Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Келеге келген бура қауіпті

Келеге келген бура қауіпті

“Қазақстан-Қызылорда” телеарнасында жүргенімде орыс тілді жаңалықтар бөлімімен бірге отыратынбыз. Тәжірибеміз аз жас болған соң мүйізі қарағайдай тәтелеріміз ақыл-кеңестерін айтып әлек болатын. Ондағысы бізді шыңдаудың тәсілі екен. Осыны қазір түсінудемін. Несін жасырайын, қазақ тілді “Жаңалықтар” бөлімінің аға редакторы Несібелі Рахметтен өмірге қажетті нәрселерді түйдік. Орыс тілді “Жаңалықтар” шығарылымына жауап беретін аға редактор Бақыт Қалдыбаева да көпті үйретті. Сондағысы “Журналист құлағы түрік болу керек. Кез келген әңгімені қағып алуы тиіс. Қоғамдық көлік, такси болсын, базарға бара қалсаңдар, көпшілік жерде отырсаң да халық айтқан әрбір сөзді қаперге алыңдар” дейтін. Осы кеңесі жақында “Индрайвер” қосымшасы арқылы такси шақыртып, жұмысқа келерде есіме оралды. Көлікке отырарда алдыңғы орыннан бір жас жігіт түсті. Артқы орынға жайғасып, есікті жаба бергенім сол еді таксист терең күрсініп:
– Обал-ақ, үрімдей жас баланы бура шайнап өлтіріпті, – дегенде шошып кеттім. “Қашан, қалай?” сынды сауалдар еріксіз қойылды.

– Жаңағы клиент мұғалім екен. Содан естідім. Қазір бураның қауіпті кезі ғой. Бәлкім, бала сыртқа шыққанда далада жайылып жүрген бура шапқан болар. Байқамаса, олар осы кезде адамға шабуылдайды, – деп әңгімесін аяқтады.
Жұмысқа келе жатқанымда ұзақ ойға шомдым. Тағы бір болған оқиғаны жол қысқарсын деп үлкен қалаларға пойызға мініп, сапар шеккенде купелес болған Ұлықбек аға айтып берген болатын.
– Қақаған қыс едi. Атыма жаңадан тұяғына таға тағалатқанмын. Ұстаның үйiнен ауылыма жол тартып бара жаттым, ауыл-ауылдарда түнге қарай қоныс сұрап бipталай жерді өткердім. Саймен кетiп баражатқанымда, алыста жотада бураның дауысы естілді. Қарап қалсам, бура берi қарай жүгіріп келеді. Жүйрігімді қамшымен айдап алға қарай шаптым. Бураның бұлай айғырға шабуы бекер болған жоқ, ол өз ұрғашысын қызғанды. Жол қалың қар, атым тағаланған қуып жете алмас деп ойладым. Бірақ бура қуып жетіп аттың артқы бұлшық етiнен тicтеп жұлып алды.
Жануар артқа қарай шегінді, мен қамшымен ұрғылап алға қарай айдадым. Бipнеше минуттан соң тынышталды. Жақын жердегі ауылға келіп, жуан арқанмен байладым. Шөбін берiп, ұйқыға дайындалдым. Түнiмен айғыр жерді теуiп тыныш тұрмады. Кiciнеген, дауысы шығады. Ауыл тұрғыны болған iнiме әңгіменің барысын айттым. Екеуміз жылқы жайын ойладық. “Оның енді кегiн алмай қайтпас”, – дедi ол.
Ертеңіне ұйқыдан таң ата тұрдым да, қораға барсам айғыр жоқ. Жуан арқанды шайнап үзiп, бураның артынан кеткен екен. Басқа атқа мiнiп, iнiшек екеуміз жол тарттық. Мен шын көңіліммен жыладым “қайран айғырым-ай, өлген шығар” деп жанарымнан моншақтап жас ақты. Қанды жердің орнына келсек, айғырым төрт аяқтап талтайып құлауға аз тұр. Үстi қан, жан-жағы қып-қызыл болған қарға толы. Бураның тас талқаны шыққан. Жылқымның тебiciнен мойыны сыныпты, өлiп қалған. Әй, қуанғаным-ай: “жаным-ай, атым-ай” деп қатты қапсыра құшақтап алдым. Сөйтсем атым тағамен тебiciп жаны қалған екен ғой. Бура да, айғырдың етінен жұлып, тicтеп тастапты. Сол күні Алланың өзі жол көрсетіп сәйгүлігімді тағалатып шыққан едім. Аллаға мың да бір шүкір айттым. Кейін жануарым қалпына келді. Бастысы – тipi қалғанына қатты қуанғаным бар, – деді алпысты алқымдаған аға.
Енді осы төрт түліктің бірі адамға неге шабады деген сұрақ туды. Мамандардың айтуынша, бура – айыр түйенің жыныс қуаты жетілген еркегі. Ал біртуар мен қоспақ нардың буралыққа қалдырған еркегін нар бура, таза аруана мен үлектен туғанын үлек деп атайды. Бураны мінезіне қарай да түрліше атаған. Мысалы, жараған бура қаңтардан мамыр айына дейін келеге түседі. Шабынғанда аузынан ақ көбік шашып, тісін қайрап сықырлатады. Артқы тірсегін бүгіңкіреп аяғын талтайтатын көрінеді. Бөксесін шөмейтіп, кеудесін көтеріп, құйрығымен тақымының арасын ерсілі-қарсылы сабалап, айбат шегеді. Аю бура қызыл көз, ызақор, жараған кезде көш жерден салт аттыны қуып адамға түседі. Мұндай кезде оған кісен салады. Тым қауіптілеріне тұмылдырық кигізіледі екен. Жалпы бура кекшіл, оны жәбірлеуге болмайтындығын ескертеді түйешілер.
Дегенмен ауыл арасында осындай қайғылы жағдай орын алғаны өкінішті.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
13 ақпан 2021 ж. 3 881 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 15

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930