Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тура жолдан таймаған

Тура жолдан таймаған

Ауыл шаруашылығының озат ұйымдастырушысы, ерен еңбегі үшін Ленин, екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» ордендерінің, , Лениннің туғанына 100 жыл, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 50 жыл», «Тың игерудің 25 жылдығы» медальдарының және бірнеше республикалық, облыстық грамоталардың иегері Шынтас Жалғасбаев тірі болғанда 90 жасқа толар еді.
1968 жыл. Қызылордадан Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына бас құрылыс инженері болып қызметке ауысқан кезім. Ауданда он беске жуық шаруашылық бар, проблема шаш етектен. Әсіресе малшылардың жағдайы нашар. Үй, мал қорасы жетіспейді. Малшылардың біразы жертөледе қыстап, жазда қараша үйде тұрып күн көреді. Совхоз орталықтарында типтік жобамен салынған мектеп, балабақша, мәдениет үйі, аурухана жоқтың қасы.
Қазақ ССР-ның 40 жылдығы атындағы совхоз директоры Досхожаев Ақмырза қызметінен босатылды, орнына Карл Маркс атындағы совхоздағы бастауыш партия ұйымының хатшысы Жалғасбаев Шынтас келіпті деген хабарды есіттім. Бұл 1969 жылдың ақпан айы еді. Аталған шаруашылықтың көрсеткіші нашар, артта қалған совхоз болатын. Алайда жұмысты қабылдап, ыждағаттықпен кіріскенімен «жығылғанға жұдырық» Сырдария өзенінің «Иланды» деген тұсынан су тасып, малшы үйі, мал қыстайтын қораларды шайып кетті. Шакең ойланбастан, көмек сұрау үшін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Байшуақов Әбжамидың қабылдауына келді.
Жұмыста отырғанмын, «райкомға тез жетсін» деп шақырды. Барсам, хатшының алдында Шынтас отыр. Мен кірдім де ауыз жақтағы көп орындықтың біріне отыра кеттім.
– Бері жақында, – деді хатшы. – Мына ағаңды танисың ба?
– Танимын, бір рет кездескенім бар.
– Ендеше, дұрыстап таныс. Қазір жинал да, өзімен бірге шаруашылығын арала, не қажеттілігі бар, соны шеш. Сосын қорытындысын маған айтарсың, – деп хатшы шығарып салды.
Шакеңнің жеңіл автокөлігіне мініп, ауыл маңындағы мал қыстайтын жерлерін түгел аралап, түстен кейін Қарақұмға жол тарттық.
Шынтас аға бар тілегін айтып келе жатыр, менің қолымда қойын дәптер, анда-санда тоқтаған жерде, елді мекендердің аттарын, онда не бар, не жоқ, соны түртіп аламын.
Байқаймын, Шәкеңнің осы не шешер дейсің дегендей, көңілі маған толмайтындай. Мен ойланып келе жатырмын, жыл басталып кетті, қаржы бөлініп, банкке тапсырылды. Бірақ шешу керек!
Кештетіп, жол жөнекей «Шөлқұм», «Шилі», Қарақұмдағы Шәкен елді мекендерін аралап, бір қойшының үйіне келіп қондық. Ертеңіне бірге қайттық, жол үстінде аздап тіл қата бастадым.
– Шаке, ауданның бар шаруашылықтарында осындай жағдай бар. Бәрін көзіммен көрдім. Көмек болады, қаржы да, құрылыс материалдарын да бөлемін. Тек соны салуға икемді бригадаңыз бар ма, бөлінген қаржыны игере аласыз ба, соны есептейік. Совхоздың прорабы Қоңырбаев Нұрылланы жіберіңіз және келер жылдардағы берілетін көмекті де жоспарлайық. Жоба – смета дайындауға тапсырыс берейін, – дедім.
Ол кезде малшыларға арналған үйдің материалдары: «3щ-37, 4 МБ-72» дайын келетін. Содан жеткілікті етіп бөлдім, 5-6 қой қорасын да қарастырдым.
1975 жылы қараша айында мені облыстық партия комитетінің шақыруымен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына құрылыс жөніндегі орынбасары қызметіне ауыстырды. Ол кезде ауыл шаруашылығына қарасты 90 совхоз, 10 колхоз, 5 арнаулы мал бордақылау бірлестігі, көптеген ведомствоаралық мекемелер бар болатын. Тапсырма да жеткілікті, көбіне басшылармен іссапарда жүретінмін.
Жұмысқа кіріскеніме көп уақыт болмай кабинетіме Шынтас аға келді, маған жақсы тілек айтты, «баяғы өзің көрген елді мекендер кішігірім ауылға айналды. Көп қарастың, әлі де көмегің керек, бәрі де өзіңнің қолыңда ғой», – деп әдемі күлкісімен жымиды. Мектеп ескі, клуб жоқ, ауызсу, ауылға жол, тағы басқа мәселелерін алдыма жайып салды.
«Бәрін де рет-ретімен аудандағы құрылыс мекемелерінің күшіне қарап шешемін. Жобаларына тапсырыс берейін, тек клуб болмаса», – дедім. Клуб, мәдениет үйі құрылысы, Қазақ ССР Мәдениет министрлігі арқылы шешілетін.
Берген уәдем бойынша 624 орындық мектеп пен ауылға дейінгі жолды салдырдық, көше реттеліп, жаңа үлгідегі үйлер бой көтерді. Жер асты суын тұщытатын қондырғы орнатылып, су құбыры жүргізілді. Ол кездері су тұщытатын қондырғыны Мәскеуден алдыртатын едік. Клуб құрылысына да өзінің табандылығының арқасында қол жеткізді. Қазақ ССР Ауыл шаруашылығы министріне барып, өтініш айтып қаржы бөлдірді. Мен бөлінген қаржыны игеру үшін жоба жасатып, мердігер мекеменің жоспарына енгізіп, 330 орындық клубтың салынуына басшылық жасадым.
Жақсының көзі кеткенмен, аты өшпейді. Оның ел алдындағы атқарған игілікті істері көптің есінде. Уақытпен санаспай жұмыс істейтін, халық, жастардың болашағы үшін аянбай еңбек етті. Шакең ауыл шаруашылығы саласында білікті де, білімді мамандар дайындады. Олардың көбісі кейін совхоз директоры, ұжымшар төрағасы болып ауданның, облыстың экономикасын көтеруге үлесін қосты. Мамандарын сыйлай да, жұмыстарын бағалай да, талап ете де білетін қарапайым адам еді. Дүниеқоңыздыққа барған жоқ, барынша әділ, шындықты сүйетін.
Шынтас совхоз директоры болған 22 жылда Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхоз 3 рет Бүкілодақтық, 6 рет республикалық Ауыспалы Қызыл Туға ие болды. Одақта 2 рет, Республикада 11 рет Құрмет грамотасы және дипломдармен марапатталды. Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхоз (директоры Шынтас Жалғасбаев) Қазақ ССР-ның «Құрмет» кітабына жазылып, Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің Құрмет тақтасына енгізілді.
Шынтас аға Қазақстан Орталық партия комитетінің X, XII, XVI, съездерінің делегаты, бірнеше рет облыстық, аудандық кеңестердің депутаттығына сайланып, аудандық партия комитетінің мүшесі болды.
Отбасында асқар таудай әке бола білді. Құдай қосқан қосағы Балкүміс апа екеуі 4 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Балаларына өнегелі тәрбие берді, бәрі де жоғары білім алып, егемен еліміздің әр түкпірінде абыройлы қызмет атқаруда.
1991 жылы зейнеткерлік демалысына шықты, өмірінің соңына дейін Қазалы ауданы әкімінің қоғамдық негіздегі кеңесшісі, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып халықтың ортасында жүрді.
2000 жылы Шынтас аға қайтыс болды. Ақтық сапарға шығарып салуға Қызылордадан Жанқожа баба атындағы ауылға бардым. Мәйітті өзі салдырған ауыл ортасындағы жолмен алып жүрдік. Қасымдағы жолдастарыма: «Сол жақтағы мектеп, оң жақтағы клуб үйі, абаттандырылған үйлер, бой түзеген көше Шакеңнен қалған қолтаңба» – дедім. Бәрінің куәсі болдым. Оның істеген игілікті ісінің көпшілік игілігін көруде.
Иә, Шынтас ағаның табан ақы, маңдай терімен атқарылған жұмыстар кейінгі жастарға өнеге, үлгі. Ол небәрі 70 жас қана өмір сүрді, бірақ өзінің ерен еңбегімен ел есінде қалды. Оның кіндік қаны 1930 жылы Арал ауданы, Сайғонды ауылдық кеңесінің Шабан ауылында тамған. Балалық шағы ашаршылық жылдарына, Ұлы Отан соғысынан кейінгі елдегі қиын кезге тап келді. Еңбек жолын «Шөмішкөл» балық колхозының жұмысшысынан бастап, Арал ауданының «Приарал», Қазалының Карл Маркс атындағы совхозын да партия ұйымының хатшылығы қызметін абыроймен атқарды. Шаруашылық ісін алға сүйреп, еңбекқорлығы, озық тәжірибесімен танылды.
Абыройлы да атпал азамат есімінің ел есінде мәңгілік сақтала береріне кәміл сенімдіміз.

Нұрлыбай ҰЛЫҚБАНҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті
құрылысшысы,облыстық ауыл
шаруашылығы басқармасы
ардагерлер
кеңесінің төрағасы
24 қазан 2020 ж. 563 0

Табиғаттың тілі жоқ

05 мамыр 2024 ж. 53

Шаттық ұялаған шаңырақ

04 мамыр 2024 ж. 104

Сақтық – саулық кепілі

04 мамыр 2024 ж. 112

Маңызды мәжіліс

04 мамыр 2024 ж. 81

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 107

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 117

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031