Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұратбаев ауылына көгілдір отын келеді

Мұратбаев ауылына көгілдір отын келеді

Жақында аудан орталығы – Әйтеке би кентінен бес шақырым қашықтықта орналасқан Ғани Мұратбаев ауылына газ желісі тартылады. Тазалығы жан жадыратқан ауылдың тақтайдай тегіс жолдары, қаз-қатар қонған үйлер, жайқалған жасыл желек, келбеті келісті ғимараттары көркімен көз тартатын. Енді міне, тұрғындардың «Көгілдір отынның игілігін көрсек» деген тілегі де жауапсыз қалмады.
Тиісті сала мамандарының мәлімдеуінше, Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Ғани Мұратбаев елді мекеніндегі орамішілік газ желілерінің құрылысы деп аталатын жобаның құны – 270 425,68 мың теңге. Бұл ауылда 275 шаңырақта 1516 адам тұрады. Елді мекен жыл өткен сайын көркейіп, көгалданып, халықтың саны өсіп, демография жақсарып келеді. Шағын кәсіпкерлікпен айналысуға бетбұрған тұрғындардың кәсібі дөңгелеп, көкжиегі кеңеюде.
Жалынды жастар жетекшісі есімін иемденген ауылда мекеме кәсіпорындар мен білім ошақтары және денсаулық саласы бойынша барлығы – 8 ғимарат орналасқан. Олар №91 мектеп, №15 «Балдәурен» бөбекжай-балабақшасы, ауылдық дәрігерлік амбулатория, «Ғ.Мұратбаев ауылдық округі әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, мәдениет үйі, ветеринариялық пункті, «Қазалы су торабы» өндірістік учаскесі, «Қуандық әулие» мешіті, «РЗА-Агро» ЖШС. Кәсіпкерлік саласы бойынша 5 азық-түлік дүкені, 1 наубайхана, 35 шаруа қожалығы тіркелген.
Мамандар газ желісі жүргізілген жағдайда Ғ.Мұратбаев ауылының териториясынан жылу энергиясы үшін пайдаланылатын тал-ағаштарды шабу азайып, экологиялық апат аймағында тұрып жатқан халыққа түрлі жұқпалы аурулар тудырып отырған сор-шаңдардың ауаға көтерілуі тоқтап, қалыптасқан санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды жақсарту тиімділігін арттыруға қол жеткізіледі деген сенімде.
– Қазалы ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысымен жеке кәсіпкер «ЮгГазПроект» ЖШС директоры Жылқайдар Тәңірбергенов демеушілік танытып, «Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Ғани Мұратбаев елді мекеніндегі орамішілік газ желілерінің құрылысы» жобасы бойынша жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп, 2018 жылдың 14 қарашасында. №ОСар-0134/18 санды нөмірімен тіркелген «Оңтүстік Сараптама» ЖШС тарапынан сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жалпы сметалық құны – 270 425,68 мың теңге. Құрылыс жұмыстарының ұзақтығы – 4,5 ай. Жоба бойынша газ құбырларының жалпы ұзындығы 18,281 шақырым, жалпы газ шығыны 1481,61 м³/сағ. Орта және төмен қысымды сыртқы құбырлық желілер қарастырылған. Орта және төмен қысымды газ қысымын азайту үшін шкаф түріндегі басқару блогы – 2 дана. Орташа қысымды газ құбыры беріктігі 2,8 коэффиценттен тұратын ПЭ100ГАЗ SDR11, СТ РК ГОСТ Р 50838-2011 маркалы полиэтилен құбырларынан жасалған. Жоба іске асырылған жағдайда Ғ.Мұратбаев ауылындағы тұрғын үй секторын газ отынымен үздіксіз қамтамасыз етуге, жылу энергиясының шығындарын азайтуға септігін тигізеді.
Жобаны жүзеге асыру үшін құрылыс жұмыстарына 239 507,0 мың теңге қаржы қажеттілігі есептелді, – деді Қазалы ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, ¬жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы М.Әбсұлтанов.
Айта кететін жайт, аудан орталығы – Әйтеке би кентіне 2015 жылы «Әйтеке би кентіне жүргізілетін газ құбырларының және кварталішілік газ құбыры құрылысы» жобасы бойынша, ұзындығы 382,4 шақырым болатын газ құбырлары жүргізілді. Оның ішінде жоғарғы қысымды – 10,2 шақырым, орташа қысымды – 32,7 шақырым және төмен қысымды – 7,7 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда кенттің 77 проценті газ желісіне қосылып, көгілдір отын игілігін пайдалануда.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
14 сәуір 2020 ж. 1 809 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031