Ауруханадағы оқыс оқиға жөнінде түсініктеме берді
Демалыс күндері Қызылордадағы сужаңа балалар ауруханасының бесінші қабатында орналасқан пульмонология бөлімінің төбесі ортасына түсті. Бұл туралы Nur.kz порталында хабарланды.
«Кешке таман көрші палатада тарсылдаған дыбыс шыққан соң жүгіріп барсақ, төбедегі сылақ опырылып бір әйелдің басына түскен. Құдай сақтап, бес айлық баласы аман. Дереу дәрігерлер келіп, зардап шеккен келіншекті алып кетті. Біз қорқып ауруханадан шығып кеттік», – дейді аты-жөнін айтуды қаламаған куәгер.
Облыстық балалар ауруханасы болған жәйтті растады. Аурухана 2016 жылдың желтоқсан айында ғана қолданысқа берілген.
– Келіншек төсек астынан баласының заттарын алмақ боп еңкейген кезде төбедегі сылақ опырылып мойнына түскен. Абырой болғанда баласы дін аман. Зардап шегушіні дереу толық тексеруден өткіздік, ауыр жарақат алмапты. Қазір біз бесінші қабаттағы осындай төбесінің сылағы түскелі тұрған үш палатаны анықтап, есіктеріне құлпы салып қойдық. Аурухана басшығылы құрылыс компаниясының өкілдерін шақырып жөндеу жұмыстарымен келісіп жатыр, – деді пульмонология бөлімінің меңгерушісі Ақмарал Төлебекқызы.
Nur.kz порталында жарияланған оқыс оқиғаға байланысты бүгін облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі түсініктеме берді. «Оқиға орнында болған емделуші баланың анасының басына сылақ жарықтары түскен. Келіншекті қалалық ауруханаға апарып медициналық тексеруден өткізіп, компьютерлік томография жасалды. Қазіргі кезде жағдайы тұрақты. Тексеру қорытындысы бойынша «патологиялық өзгеріс жоқ» деген анықтама берілді. Аурухана құрылысын жүргізген «Дәнекер» ЖШС-не ескерту беріліп, жұмыс жасалды. Төбе сылақтары қалпына келтірілді», - делінген хабарламада.
syrboyi.kz