Бала берсең, сана бер...
Кеше кешкілік «Instagram» әлеуметтік желідегі қолына торт ұстап, анасының туған күнімен құттықтап жатқан баланың бейнеролигін көзім шалды. Іштей «Қандай керемет, анасына жүрек жарды лебізін білдіріп, шай ішіңіз деп тәтті ұсынып тұрған баладан айналды» дей бергенім сол ақ екен, қолындағы тортпен анасының бетінен ұрып, жынды адамша мысқылдап күліп шыға келді. Сол сәтте денем түршігіп, роликті қайта қарауға ұятым жібермеді. Неге бұлай жасағаны ақылыма сыймай, біртүрлі күй кештім.
Мейлі «Ойнай білмес бала, анасын түртіп ойнайды» деп мұны баланың еркелігіне салалық. Бірақ бейнебаяннан байқағаным, ақ жаулықты ана елуді еңсерген, ал баланың жасы 25-тен асқанға ұқсайды. Демек еркектің ақ пен қараны ажырататын, ақыл тоқтататын жасқа жеткен. Онда бұл азаматтың бұлай жасаудағы мақсаты не?
Дәл осы әлеуметтік желіге жүктелген роликке менен өзге жандардан айтылып жатқан сыни пікір аз емес. Бірінен соң бірі ер баланың ерсі қылығын жарыса жазып, түрлі жазбалар қалдыруда. Бірі арсыз десе, екіншісі надан деп ашуға салып жатыр. Одан бөлек «Хайп қуған заманда, ептеп ғайып болып кетпесек жарады» деп жатқандары да аз емес.
«Ата-анаға көз қуаныш алдына алған еркесі» деген ұлы Абай. Әке-шешеге баласының бақытын көргеннен асқан ештеңе жоқ. Бірақ қолына таяқ ұстайтын жасқа жеткенде бауыр еті баласының осылай шектен шыққаны, ертедегі ата-әжелердің «бала емес, бәле» дегенінің керін келтіріп тұр. Желідегі лүпіл мен пікір үшін мұндай арсыздыққа барып, ессіздікке салу санаға сыймайды. Басқа басқа анаңа мұндай іс жасау – көргенсіздік емей немене?!
«А, Құдайым бала бер,
Бала берсең, сана бер.
Санасыз бала бергенше,
Артынан бәрін-бәрін ала бер», – деген қазақтың ұрпағымыз. Желіні шулатқан ер азаматтың бұл ісін қалың көпшілік құптамайды, кешірмейді. Алайда жүрегі кең аяулы ана баланың қай жасаған жаман қылығы болмасын кешірері анық.
Шыны керек, мұнымен біреуге ақыл айтып, түзеуден аулақпын. Оның ессіз қылығын айтып, жұртшылыққа жаман еткелі жатқан жайым да жоқ. Дегенмен бұл видеоны көрген кез келген қазақ баласы өз-өзін ұстай алмай, ашуға салынғаны рас. Ал менің жанайқайым осындай бұрыс істі кейінгі жас қайталамауына себепші болу.
А. БАҚЫТҰЛЫ