Үздіктер марапат төрінен көрінді

Осындай айтулы мереке қарсаңында Жанкент ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның аға медбикесі Рабиға Мәкібайқызы мен осы ауылдағы №104 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Нұргүл Әбілмырзақызы аудан әкімінің орынбасары Әліби Әбиевтің қабылдауында болып, Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының Алғыс хатымен марапатталды.
Жиында алғаш сөз алған Әліби Берікұлы Тәуелсіздік мерекесінің маңыздылығын тілге тиек етті.
– Азаттықты бағалайтын азаматтарымыз аз емес. Тәуелсіздік – ата-бабалардың сан ғасыр арман етіп, бейбіт күнге жету жолында жанын қиып жеткен күні. Қазақ ғалымы Шоқан Уәлихановтың: «Халықтың кемеліне келіп, өркендеп өсуі үшін ең алдымен, азаттық пен білім қажет» деп айтқанындай, ұлы дала ұландары білімді болуы керек. Ұлттың үміті – жастар болғандықтан, саналы, білімді де білікті ұрпағы бар елдің қашанда еңсесі биік, болашағы зор болмақ. Оған сіздердің де қосып жүрген еңбектеріңіз баршылық. Сондықтан Тәуелсіздігімізді бағалайық, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Марапат төрінен көрінгендер алғыс айтып, жылы лебіздерін жеткізді.
Айта кетейік, шара соңында аудан әкімінің орынбасары Әліби Әбиев нәзік жандыларға гүл шоқтарын ұсынып, мерекемен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
А.БАҚЫТҰЛЫ