"Нан ысырап болайын деп жатыр": Волонтер халықтан келген азық-түлік туралы
Арыстағы жарылыстан зиян шеккен азаматтарға көмектесіп жүрген волонтер өзі барған пунктіде нанның ысырап болып жатқанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Тәуке хан мектебінде құрылған эвакуация пунктіндегілер қазір азық-түлікпен толық қамтамасыз етілген. Нан да бәріне жеткілікті, құдайға шүкір. Нан мәселесін айтар болсақ, көп келуіне байланысты ысырап болайын деп жатыр. Бірақ мүмкіндігінше таратуға тырысып жатырмыз», - деді видеодағы азамат.
Әрі қарай ол алдағы уақытта нанға қарағанда басқа азық-түліктің көбірек болғаны дұрыс екенін жеткізді.
«Сол нанды көбейтпей азайтып, басқа азық-түліктер келіп жатыр. Күнделікті қажетті көлемде ғана келсе дұрыс. Бүгінгі есеп бойынша, қазіргі таңда бұл пунктіде 106 адам бар. Бірақ тағы да адамдар келіп жатыр», - дейді ол.
Еске сала кетсек, 24 маусымда Арыс қаласында жарылыс болғанын хабарлаған едік. Оқиғаға қатысты Қорғаныс министрлігі пікір білдіріп, мән-жайды түсіндірді.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірде төтенше жағдай жариялады. Қала тұрғындары толықтай эвакуацияланды.