Денсаулық дәнекерлері
Қазалыдағы теміржол ауруханасының халыққа қызмет еткеніне ғасырдан асты. Бұл жерде жергілікті тұрғындардан бөлек Арал, Қармақшы аудандарында тұратын теміржолшыларға, олардың жанұяларына, теміржолшы зейнеткерлерге көмек көрсетеді. Ақхалаттылар жоғары медициналық көмек көрсетумен қатар адам жанын қоса емдеп, үзілген үмітін қайта жалғайды. Аурухана заманауи құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген.
«Бірінші байлық – денсаулық» деп тегін айтпаса керек. Дәрігер – денсаулық дәнекері. Медициналық мекемеде мамандығын мақтаныш тұтып, алғыс арқалаған қаншама үлгілі жан бар. Ал бір шаңырақтан үш медицина қызметкері шығуы сирек кездеседі. Алайда Ғабидулла Сарықұлов пен Алтынкүл Көлбаеваларды осындай отбасы қатарында. Олардың келіні де «Болат жолында» медбике болып қызмет атқарады.
Алтынкүл апа – 40 жылдық еңбек өтілі бар бала дәрігері. Қосымша дерматолог ісін меңгерген. Отағасы Ғабидулламен бірге бір сыныпта оқыған. Мектеп қабырғасындағы достық ықыласты махаббатқа ұласады. Бүгінде ұлдарынан тараған 5 немерені тәрбиелеп, негізгі жұмысына да үлгеруде.
Ғабидулла Ләтиұлы білімін Қарағанды мемлекеттік медицина институтындағы санитарлық-гигиеналық факультетінде жетілдірген.
– Бүгінде студенттік шақта бірге оқыған бөлмелестерім Бекен Жұмабек пен Зият Әбделеев медицина ғылымының докторы атағын абыроймен алып жүр. Оқу бітіргелі бір-бірімізден көз жазбадық. Әлі де араласып тұрамыз, – дейді Ғабекең.
Отбасының тірегі болған ағеден азамат қазіргі санитарлық эпидемиологиялық басқармасына қызметке тұрғанына да тура 35 жылға жуықтапты. Әуелгіде аудандық санитарлық-эпидемологиялық станциясының санитарлық дәрігерінен бастап, бөлім басшылығына дейін көтерілді. Ақадал еңбегінің арқасында осы күні басқарма басшысының орынбасары лауазымын абыроймен атқарып жүр.
Ал Алтынкүл Әбдікәрімқызы Алматыдағы мединститутта оқып, оны үздік бітірген.
– Ауылда қазақша білім алған бізге орыс тілінде өтетін сабақтарды меңгеру қиынға соқты. Дегенмен ынта болса кез келген ауырлықты еңсеруге болады. Топтағы орыс тілділерден қалыспаудан туған жігермен оқуымды жақсы аяқтап шықтым. Ұйқымыз шала болғанына қарамастан күн-түн кітаптан бас көтермейтін едік. Себебі ол кезде талап қатты болды. Қызметке келгенде білікті дәрігерлер: А.Ержанов, Ж.Қазмағамбетов, Қ.Ршымбетов, А.Дәрібаева, С.Адаевтардан тәрбие алдым. Қазір шүкір зейнет жасына да жетіп қалдым, – дейді өнегелі ана.
Маман ретінде Алтынкүл Көлбаева оқырмандарға берген кеңесінде, баланың жылына 8-12 рет асқынусыз ауыруы қалыпты дегенді алға тартады. Оның айтуынша, ешқандай иммунитет көтеретін витамин, дәрі керек емес. Сәби жиі ауыру себебі – ең алдымен иммунитет ерекшелігінде. Балаларда физиологиялық иммун жетіспеушілігі болады. Бұл диагноз емес, табиғи жағдай. Мұндай кезде балақайдың иммунитет жүйесі басқа да ағзалар сияқты толық жетіліп үлгермейді. Бөбек терісі мен кілегей қабатының қорғаныс қабілеті төмендігінен инфекцияның кіретін негізгі қақпасы осы жер. Сондықтан дұрыс күтім қажет, бөлме ауасы ыстық болмауы керек. Нәрестеде бактерия, вирустарға қарсы тұратын антидене өндірілуі әлсіз. Сол себепті де вакцина салынады екен. Ал таза ауаға шығармау, бөлме ыстық болу, үнемі қалың киіндіру, өз бетімен түрлі дәрі беру ата-ананың басты қателігі болып саналады.
Алтынкүл Әбдікәрімқызы қырық жылдан бері алдына келген анаға нәресте денсаулығына қатысты келелі кеңес беріп келеді. Сырқаттанған балаларға ем-дом жасап, күн сайын келушілердің алғаусыз алғысына бөленуде.
Айнұр ЖИЫЛЫСҚЫЗЫ