусын организмге жан-жақты әсер етіп, ас қорыту, жүрек қан тамырлары, жүйке жүйесі және де басқа да органдардың қызметін жақсартады.
«Үйірілген сары алтындай сары қымыз,
Ауруға – ем, сауға – қуат, дәрі қымыз», – деп жырлаған Ж.Жабаев атамыздың өлең жолдары біраз нәрсені аңғартып тұрғандай. Тіпті халық арасында қымыз қырық ауруға ем екендігін айта берсек те таусылмақ емес.
Сусынның түрлі ауруға дауа болатыны неміс, жапон ғалымдарының қызығушылығын оятып отыр. Одан адам денсаулығы және оның күтіміне қатысты түрлі косметикалық өнім, дәрілік препаттар жасауға болады. Әйтсе де жазық далада еркін жайылып өскен биенің сүті мен арнайы технология арқылы алынған сүттен алынған өнімнің айырмашылығы бар екенін ғалымдар да жасырмайды. Өзге ел сусынды патенттеп алғанымен, қазақ қымызының дәміне жетпейтіні анық.
Қымызды терапиялық ем деп қарастыруға болады. Оның адам иммунитетін нығайтуда әсері мол. Асқазан, ішек құрылыстары мен бауыр ауруларына қарсы қолданылғанынан бөлек қандағы холестерин деңгейін төмендетіп, инфаркт, инсульт және өзге де созылмалы аурулардың алдын алуға көмектеседі. Бие сүтінің өзіндік ерекшелігі – табиғи қалпын бұзбай, ұзақ сақталатынында. Осы емдік қасиеттерді негізге алып, өнімді ұлттық ерекшелікті көрсететіндей брендке айналдырып, әлемдік деңгейде танытуға әрекет ету керек. Елде бұл кәсіпті дамытуға мүмкіндік жоқ емес, тек сонымен айналысатын сапалы кәсіпорындар аз. Өнімді өңдеуге арналған арнайы лабаротория салып, дайындау технологиясын одан әрі жетілдіре түсу керек. Сонда ғана нағыз отандық қымызды шетелге ұялмай ұсынуға толық мүмкіндік бар.

Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
16 наурыз 2021 ж. 4 272 0

Сақтық – саулық кепілі

04 мамыр 2024 ж. 62

Маңызды мәжіліс

04 мамыр 2024 ж. 39

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 65

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 77

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031