Антына адал арулар

Жеті жарым мыңға жуық қалалықтың денсаулығына шипа тауып отырған аурухана өткен жылы ғана күрделі жөндеуден өткен. Бұрын аурухана дәрежесі бар мекеме Үкімет шығарған қаулыға сәкес, 50 шақырым қашықтықтан аспайтындықтан жабылған. Өйткені қала мен кент ортасында жаңа типтегі ауданаралық аурухана жұмысын бастағаны белгілі. Ғимарат іске қосылған уақытта 150 орынға есептелгенімен қазір мұнда 15 орындық күндізгі стационар жұмыс істеп тұр. Бөлім қызметкерлерінің айтуынша, қазір флюра аппаратының жоқтығы айтарлықтай қиындық тудыруда. Бірақ құрылғыға сұраныс жіберілген. Әзірге жылжымалы көлік қажеттілікті өтеп тұр. Амбулатория пациенттері тұрғылықты мекен жайларына байланысты төрт аймаққа бөлінген.

– Мен Қаратерең ауылында дүниеге келдім. Онжылдық мектепті жақсы нәтижемен тәмамдасам да, жоғары оқу орнына түсу оңай болмады. Алғаш бағымды сынап, Алматы қаласына құжат тапсырғанда өте алмадым. Кейін Қуаңдария балық зауытына жұмысқа араласып, оқуға дайындығымды да ұмыт қалдырмадым. Соның нәтижесінде 1983 жылы Ақтөбе медицина институтының емдеу ісі мамандығына қабылданып, алты жыл білім алдым. Қызылорда қаласында бір жыл интернатурадан өтіп, 1990 жылы осында жұмысқа тұрдым. Содан бері 31 жыл бойы табан ауыстырмай науқас емдеумен келемін, – деді Аралкүл. Тәжірибелі терапевтің осы салаға келуіне отбасындағы дәрігерлер династиясы себеп болған. Нақтырақ айсақ, екі әпкесі де денсаулық сақтау саласында өзіндік ізі бар азаматтар. Оның бірі – Күлмараш Есжанова фармацевтикадан зейнет демалысына шықса, екіншісі Светлана Шалқарбаева балаларды емдеу ісімен, бүгінде бейнеттің зейнетін көруде. Аралкүл апай осы кісілердің ізін қуғанын айтады.
Тарих бетіне үңілсек, ең алғашқы аудандық аурухана Қазалы қаласында болған. Бұл 1953 жылдары деп айтылады. 1972 жылы аудандық аурухана кенттегі қазіргі жатақхананың орнына ауыстырылғаннан кейін мұндағы дәрігерлер қалалық емхана болып жеке қалған мекемеде жұмыс істейді. Тек 1993 жылы ғана «Шипагер» мекемесінің ғимаратына көшіп келген. Бұл нысанның сол тұстағы депутат А.Шаменовтің қолдауымен іске асқанын да ақ халаттылар ризашылықпен айтты.

Бұдан бөлек, бөлім меңгерушісі ауданда коронавирус індеті өршіген тұста қалалықтардың 60-70 проценті сырқаттанғанын айтып өтті. Бірақ абырой болғанда өлім-жітім көрсеткішінің өспеуін қадағалаған. Вакцианалау үшін аталған мекеменің таңдалуына да осы жай түрткі болған сынды. Дәрігерлер алдымен екпенін ақ халаттыларға салынатынын жеткізді. Содан кейінгі кезекте ұстаздар. Гүлайым Айсауытқызы басқаратын ұжым бұл істі де абыроймен атқаратындарына сенімді.
– Мұнда көп жылдан бері тәжірибесі толысқан, халық алғысына бөленген білікті мейіркештер көп деп сеніммен айта аламын. Олар жұмысқа жаңадан қосылған жас мамандарға біліп-түйгендерін үйретуден жалықпайды. Мәселен, аға мейіркеш Нұрилла Жаңылованы осындай маман қатарына қосуға болады. Біліктілігі мен тәжірибесі толысқан аудандағы үздік қызметкерлер осы жерде жұмыс істейтінін мақтанышпен айтуға болады. Мұны жергілікті жұртшылық та мақұлдайды. Өйткені мен қарамағымдағы қызметкерлерге «науқастың талабы әрқашан дұрыс» деп ескертіп отырамын. Біз де адам болғандықтан көңіл-күйіміз құбылмалы кездер болады. Бірақ нағыз ақхалаттылар өз эмоциясын жасырып, жәрдем сұрап келген адамның жағдайын бірінші орынға қоюуы қажет. Ал ондай маманды бұнда көп кездестіресіз, – дейді емхана меңгерушісі.
Ринат ӘБІДІҚАЛЫҚ