Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Есімі елдің есінде

Есімі елдің есінде

Задында мінезі жайлы үлкенге де, кішіге де құрметпен қарайтын жандар болады. Мұндай азаматтардың маңына әлбетте адамдар үйірсек келеді. Туабітті қарапайымдылығы, кішіпейілділігі мен әдептілігі олардың болмысын бекзаттыққа жеткізеді. Адам өмірдің мәнін біліп, дәнін теру керек. Өз өмірін қартайғанда құрмет күте алардай етіп өткізуге ұмтылыс әрдайым әрбір пенденің ойында жүруі тиіс. Кімнің болса да өз өмірінде замандастары мен әріптестерінің ішінде тектілігіне, адамгершілігі мен қайырымды қасиетіне тәнті ететін, азаматтық тұлғасына табындыратындар болады.
Бүгін осындайлардың қатарынан орын алатын еңбегімен еленген, сыйластыққа бөленген құрметпен абыройға қол жеткізген ардақты жандардың бірі, кішілерге абзал аға, үлкендерге ізетті іні бола білген Серікбай Сұлтамұратов туралы сөз қозғағалы отырмыз.
Серікбай өзгенің кемшілігінен сабақ алып, бойын түзеп жүретін, өзін-өзі танитын, артыққа да, жамандыққа да, астамшылыққа да бармайтын азамат еді. Марапатқа мақтанбай сабырлылығымен ерекшеленетін. Сәкеңнің баға жетпес өлшеусіз еңбектеріне осындай адал қызметіне қатар жүрген әріптестерін тәнті ететін.
Қандай басшы болса да өзгелердің айналасынан кемшілік іздеу үшін, әуелі әрдайым өзін бақылайды. Мұндай адамдар болашақ ұрпақтың бойында рухани ізгілік сіңіріп, мінез-құлқын тәрбиелеуге жалпы өмірлік құндылықтарды, адамгершілік ұстанымдарды ғұмыр бойы басшылыққа алатын тұлға қалыптастыруға үлкен үлес қосып отырары анық. Өнегелі істер жастардың рухын көтеріп, адами болмысын қалыптастыруға, бір-бірімен сыйластық дәрежесі артып, қарым-қатынасы күшейіп, мейірімділік пен сенімге жүгінері сөзсіз.
Жаратқан иеміз біздің сырт келбетімізге, жұрт алдындағы атақ-дәрежемізге емес, жүрегімізге, адал ниетімізге қарайды.
Кісілік кейпін сақтап, имандылықты ұстанған адам әрқашанда сыйлы, көпке құрметті болады. Осындай жанына шуақ шашып жүретін абзал жандардың қатарында бар саналы ғұмырын еліміздің күре тамыры теміржол салуға арнаған Құрметті теміржолшы Серікбай Сұлтамұратов Қазалы жол машина станциясы мекемесінде 25 жыл бойы басшылық жасап абыройға кенелді.
Қазалы жол машина станциясы мекемесін ең қиын кезеңдерде басқарып, қабілеттілігінің арқасында ұжым мүшелерін жұдырықтай жұмылдырып, ауызбірлік пен тәртіпті аз уақыт ішінде нығайтып, мекемені алдыңғы қатарға шығара білді.
Кез келген игілікті істі бастап кету қиын. Ол өзінің ерен іскерлігі мен адамгершілігінің, ұйымдастырушылық қабілеті мен жауапкершілігінің арқасында ағайын-туыстарының, замандастары мен жолдас-жораларының, қызметтес әріптестерінің арасында көшбасшы ретінде зор құрмет иемденді. Нәтижесінде қазақ теміржолы қай жерде салынатын болса сонда осы Қазалының Серікбай Сұлтамұратов басқарған жол салу мекемесін жұмсайтын дәрежеге жеткізді. Астана-Алматы теміржолын тапсырғанда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қолынан Алғыс хат алған. Одан кейін Бейнеу-Сексеуіл-Астана теміржолын да бастан-аяқ жазғы аптапқа, қысқы суыққа мойымай, Серікбай бастаған ұжым абыроймен аяқтап халықты қуанышқа бөлеген.
Қызметте қатар жүріп, балалардың арқасында құдай қосқан құда болдық. Сәкең өмірінің соңына дейін туған інімдей алдымнан кесе өтпей, сөзімді екі етпей сыйластықпен ағалы-інілі болып өмір сүрдік. Серікбай досқа адал, бір сөзді, антына берік, ағайынға жанашыр, үлкенді аға тұтып, кішіні іні деп құрметтейтін, қарамағындағыларды алаламай әділ бағасын беретін, ызалы жерді баспайтын, ештеңеден саспайтын, басшыларға жағымпазданып-жарамсақтануды білмейтін, ерекше жаратылған жайсаң біртуар жан, туымды тұлға еді. Баға жетпес өлшеусіз еңбектеріне, осындай адал қызметіне қатар жүрген әріптестері әрдайым тәнті болатын.
Қазақта «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел мақтар» дейтін қасиетті сөз бар. «Жақсының үлгісі жанып тұрған шамдай» деген марапат та тыңнан жол салып мұратқа жеткен, осындай өзгеге өнеге болған жандарға арналса керек.
«Адал ұрпақ өсірсең – басыңа бақтың қонғаны» дегендей, Серікбай мен Рәйла дүниеге төрт ұл, бір қыз әкеліп, солардың бәрі де жоғары білімді азамат болып, әкесі мен шешесінен дарыған тәрбиені ұстанып, әр салада еліміздің ірге тасын қалауға өз үлестерін қосып келеді.
Жаны жайсаң азамат ойда-жоқта ортамыздан мезгілсіз кетті, тірі адам тіршілігін жасап ізінен ерген ұрпағы өсіп-өнді. Әне-міне дегенше оған да 11 жыл болыпты. Өмірде орны бөлек адамдарды іздейсің, сағынасың. Кейде сондай адамдардың жоқтығына налисың, тарығасың.
Көненің көзі, бүгінгінің өзі, ертеңгінің өнегелі сөзі болатындай азаматтың сіңірген еңбегін ел-халық ескеріп, келер ұрпаққа үлгі тұту мақсатында Серікбай Сұлтамұратовқа өзі негізін қалаған ПМС қалашығының қақ ортасынан бір көшенің атын берулерін бүгінгі ұрпақтың өткенді әділ бағалағаны деп білеміз. Оның артында қалған жан жары, ұлағатты ұстаз, ардақты ардагер, асыл ана, ақылгөй ене Рәйла шаңырақты шайқалтпай, достарынан қол үзбей, балаларының ауызбірлігін сақтап, немере-шөберелерін бауырына басып, ағайын-туыс, достарын әрқашанда Сәкең бардағыдай күтіп алады.
«Ат тұяғын тай басар» дегендей, шүкір, әкесінің орнын баласы Дәурен жалғастырып, жол жөндеу мекемесін абыроймен басқарып келеді.
Балалары жиналып, әкесі Серікбайдың атына берілген көшенің тұрғындарын, елдің ағаларын, Сәкеңнің бұрынғы достары мен әріптес жолдастарын, құда-жекжат, туыстарды жинап, Құран-қатым жасатып, үлкендердің батасын аламын деген ниеттері мен талаптары оң болсын! Бұл дүниеде бір-бірін сыйлап, жақсылық жасаған адамдардың әрқашанда жұлдызы жанып, талаптары оңғарыла берсін!
Оразғали БЕКБАНОВ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы,
Қазалы ауданының құрметті азаматы
11 наурыз 2020 ж. 660 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 114

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930