Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Нанның наласына қалмайық

Нанның наласына қалмайық

Бала күнімде үлкендер «біз бұрын бір үзім нанға жарымай өскенбіз, сендер қазір тоқшылықта өмір сүрудесіңдер» деп жиі айтып отыратыны есімде. Расымен, ата-әжелердің талай қиын қыстау кезеңдерді әрі қилы заманда бір жапырақ нан таппай, ашаршылықты да басынан кешіргенін білеміз. Сондықтан да ағалар дастарқан басында нанның өзге астан да үлкендігін әрдайым сөз етіп отырады.

Бірақ соңғы уақытта оны, қадірлеудің орнына үлкен ысырапшылдыққа жол берудеміз. Батыс елінен бастау алған кейбір дәстүрлер, айтар болсақ, туған күн мерекелерінде қуаныш иесінің бетіне тәтті тортты жабыстыру үрдісі, басына ұн шашу сәнге айналуда. Бұл нанға деген үлкен құрметсіздік. Кейде осы бір дүниеге еріксіз куә болып жүрміз. Үйде ата-ананың асқа құрмет көрсету жөнінде бірауыз ақыл айтпағаны ма деген ой келеді.
Жуырда ғана әлеуметтік желіні парақтап отырып, осындай бір жағдайға тап болғанмын. Балалары өзінің егде тартқан анасының туған күнін құттықтамақ болып, оның бетіне торт жабыстырады. Балаларынан мұндайды күтпесе керек, анасы түк түсінбей жан-жағына қарайлап қалды. Анасының сол кездегі күйі сырт көз үшін өте аянышты.
Қала берді қоқыс жәшігінің маңында, көше бойындағы отырғыштар жанында төгіліп жатқан нанның қиқымын көресіз. Оны жоғарыға көтеріп жатқан бір адам жоқ. Осындай көріністерден соң санада «неге нан қадіріне жете алмай жүрміз?» деген сұрақ туады. Расымен, үстел басында ең алдымен наннан ауыз тиіп, содан соң ғана басқа асқа кезек беретін халық үшін оның қадірі осыншалықты төмен болғаны ма? Нан қашанда молшылық пен тоқшылықтың белгісі деуші едік, әлде «біреу тойып секіреді», – дегендей баршылықты көтере алмай жүрміз бе?
Негізінен «нанды қастерлеп, қадіріне жетпесең, оның киесі ұрады, кепетіне ұшырайсың», – деген аталар сөзін құлағына құйып өскен әр жанның нанға деген құрметі жоғары болу керек-ті. Келген қонақты да үйден ас-суын беріп, шығарып саламыз. Асығыс жүрген адам табалдырықты атамаса да нан ұсынамыз. Ауыз тиген жан өзінің ізгі тілегін білдіріп жатады. Осыдан-ақ адамдар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуда ұсынылған дәмнің маңызы зор екендігін аңғаруға болады. Халқымыз айтып кеткен «Бір күн дәм татқан жерге қырық күн сәлем» деген тәмсілдің айтары осы болса керек. Асқа, оның ішінде нанға деген құрметінің астары әлдеқайда тереңде жатқандығы көрініп тұр.
Тамақтың асылы – нан. Оның құнын ештеңемен өлшеуге болмайды. Оған өзіміз естіп-біліп жүрген халық даналығындағы «Алтын, күміс – тас екен, арпа, бидай – ас екен» деген сөз дәлел болса керек. Дастарқанда басқа тағам болып, ортасында нан болмаса, бос тұрғандай болып көрінеді. Осыдан-ақ нанның берекеге толтырып тұратын қасиеті барын байқауға болады.
Оның қасиетіне бойламай, ысырап етсек обалы бізге. Сондықтан нанды аяқ асты етуден, қоқысқа ­тастаудан аулақ болып, оның наласына қалмайық дегім келеді.
Арайлым ЖҮСІПОВА
11 наурыз 2021 ж. 2 386 0

Бүгінгі валюта бағамы қандай

05 желтоқсан 2024 ж. 29

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031