Асату ағаттық па?
Әлемдік пандемия елдегі тіршілікке тұсау салғандай той-томалаққа, ас беруге тыйым салғанын білеміз. Бұл қуаныш пен қайғыны ағайынсыз атқарып көрмеген қазақ халқына оңай тимегені рас. Содан да болар, кей шаңырақта той кейінге шегерілгенімен, құдай жолына садақа беріп, құран оқыту жүріп жатты.
Карантин талаптары сәл жеңілдегеннен кейін шақырылған жерге бармағанды ұят деп, жақын ағайынның үйіне жинала қалдық. Шай ішіліп, ортаға үлкен ас келгенде төрден орын алған молда індеттен абай болу, барынша арақашықтықты сақтау жайында білгенін айтып жатты. Қонақтар ауқаттануға кіріскенде жоғарыдағы қадірлі ақсақалдың бірі «асату» жайлы әңгімені бастап жіберді. Дастарқанның төменгі жағындағы үй иесі: «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегенді айтып еді, қарияның қабағы қатулана кетті. Көпшілік жеп болған алдындағы табақтан бір уыс асты алды да, зілді дауыспен: «Бері кел!», – деді. Оның ағайындар арасындағы абыройлы, қадірлі ақсақал екені үнсіз бақылаған жұрттың жанарынан анық байқалды.
Әрі-беріден кейін үнсіздік ұзақтығын сезінген бір-екі қарт әңгіме ағынын басқаға қарай бұрғысы келді. Қалғандары да қолдағандай болып, бірімен-бірі әзілдесіп жатты. Бірақ ақсақал алақандағы асты алдына қарай созыңқырап, әлгі жігітке «жылдам» дегендей ишара танытты. Амалы таусылған отағасы еріксіз жымиып, біреу «қой» деп қалар деген үмітпен қолын майлықпен біраз сүртіп тұрды да, қырсық шалдан құтылмасын сезгендей аяғын сүйреп, алдына келді. Май тамған қол аузына жақындағанда «манағы тәмсілді бекер-ақ айттым» деп өкінгені рас. Құйрық май мен қос жапырақ қамырдың қосындысын еріксіз жұтынғанда тамағынан тас өткендей болды. Ақсақалдың жүзіне жылылық ұялағанын байқаған жұрттың көңілі мамыражай күйге түсті. Сол-ақ екен табақтағы асқа қарияның қолы қайта салынды. Сондағы ағайыннан бөлек, ас үйде шай қамымен жүрген келінге дейін қалған астан асап шықты. Кезек өзіме келгенде іштей көндіккенен не бала кезден әже қолынан ас ішіп үйренгендіктен бе, анау айтқандай қиналғаным жоқ. Бірақ сондағы көпшіліктің ойында «асату ағаттық емес пе?» деген сұрақ қылаң бергені жасырын емес.
Қазақтың асату дәстүрі жайында жазушы, ақын Сәбит Мұқановтан асып жазған адам жоқ деседі. Шынында да халық санасының түкпірінде салт сандықта жатқанымен, кітап пен газет беттерінде көп айтыла бермейді. Осы тұста академик Серік Қирабаевтың естелігінен көзім түскен мына бір қызықты сіздермен бөлісуді жөн көрдім.
– Сәбең «Ет асату» дәстүрін жақсы көретін. Қонақ үстінде, ет желініп болған кезде, табақты алдына тартып алып, қонақтарға кезекпе-кезек асататын. Еті мен майын араластырып, алақанын толтырып алып, қонақтың аузына таяп, бармағымен итеріп түсіретін. Ешқашан қолына бермейтін. Сәкеңнің 70 жылдығы аталған тұста тың өлкесі партия комитетінің бірінші хатшысы Коломиецке ет асатқанын қызық қып айтатын. – Өлкелік комитет бізге қонақасы берді, – деді Сәбең. – Жылқы сойылған, мол ет желінбей қалды да, мен қонақтарға асата бастадым. Мұндай дәстүрдің барын орыс жолдастарға да түсіндірдім. Майы мен етін толтырып аузына таяғанымда Коломиец: «Ой, Сәбит Муканович, я умру после этого. Я жирное не ем», – деді. Мен оған қарамай: «Это – традиция казахов, прошу уважать традицию», – дедім. Коломиец аузын тоса берді. Мен толтыра асатып жібердім. Түнімен «шынында ауру болса, майды көтере алмай өліп қалар ма екен!» деп ойлап шықтым. Таңертең тұрып, өлкелік комитетке барғанда, ол бізді қарсы алып: «Удивительно, Сәбит Муканович, нормально перенес это» деді, – дейтін. Бұдан Алаш ақынының салт-дәстүрге беріктігін, қазақтың сыйлас адамдарына да асататынын ұғынуға болады.
Бала кезімізде үлкен астан кейін әжем үйдегі кішкентайлардың басын бұзбай, бата алдында асату жасайтын. Ауызымызға шақтап ас салынып жатқанда оның мәнін ұғындырып отыратын. Бұл ең алдымен үлкеннің ізетін көрсетсе, асату сыйлы адамның абыройы бұйырсын деген ниетпен жасалса керек. Бұдан бөлек қалған ас төгілмеуі үшін, ысыраптыққа жол бермеуге үйретеді деп түсіндірді. Ал ардагер ұстаз Шарафадин Алтынбай мұның астары тереңде жатқанын аңғартты.
– Асату – ұлт тағдырына, құндылығына қатысты мәселе. Өйткені қазақтың әрбір әдеті, ғұрпы ғасырлар бойы қалыптасқан. Ал бұл халықты ұлт ретінде ұйыстыруды, ағайынды біріктіруді көздейтінін естен шығармау керек. Осындай салт-дәстүрлердің мықтылығы ұрпақ тәрбиесіне әсер етпей қоймайды. Қазақ баласын қалыптастыруда мұндай әдеттердің өзіндік мағынасы бар. Өйткені үлкені кішісін, кішісі үлкенін сыйлаған жұрттан ықпайтын ел жоқ.
Дастарқанның қазақ философиясында алатын орны ерекше. Өткені үйдегі тәрбие үстел басында беріледі. Бақ есіктен келеді, дәулет төрде болады. Сол себепті сыйлы қонақ отбасы мүшелеріне, балаларға дәулет пен бақ дарысын деп өз қолымен асатады. Ертеректе мұны қолқа салып сұрап алатын болған.
Соңғы кездері дастарқан басына ағайын жиналып, бата беру азайғандықтан отбасы институты әлсіреп келеді. Кіші мемлекетті құлдырататын жаман әдет елдігімізге де әсер етпей қоймайды. Дәстүрлердің тозығы жетті дегендер осыны ойласа деген тілек бар. Тағы айтамын, береке дастарқанда болатындықтан асатуды ағаттық деу үлкен қате. Сондықтан құндылықты жоюға тырыспай, керісінше, ұлттық ерекшелігімізді дамытуға, келер ұрпаққа жеткізуге тырысайық, – дейді ақсақал.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ