Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегімен еленген

Еңбегімен еленген

Әр елдің айнымас асыл адамгершілік қасиетімен жан-жағына сәуле шашып, жылылық ұялатып тұратын, халқына қамор азаматтары болады. Олар қоғамға қол ұшын беріп, тілекші де тірекші болып өмір сүреді. Міне, осындай туған жеріне жанашыр жанның бірі де бірегейі Серік Дүйсенбайұлы Өтегенов деп білеміз.

Серіктің әкесі Дүйсенбай соғыс көрген табиғатында тәубасы бар, адамгершілігі мен адалдығы, талапкерлігі, бір сөзділігінің арқасында теміржолдың тарланы атанған. Кеудесіндегі «Құрметті теміржолшы» белгісі, Ленин ордені, көптеген медальдарына қарамастан қарапайымдылығы кім-кімді де қызықтыратын. Шешесі Пәтима бір ұлы, төрт қызды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген асыл ана еді.
Тектіден туған Серік те жастайынан алғыр болып қалыптасты. Ақырын жүріп анық басатын, артық сөзі, асылық ісі жоқ Серік Өтегеновті жастайынан білеміз. Мінезі биязы, көбінесе терең ойда жүрсе де алдына келген адамның ішіндегісін айтпай-ақ біледі. Өзін өте салмақты да сабырлы ұстап асықпай, ешкімнің сөзін бұзбай мұқият тыңдайтын, таңғажайып әдеті қарамағындағы қызметкерлері түгіл сырттағы ағайын, құрбыларын тәнті қылады.
Серіктің жастайынан басшылыққа көтерілуіне алтын көпір – осы жақсы қасиеттерінің болуы деп ойлаймын.
Серіктің ержетіп жоғары білімді жолшы болып, Шығыс Қазақстанның ару қызы, білікті ұстаз Зәуреш атты жар тауып дүниеге екі ұл, үш қыз әкелді. Бәрі де бөлек отау құрып, жоғары білімімен әр салада қызмет атқарып елдің өркендеп өсуіне өз үлестерін қосуда.
Кішіліктен емес, кісіліктен туған және екінің бірінен табыла бермейтін қасиет, «мен» деп көкірек кермейтін, жаман жолмен жүрмейтін, жақсылық жасағаннан жалықпайтын жомарт қолды Серіктің жүзінен тек мейірім мен ізгілік төгіледі.
Өмірде қызмет атқаруымен қатар, ішкен-жегенің, кигені мен мінгенін жерде қалса да, көрген білгенің, естігенің жерде қалмасын деп ата-баба тегін айтпаған ғой!
Серік Өтегеновтың тындырымды, халыққа қайырымды істері жайлы жақсы сөзді көптеп естиміз. Мекемедегі ұжым мүшелері де күннің ыстығына да суығына да қарамай жылдың қай мезгілінде де қаздың ізіне ерген қаз-қазтар балапанындай Серік бастаған техникалар мен жұмыс жасап тер төгіп жүрген жұмысшы-қызметкерлерін үнемі елдің түкпір-түкпірінен көресің.
Істеген істері нық, сапалы, қай жерде кемшілік пен қиындық туып шешімі табылмай тұрған тұсты жөндеу үнемі Серікке айтылады.
Сонымен бірге әрбір дүниеге мұқтаж, қолы қысқа кіріптар болып, бастаған жұмысын аяқтай алмай қиналып жүрген кәріп-қасірлерге жұмысын жалғастырып аяқтап беруден бас тартқан емес. Әйтеке би кентінің көшелерін тегістеп, елді мекен, қала, дала жолдарына көмегін берумен бірге «Жеңіс» саябағының негізін қалаушылардың бірі. Жетес би мен Жанқожа бабаға кесене салуға атсалысқан және теміржол колледжінің 90 жылдығына бүкіл ауласын асфальттап берген де осы Серік. Ауданның ардақты азаматтарының мерейтойына сый-сияпат беріп демеушілік жасауға және ардагерлерді құрметтеп көмек көрсетіп қол ұшын беруден бас тартқан емес.
Жақында 5 квартал аумағындағы Дүйсенбай Өтегенов атындағы көшені өз есебінен қолға алып, әлемге тараған індеттен үрей жайлап ұнжырғасы түскен көктеммен күзгі көшенің батпағынан мазасы кеткен тұрғындардың аяғына шық жұқпайтындай етіп асфальт салып көптің батасын алып, көңілдерін тағы да көтеріп тастады.
Серіктің елге төккен тері елеусіз қалған жоқ. Оның кеудесінде ҚР Конституциясына – 20 жыл мерекелік медалі мен «Ең үздік басқарушы», «Экономика мақтанышы», «Қазақстанның құрметті азаматы» төсбелгісі жарқырайды. Сонымен бірге «ҚР Құрметті жолшысы», «ҚР Құрметті құрылысшысы» атағының иегері.
Ой шіркін-ай, әсіресе осы кезеңде Серік Өтегенов сияқты еліне, туған жеріне адал қызмет жасайтын, халқына қол ұшын беріп қамқоршы болатын азаматтар, ерікті ерлер көбейіп, қиындықтан алып шығуға мұрындық бола берсе, нұр үстіне нұр дер едік.

Оразғали БЕКБАНОВ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

17 қараша 2020 ж. 691 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 62

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930