Көгілдір отын келген күн

Аталған ауқымды жобаның іске асуына жастар көшбасшысының атымен аталатын ауылдың тумасы «ЮгГазПроект» ЖШС директоры Жылқайдар Тәңірбергеновтің үлесі орасан. Неге десеңіз, игі істің бастапқы шаруасына, яғни газ желісін тартуға жоба-сметалық құжаттарын жасауға демеушілік көрсеткен. Экспертизадан өткізуге де қол үшін созған. Экономика саласынан хабары бар оқырман мұның әмиянға салып жүретін қаражатпен салыстыруға келмейтінін жақсы түсінеді. Осы күндері екі адамның басы қосылса, аудан әкімі мен жерлес Жылқайдардың мерейін асырып жүргеніне көз үйреністі. Биылғы атқарылған жұмыстарға редакцияға хабарласып, ризашылығын білдіргенердің бірі – ауыл тұрғыны Дәстен Ідіріс.
– Ауыл тұрғындарының «ауылға газ келсе екен» деген арман тілегі ақиқатқа айналды. Қазіргі уақытта тұрғын үйлерді көгілдір отынға қосу жұмысы жылдам жүруде. Ауылдастарымның қысқы жылу маусымында газ жағамыз деп балаша қуанып жүргенін көрсеңіздер ғой.
Соңғы кездері Ғ.Мұратбаев ауылы көркейіп, көгалданып келеді. Мені ерекше қуантатыны нәрестелермен бірге тұрғындар санының артуы. Жыл өткен сайын адамдардың тұрмыс-тіршілігі жақсарып, кәсіпкерлікпен айналысып, өмір сүру сапасы артуда. Әсіресе округте мал бордақылау, қымыз өндірісі, егін шаруашылығы мен наубайхана ісі дамығанын тұрғындар мақтанышпен айтады. Биыл көгілдір отын келіп, кәсіппен айналысқандардың машақатын жеңілдеткенін де айта кетейін. Аудандағы ел ағаларымен басшылардың арқасында жас ұрпақ біздің көрген бейнетімізді көрмейтініне қуанамын, – деді ақсақал.
«Ауылда көгілдір отын құрылысы басталды» деген ақпаратқа қаныққан жұрт беріректе жұмыстың баяу жүріп жатқанына наразылық танытқаны жасырын емес. Қазақтың «Ештен кеш жақсы» деген көрегенділігі осындайда көңілге қонымды көрінетіні рас. Қалай болғанда да өткен жылға Ғани ауылдағы ағайындардың өкпесі жоғы анық.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ