Батагөй қария
Ермекбай атаны алғаш рет Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінде өткен мерекелік шарада кезіктірдім. Арнайы шақырылған қонақтардың қатарында төрде отырды. Тағылымды әңгімелерін айтып, тарихтан сыр шерткен көнекөз қарияның сөзшеңдігі тәнті етті. Кеш соңында музей директоры Ермекбай атадан бата беруін сұрады. Ақ тілектің тиегін ағытқан батагөй ақсақалдың сөз саптауы бөлек екен.
Тағылымды болмысымен есте қалған қарияны шаңырағына іздеп бардық. Мұнтаздай таза аулада жайқалып өсіп тұрған қызылды-жасылды гүлдер көздің жауын алады. Ас үйде түскі ас қамымен жүрген Зәуреш апа келген шаруамызға қаныққан соң, үйге ертіп барды. Біз іздеген Ермекбай ата ішкі бөлмеде газет оқып отыр екен. Сексеннің сеңгірінен асқан ақсақал амандық-саулық сұрасқан соң төрден орын беріп, әңгімесін бастап кетті.
– Мен Ленинград жерінде әскери борышымды өтедім. Үш жарым жылдан соң туған жерге оралып, жүргізушілік мамандық алдым. Зейнеткерлік демалысқа шыққанша аудандық май зауытында жүргізуші болдым. Оған қоса түнгі уақытта қаладағы кітапхананы күзеттім. Сол кезде күн сайын кітап алып оқып отыратынмын. Газет-журналды да үнемі жаздырып алатын едім. Қазір де сол әдетімнен жаңылған емеспін, – деді қария қолындағы газетті үстел үстіне қойып жатып.
– Ата, сізді батагөй ақсақал ретінде танимыз...
– Бата берудің реті мен бірнеше түрі бар, балам, – деп ақсақал әңгімесін жалғады. Халқымыз тілек пен батаның ара-жігін ажырата білген. Бәріміз де жасымыздан бата алып өстік. Батада үлкен қасиет, үлгі-өнеге, салт-дәстүріміз бен үлкенді сыйлаудың нышаны бар. Аға буынның сөзін тыңдау, олардан бата сұрау – тәрбие мен тектіліктің көзі. «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген. Бата – дәстүр қатарындағы ұлық ұғымдардың бірі.
Ақсақалдың айтуынан батаның ас, наурыз, сапар, той, тұсаукесер, балаларға, қарияларға, қыз-келіншектерге, жас жұбайларға, шаңыраққа, құдаларға, шенді-шекпенділерге арналған, тағы басқа да бірнеше түрі барын білдік. Осылардың ішіндегі сапар батасының мән-маңызына кеңірек тоқталған батагөй:
– Қазақ елі ұл-қызы алыс сапарға немесе өмірін бәске тігіп, жорыққа аттанарда халықты жинап, ішінен ең сыйлы деген азаматтан бата сұраған. Осыдан кейін оның сапары немесе жорығы сәтті болып, елге аман-есен оралады деген наным қалыптасқан. Қазақ халқы бата арқылы өзінің жан-жүрегінде жатқан ізгі тілектерін жеткізіп, бір адамның немесе халықтың тілеуін тілейтін болған. Сондай-ақ, бата беруші қариялар да халық алдында беделін түсіріп алмауға, бата беруге лайық болуға тырысқан, – дейді.
Қазалы қаласында, Әйтеке би кентінде өткен батагөйлер сайысында жеңімпаз атанған Ермекбай Жұбанияз бірнеше батаның түрін біледі. Мұнымен тоқтап қалуды ойламайды. Кітап, газет оқи отырып, көңіліне қонымды сөз тіркестері болса, баталар жинағы жазылған қойын кітапшасына жазып қояды. Батаның бағасын білетін Ермекбай ата кейінгі толқынның бата беруге шорқақтығына ренжитінін жасырмады.
– Той-томалақ, ас-садақаларда «бата беріңіз» десе, бір-бірін түртпектеп, «сен бер, ол берсін» дейтіндерді талай көзім көрді. Оған қатты қынжыламын. Бата беру – қазақ халқына тән керемет дүниенің бірі. Ұлттық ұстанымымызды танытады, – деген ақсақал дәстүрден жаңылмай, бізді де ақ батасымен шығарып салды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА