Ысырапты ұмытып барамыз

Уақыт өткен сайын туған күн тойлаудың өзі ақылдан тыс модернизацияланып кетті. Бұрын қазақ туған күнді атап өтуді қажеттілік деп санамағанын тарихтан білеміз. Тек Мәуліт мерекесін тойлаған. Кеңестік кезеңде қуаныш иесінің қолынан алып, жақсы тілектерін арнау үрдіске айналды. Нарық дәуіріне өткенде шетелдегідей тортқа балауыз шамын жағып, тілекті өзіне айтқызып, алаушаларды үрлеп сөндіру “хит” болды. Тойлаудың жаңғыруы осымен тәмәм шығар деп ойладық. Қателескен екенбіз. Туған күн иесінің бетіне жас демей, кәрі демей ас атасы наннан жасалған тәттіні “кигізе” салатын салт өмірге келді. Осы тұсқа келгенде де “жетер енді, ысырапшылдыққа ығысып барамыз” деп ақылға келген адам саусақпен санарлық. Есесіне, мұндай аста-төк өрши түсті. Енді қазақтар тортты туған күн иесінің бетіне лақтыруды қойып, адамнан торт жасауды өнер қылды. Құттықтауға келгендердің бірі қуаныш иесін тырп еткізбей қысып ұстап тұрады, сосын іске аспаз достар қосылады. Әуелі жуындырғандай басынан аяғына дейін күнбағыс майын немесе тәтті сусынды төгеді. Бұдан кейін қалған құттықтаушылар торт жасау үшін өздерімен ала келген ұн, ұнтақ қант, жұмыртқа, құрғақ бояуларын бейшараның үстіне лақтырады кеп. Көпшілігі мұндай теріс қылықтардың қандай мәні бар екенін түсінбесе де, білмесе де мәз. Ал исламмен астасып жатқан қазақ дүниетанымында тек нанды емес, жеуге жарамды кез келген асты рәсуа етуге қатаң тыйым салынатынын біледі, бірақ жеңіл мәдениетке желіккен тобыр өз түсінігінде қалғанды жөн санап отырған секілді.
Ысырапшылдыққа қатысты барлық өсиет-өнегені біле тұра көпшілікте тыйымдарды елемеу түсінігі қайдан пайда болды деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Себебі, қазақстандық телеарналар мен бағдарламалар бұл үрдісті кеңінен насихаттап отыр. Әлеуметтік желілердегі блогерлердің ойлап шығарған түрлі эстафеталық ойындарының ішінде де сусынды далаға төгу, тамақты аяқасты ету көптеп орын алады. Теледидар тәрбие құралы екенін ескерсек, асты далаға шашу жұртқа насихатталып жатыр деп айтуға толық негіз бар.
Десек те, қоғамның бұл туралы пікірлері сан алуан. Әлеуметтік желілерде нанды тойдың бір декорациясына айналдырғандардың видеосы пайда болғанда желі белсенділері екіге бөлінді. Ондағылар: “Нанды қиқымына дейін қадірлеген халықпыз ғой, бұл дұрыс емес”, “Адамдар шүкіршілікті ұмытпасаңдаршы”, “Тойып секіргендердің кейпі ғой мынау” деп наразылық танытты. Сондай-ақ, “Мұнда әдемі құттықтаудан басқа ештеңе көріп тұрғаным жоқ”, “Баяғы заманды мысал ете бермеңдер ақылгөйленіп, қазір бұл жай тойлау сәні ғана”, “Туған күн иесінің көңілі көтерілсе болды емес пе?” деп кейіпкерлерді ақтауға тырысқандар да жоқ емес.
Негізінде «ысырап», «ысырапшылдық» сөздерінің түп-төркіні араб тіліндегі «исраф» сөзінен бастау алады екен. Бұл сөз бір нәрсені орынсыз, артығымен жұмсау, шектен тыс жарату деген мағыналарды білдіреді. Құранда Алла Тағала ысырапқа қатысты былай деген: «Жеңдер, ішіңдер және ысырап қылмаңдар. Шын мәнінде, Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» (Ағраф: 31). Сондықтан батыстан енген бұл үрдіске тоқтау қоятын уақыт жетті. Бәріміз де ата-әжеміздің нанның киесі болатындығы туралы айтқан аңыз-ертегілерін тыңдап өстік емес пе?
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ