Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұялыдағы ұмытылмас оқиға

Ұялыдағы ұмытылмас оқиға

Ұялы халқын дүр сілкіндірген бұл оқиға 1958 жылдың қыркүйек айында болған еді. Көнекөз қариялардың айтуынша, теңіз жағалауындағы ауызбірлігі мол ел қай уақытта да тұтастығын сақтап, руға бөлінген емес. Бәрі бір отбасыдай ағайын-туыс секілді аралас-қоралас өмір сүріп жатқан кезең болатын. Дегенмен Жиеней руының ішінде Қазанбай аталығынан тарайтын Оспан баласы Қалмырза сол кезде Қазалы қаласындағы совхозтехникумда бірге оқитын Шөмекей рулы Базар Телеуқызы есімді жергілікті қызбен сөз байласады. Уәделескен қыркүйек айында оны туған ауылы Ұялыға алып қашады. Жер шалғай болғандықтан, жолда Қарабурада отырған ағайыны әрі жақын туысы Әлжан баласы Раманның үйіне аялдайды. Бұл жерде бұйырған сыбағалы асын ішіп, таң ертемен жолға шығу үшін дайындық жұмысына кіріседі.
Баласының келін алып келе жатқанынан хабардар Оспан ақсақалдың атағатсыздана күтіп отырғанын сезген Раман:
– Қой, балалардың өзін жібергенім жарамас, жеңгесі ретінде ағамның келінін апарып, құтты шаңырағына қондыр, – деп әйелі Дариханы қоса жібереді. «Енші айырыспаған ағайынды Раман, Жұбатқан, Жұбатқан баласы Асқар әжесі Дариханың бауырында тәрбиеленіп, ізінде жүргендіктен ол да бірге барсын әрі нағашыларына сәлем беріп қайтады» деп қайыққа отырғызып жібереді. Ол кезде қатынас көлігі қайық болғандықтан, отырарда Базар келіншек жүрегі қорқынышты үрей сезгенін айтады. Десе де қайықшы Өтеміс:
– Бірінші рет қайық ескелі тұрғаным жоқ, мініңдер! – деп желқомды қайықпен Қарабурадан шығып, жүзе жөнеледі. Жолда Ұзынқайырдан өтіп, Үлкендамбалдан Кішідамбалға жеткенде, алдынан пішеншілер кездесіп, теңіз бетінде толқын барын ескертеді. Алдағы ауа райының қолайсыздығын айтқанмен, Өтеміс қайық жүргізуден тәжірибесінің мол екенін алға тартып, тыңдамастан кете береді. Кішідамбалдың өзегіне келгенде, желқомды қайық толқыннан аударылып, қайық үстіндегі үш адам суға батады. Қалмырза мен Өтеміс жағаға жүзіп шығып, Дариха, тоғыз жасар бала Асқар, келіншек болып түскелі тұрған Базар сол жерде суға кетіп, қайтыс болады. Ал Қалмырза мен Өтеміс Асқардың әкесі Жұбатқаннан қорқып, түнгі бірге дейін сол жерде отырып, қас қарая бағанағы пішеншілер қосына келіп жатады. Бір уақытта таң ала көгімде пішеншілердің біреуі:
– Әй, сендер тегіннен-тегін келіп жатқан жоқсыңдар, бағанағы қастарыңдағы кісілер қайда? – деген сауал қойғанда ғана болған оқиғаны баяндап береді. “Неге түнде келген бойда бірден айтпадыңдар?” дегенде айтуға қорыққандарын жеткізді. Суыт хабарды естіген пішеншілер сол сәтте-ақ абдырап, улап-шулап, өзекке барса, суда үшеуінің денесі жатыр екен. Сол оқиғаны көзбен көрген адамдардың айтуына қарағанда, Базар өте көрікті қыз болса керек. Ұзын бұрымды шашы суға жайылып, жағаға жетер жерде қамыстан ұстап етпетінен қалған деседі.
Болар оқиға болды. Бұлардың өлімін әкесі Әлжанға естіртудің қаншалықты қиын екенін сезген ел-халық, әуре-сарсаңға түсіпті. Әлжан сол уақытта Тастыда отырған кезі. Балалары Раман да, Жұбатқан да ол шақта елде елтең-селтең қызмет жасап жүргенмен мінезді кісілер болатын. Үш бірдей өлімнің артының дау боларын сезген халық сеңдей соғысып, әбігерге түсіпті. Ел ақсақалдары жиналып, ішінде жасы үлкені әрі ағасы Алтынбай ақсақал Әлжанға былай деп естірткен екен:
– Әлжан, сенің балаң Асқар елгезек, тілалғыш, саятшыл бала ғой. Сол Асқарың ұзақ сапарға аң аулап кетіпті. Келінің Дариха Асқардың шайын қайнатамын деп ізіне еріп кетті, – деп түйіндесе керек. Сөз төркінін түсінген Әлжан сүйеніп тұрған керегесінен сыпырылып, буынынан әл кетіп отыра кетті. Қаралы хабарды естіген үй іші азан-қазан болып, жылап-сықтап, отбасы қара жамылып қалдық, – деп еске алады сол кезде 4-сыныпта оқитын оқиға желісін баяндаған Жұбатқанқызы Қияш апамыз.
Көнекөз қариялардың сөз саптау төркінінен нені ұғынуға болады. Алтынбай ақсақалдың Әлжанға балаларының өлімін естіртудегі тапқырлығы түсінген адамға үлкен философиялық ой туғызбай ма?! Бұл күнде бұндай терең ойлы қариялар некен-саяқ десем, қателеспеспін.
Жығылғанға жұдырық бола жаздаған және оқиға Тастыдан барлығымыз елден шығатын жалғыз көлікке мінгесіп, Қосшегендіге келе жатқанымызда жолдың ой-шұқырынан секірген кезде Әлжанның кемпірі Зибагүлдің қолында ұстаған айлық қызы Жарқынай ұшып кетеді. Борттың соңында отырған бір адам сәбиді қағып алып, аман алып қалған. Сол сәтте де Жарқынай қызымыздан айрылып қала жаздап, Қосшегендіге жетеді. Бір шидан үш бірдей мәйіттің жаназасы шығарылады. Оларға Сұлутөбенің етегінен топырақ бұйырып, мәңгілік мекеніне табыстап қайттық.
Ал Қазалы қаласындағы Базардың әкесі Телеуге қызының қазасын естірткен Сейіл ақсақал екен. Телеу келіні Сәнімнің айтуынша, ол кезде қаланың батыс беткейінде «ленскипут» деп аталатын жерде екі бөлмелі қоржын тамда тұратын.
– Ымырт түсе үйге екі кісі келді. Енем маған атаңды оят, адам келді, – деп тапсырғасын масаханада жатқан атамды ояту үшін сыртқа шықтым. Біздің есіктің алдында анадай жерде ақ орамал жамылған оншақты адам отыр екен. Бойымды үрей билеген күйі атамды ояттым. Ол үйге кіргенде, үй іші азан-қазан болды да қалды. Сол сәтте әлгінгі далада отырған ақ орамалды әйелдер үйге кіріп, екі-үштен қосылып, бір тобы енемді ұстаса, екіншілері атамды демеп, басу айтты. Жалғыз қызының қазасын қабылдау ата-енем үшін өте ауырға соқты. Себебі баладан таршылық көріп тапқан ұл мен қыздың бірінен айрылу олар үшін ауыр болады. Бәріне уақыт емші демекші, кейіннен Қалмырза кешірім сұрап Базармен жүрегінің мәңгілік бірге екенін айтады. Жылап-сықтап, қош айтысқанымыз әлі күнге есімде, – деді Сәнім әжей.
Қалмырза ағамыз кейіннен Сақып есімді қызға үйленіп, 2020 жылдың қараша айында дүниеден озды. Міне, бір бола алмай қалған қос ғашықтың қайғылы оқиғасы.


Әбілқасым РАМАН
16 наурыз 2021 ж. 2 903 0

Сақтық – саулық кепілі

04 мамыр 2024 ж. 51

Маңызды мәжіліс

04 мамыр 2024 ж. 34

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 60

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 72

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031