Берік отбасы – есірткіден алыс
Есірткіге әуестік – бар жаманшылықтың бастауы! Атап айтып көрейін: мастық, төбелес, жанжал, зорлық, адам өлтіру, ұрлық жасау сияқты көптеген адам өміріне балта шабатын ұятсыздардың, арсыздардың іс-әрекеті. Бұдан кім не ұтады? Кім ұтылады? Әрине, «ұтушы» - ол есірткі саудасын шыр айналдырып, жасөспірімдердің уыздай, бал татыған өмірін қор етуші есірткі саудасының «көркін қыздырушылар», ұятсыз, арсыз есірткі сатушылары дер едік. Ал, жаңа ғана бойын тіктеп, жан-жағындағы керемет әлемнің несінің жақсы, несінің жаман екенін ажырата алмай өмірдің әрбір сәтін тамаша сәт деп бағалайтын жасөспірімдер – есірткінің шырмауына түсіп, өмірдің ғажап сәттерін қараңғылыққа айырбастап, «ұтылуы» мүмкін. Біздің қоғамдағы осындай келеңсіздіктің алдын алу үшін баршамыз немқұрайлы қарамауымыз керек. Барлығымыз дегеніміз әрине, алдымен ата-ана, сосын мектеп, полиция қызметкерлері, құрбы-құрдас, достар т.б. жан ашыр жандар. Әрбіріміздің көзіміз қырағы болса, жасөспірімдердің көңілінің неге ауып жүргенін байқап, алдын алуға болар еді.
Үйде ата-ана бар уақытын балаға арнау керек. Тіпті жұмыста болса да баласының немен айналысып отырғанын, қайда, кіммен жүргенін қаперінен бір сәтке шығармай бақылауда ұстаса екен. Өз балаларымен және олардың құрбы-құрдастарымен тең араласып, ойнап-күлу, бар сырын ата-анасына бүкпесіз айтатындай дәрежеде қарым-қатынаста болу аса қажет-ақ.
Демек, әрбір баланың өмірге деген жақсы көзқарасын қалыптастыру, бар жылулықты сыйлау отбасы бақытының бастауы дер едік.
Өмірде кейде балаларына шектен тыс елпілдеп, орынды, орынсыз тілектерін мүлт жібермей орындау арқылы қателікке бой алдырып жататын ата-аналарды да кездестіреміз. Мысалы, «Біз бала үшін жүрміз ғой. Осылардың дегенін орындай алмасақ, жағдайын жасай алмасақ не үшін ата-ана болып жүрміз?» деп өз-өздерін ақтап, нәтижесінде не мақсатқа жұмсайтынын сұрамастан баланың сұраған ақшасын қолына ұстата салып, өз тірлігімен жүре беретін жандар бар десек болады. Ата-анасына дегенін жасатып үйренген, не сұраса да қол жеткізе алатынына көзі жеткен бала – тек жақсы жолда, дұрыс мақсатта жүрсе игі. Ал, егер олай болмаса ше? Міне, бас ауыртып ойландырар сұрақ осы. Тереңірек қарасаң арғы жағын ойлағың да келмейді...
Тағы бір ескеретін жайт – ұялы телефон «ауруы». Ересектер, соның ішінде ата-аналар ұялы телефонның шырмауына түсіп кеткенін байқаймыз. Телефонға қарап күліп, телефонға қарап басқа бір керемет әлемде жүргендей, жан-жағын ұмытып, сол телефондағы жат жандарға жақынырақ болып кеткендей. Өзінің баласының жанына келіп сөйлескісі, сырласқысы келгенін байқамай, әлеуметтік желінің әлемінде отыратын да ата-аналар, өкінішке қарай, баршылық. Нәтижесінде не болмақ? Әрине, сырымен бөліскісі келген бала ата-анасының назарын аудара алмай, сырлас жан іздейді. Тапқан сырласы жақсы болса ғой. Дұрыс жолды көрсете білсе ғой. Баласына назар аударғаннан көрі ұялы телефонын қаттырақ жақсы көретін ата-аналарға айтар кеңесіміз:
- Ұялы телефонға қарап күлгенше балаларыңызға қарап жымиыңыз, Сізден жылулық сезінсін!
- Әлеуметтік желілер әлеміне кіргенше балаларыңыздың әлеміне бір сәт үңіліңіз, онда не болып жатырғанын назарда ұстаңыз!
- Ұялы телефонның бетін сипай бергенше балаларыңыздың бетін сипап, еркелетіңіз, Сіздің махаббатыңызды сезінсін!
- Ұялы телефонға қарап көзіңізді талдырғанша балаларыңызға қараңыз, Сіздің бар назарыңыздың өзінде екенін білсін!
- Ұялы телефондағы ойынды ойнап, мәз болғанша балаларыңызбен ойнаңыз, ой бөлісіңіз, пікірін тыңдаңыз, өзінің қажет екенін түсінсін, Сіздің назар аударатыныңызды білсін!
Біздің отбасымызда баланың тәрбиесіне жіті көзбен қарайтын біздің ата-анамыз, яғни балаларымыздың ата-әжесі. Әрбір ісімізге мұқият қарап, «Балалардың бүгінгі көңіл-күйі қалай?», «Бүгін сабаққа дайындыққа қанша уақыт бөлді?», «Сабақтан уақытында келді ме? Келмеген болса қайда жүр?», «Ұялы телефонды қанша уақыт ұстады?», «Үй тірлігіне қолқабыс жасап, бауырлар бір-бірімен қаншалықты сөйлесті?» деген сияқты сұрақтардан бастап, «Осы балалардың ата-анасы қаншалықты балаларына көңіл бөлді?» деген мәселелерді жіті назарда ұстайды. Бізді балаларымызға қатысты осындай сұрақтар қою арқылы сынап та алатын кездері бар. Бұның өзі біз үшін үлкен мектеп. Себебі, ата-ананың назарының әрдайым балаларында болуы қажеттігін үйретіп, жалпы ата-ана болу қаншалықты жауапкершілікті қажет ететіндігін сезіндіріп, ата-ана ретінде балалардың қазіргі уақыты мен болашағына немқұрайлы қарамауға тәрбиелеуде. Бізді отбасылық өмірге тәрбиелеу арқылы балаларымыздың алдындағы жауапкершілігімізді арттыруда деп түсінеміз. Сол үшін ата-анамызға алғысымыз да шексіз!
Отбасының бақыты – балалардың амандығы. Біз ата-аналар балаларымыздың жетістігі арқылы қуанып, мақтанғымыз келіп тұратын жандармыз. Ендеше, балалар жетістікке жетсін десек, мақтанышымыз болсын, жат әдеттерден аулақ болсын десек тәрбиесіне немқұрайлы қарамайық, ағайын!
МАМБЕТАЛИЕВТЕР отбасы,
Арал ауданы, Жаңақұрылыс ауылы