Поэзия патшасының портреті

Жалпы қабырғаға сурет салу өнерін – мурал деп атайды. Кескіндеме өнерінің бұл түрі ел аумағында сәнге айналғанына біршама уақыт болды. Келтірер дәлел көп. Республиканың мәдени астанасы Алматы қаласында жыл сайын көше шеберлері қатысатын фестиваль ұйымдастырылады. Нәтижесінде әсем қаланың әрін кіргізген толымды туындылар пайда болды. Бұдан бөлек Қарағанды қаласында қорықшы Ерлан Нұрғалиевті қылқаламмен қабырғаға таңбалап, қызмет барысында қаза болған марқұмға мурал арналып еді.
Біз жоғарыда тілге тиек еткен Алматыдағы қабырға суреттерін көбіне шетелдік шеберлер салып беріпті. Біреуі көршілес Ресейден келген кескіндемеші, енді бірі қырғыз суретшісі болса, украиналық мамандар да бар.
Ал кенттің келбетін ашып, көркін келтірген Абайдың қабырғалық суреті жерлес жас суретшілердің қолынан шыққан туынды. Үш адамнан құралған шығармашылық топтағы Ғани Мұратбаев ауылының тумасы Ерсұлтан Темір мен қазалылық Нұржан Нұғман – Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық колледждің түлектері. Сондай-ақ олардың қасында негізгі кәсібі SMM маманы болып табылатын Тұрмағанбет Қаразым бар.
Абайға арналған муралды салып шығуды ойға алған жігіттер ойланбастан аудан әкімшілігіне ұсыныс жолдаған. Олар жақсы бастамаға қолдау білдіріп, қаржыдан жәрдемдесетін демеушілерді демде тауып берген.
– Біз бұл бастаманы ұсынғанда Қазақстан аумағында салынған муралдарды көрсетіп, таңдауға бердік. Соның ішінде олар 2018 жылы Қостанай қаласында салынған Абайдың муралына тоқтады, – дейді суретші Нұржан.
Жалпы сурет сапалы шығуы үшін шебердің биіктіктен қорықпауы шарт. Мұндай суреттерді салуға кәсіби суретшілер керек-ақ. Бірақ дәл осы қабырғалық кескіндеме көше шеберлерінің қолынан келетін кәсіп. Қазір Еуропада мурал салып, мадаққа ие болған суретшілер орта ғасырдағы Микеланджелодан кем құрметтелмейді.
Үйлесімді етіп көпқабатты үйдің қабырғасына бас ақынның бейнесін салған жас қылқалам шеберлерге де жерлестер құрмет көрсетіп, туындының сәтті шығуына тілектестік білдіріпті. Кейбірі шеберлердің шай-суына дейін әкеліп берген.
Бас-аяғы екі аптада аяқталған сурет салу барысында бояудың өзіне 500 мың теңге көлемінде қаражат жұмсалған. Күннің салқыны, жауын мен суық желге қарамай, таңнан кешке дейін кескіндемеге кіріскен жастарға демеушілер сыйақы берген.
Тәуекелге барып, көше суреті өнеріндегі алғашқы шығармаларын жұртың алдында салған суретшілер алдағы уақытта тапсырыс қабылдауға дайын екендігін айтады.
– Ендігі кезекте кешегі коронавирус кезінде әрбір жанның амандығы үшін күрескен дәрігерлер қауымына құрметіміз ретінде аурухана сыртына медицина саласына арналған мурал салуымыз мүмкін,– дейді Тұрмағанбет Қаразым.
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ