Жаңа жыл мерекесіне байланысты қандай пойыздарға қосымша вагондар тіркеледі
Қазақстанның темір жол саласы Жаңа жыл мерекесіне орай жолаушылар тасымалының ағынына дайындалуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналына сілтеме жасап.
Ондағы мәліметтерге қарағанда, қазіргі уақытта Қазақстанда қолданыстағы 156 жұп жолаушылар пойызының 117-сі қатынауда. Шектеулер коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін қабылданған шешімдерге байланысты. Алайда, 2020 жылғы 26 желтоқсаннан бастап, 2021 жылғы 5 қаңтар аралығындағы жаңа жылдық кезеңде жолаушыларды тасымалдау үшін 704 қосымша вагон тіркемесі қамтамасыз етіледі. Осылайша, 30 мыңға жуық жолаушыны қосымша қамту жоспарлануда.
Вагондар келесі бағыттар бойынша пойыздарға қосылады:
1) Нұр-Сұлтан – Алматы, Маңғыстау, Атырау, Сарыағаш, Арқалық, Семей, Петропавл және Павлодар;
2) Алматы – Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Сарыағаш, Өскемен, Жезқазған және Орал;
3) Павлодар-Пресногорьковская;
4) Қызылорда-Семей;
5) Ақтөбе-Атырау. «ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тасымалдаушыларға сақтық шараларын мүлтіксіз сақтау жөнінде нұсқаулар берді»,-делінген хабарламада.