Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегімен елге сыйлы

Еңбегімен елге сыйлы

Бұғанасы қатпай жатып еңбекке араласқан, саналы ғұмырын елдің өркендеуіне, дамуына арнаған арда азаматтар әлі де арамызда бар. Олардың қиын кезеңдегі жанқиярлық тірліктері бүгінгі ұрпаққа үлгі, тарихқа тағылым. Алайда уақыттың жетіспеушілігі, шаруаның көптігінен олардың ғұмыр жолындағы ерлікке татитын істерін ұмыт қалдырып жатамыз. Керісінше абыз ақсақалдардың алтын бастарын тірі кезінде қадірлеуді санада сақтауымыз керек. Кезінде қасиетті Қазалыны заман көшінен қалдырмай, елді мекендердегі тіршілікті жандандыруға атсалысқандардың бірі – Сақыбай Нармағамбетов.
Бүгінде сексеннің сеңгірінен асқан қос ғасыр куәсі Арал ауданына қарасты Қамыстыбас ауылының, Тоқабай бөлімшесінде дүниеге келген. Айналасымен тез тіл табысқыш, зерек бала кішкентайынан оқу-білімге құштар еді. Сол тұстағы Ақбай колхозының мүшесі болған әке-шешесі Жеңіс күнін жақындатуға аянбай үлес қосты. Егіншілікпен айналысқан. Алайда Сақыбай тоғыз жасқа толғанда 1945 жылы қапияда анасынан айырылады. Бұл ол үшін жеңіл соққы болған жоқ. Бірақ не бала, не кәрі деп қарамайтын күнделікті күйбең жігерін жасытпады. Таң атқаннан кеш батқанға дейін жалғасатын жұмыс жеңіл емес-тін. Оның үстіне сабаққа да үлгеру керек. Осылайша қатаң кестемен 6 сыныпты бітірген бозбаланы алда колхоз тіршілігі күтіп тұрған. Дегенмен Арал ауданындағы бір мектепте директор болған туған ағасы інісінің болашағын ойлап, қасына шақыртып алады. Осы сәтте Сақыбайдың зеректігі қайта оянып, есеп-қисап, жаратылыстану сияқты пәндерден қатарының алдына шықты. Бұдан кейін мұғалімдері оған жетінші сыныпты оқытпай-ақ, сегінші класқа аттатып көшірген. Нәтижесінде Қамбаштағы орта мектептің оныншы класын үздік бағада тәмамдаған. Білім ордасынан түлеп ұшқан дарынды шәкіртті мектеп әкімшілігі мұғалімдікке шақырған. Осында жылдан аса жұмыс істеп, Ташкенттегі ирригация және механизация институтына түседі.
Студенттік шақта білімі артып, ой-өрісі өскен Сақыбай жоғары оқу орны жолдамасымен Ақмола облысы, Есіл ауданындағы “37 жыл Октябрь”, “Маяковский” совхоздарында тыңайған жерді игеруге қатысып, құрылысшы, комбайнер, механизаторлық кәсіптің дәмін татады. 1960 жылдан бастап Арал қаласындағы теңіз кемелеріне моторист, электрик сияқты мамандар дайындайтын учелищеде аға шебер, аға мұғалім болып еңбек етті. Араға үш жыл салып КПСС мүшелігіне өтіп, Қазалы аудандық өндіріс басқармасында инженер-механик, өндіріс басқармасы басшысының бірінші орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Сондай-ақ аудандық “Казсельхозтехника” бірлестігінің бастығы қызметін атқарды.
Сақыбай Нармағамбетовтың жемісті еңбек жолы 1968 жылдың ақпанында басталды. Олай дейтініміз осы жылы Карл Маркс атындағы қой кейін күріш егуге бейімделген совхоздың директорлығына тағайындалды. Ол мұнда алғаш рет мал бордақылап сату ісін қолға алып, тұрғындарды етпен қамтыды. Сонымен бірге бірнеше көлді совхоз құрамына кіргізіп, балық шаруашылығын да аяққа тұрғызды. Басшылық тарапынан Сақыбайдың сауда, құрылыс пен ауыл мәдениетін көтерудегі тың бастамалары жақсы бағаланды. Егін өнімділігі де біршама артты. Мен жұмысшылар кооперациясына басшылық еткен жылдары ағамызбен тіл табыса жүріп, ауылдан сауда орталығын ашқанымыз әлі есімде. Сонда Сәкең ескі клуб үйін сауда орнына ыңғайлап, жөндетіп берді. Осы жерден сол заманға ыңғайлап тігулі бұйым және аяқ киім дүкенін аштық. Жалпы орталықтағы үш дүкен саны онға жеткізілді. Қосымша ауыл шаруашылық өнімдері, шаруашылық заттары, мәдени заттар, кітап, ет-балық сататын дүкендер жабдықталып, тұтынушылар сұранысын өтеді. Осындай игілікті істің нәтижесінде Карл Маркс атындағы совхоз жұмысшылар кооперациясы базасында 1977 және 1978 жылы сауда мәдениетін көтеру жайлы аудандық, облыстық, семинар-кеңестер өткізілді. Оған облыстық партия комитетінің хатшысы Н.А. Подольских және барлық аудандық партия комитетінің хатшылары мен аудандық совет атқару комитетінің орынбасарлары қатысты.
Үлгілі бастама жоғары бағаланып, Мәскеуден арнайы диплом келіп, Қазақстан тұтынушылар одағының бірнеше рет ­ауыспалы Қызыл Туын иемдендік. Сол жылы Сәкең Алматы қаласындағы Қазақ ССР Тұтынушылар Одағы кооперациясының ХІІ съезіне делегат болып қатысты.
Ерте жастан бойына білім жинап, көшбасшылық қабілетті дарыта білген жан 14 жыл шаруашылық басқарғаннан кейін аудандық “Сельхозхимия” автобазасының директоры болды. Мұнда да үзіліссіз 17 жыл жұмыс істеп, 1998 жылы жасының ұлғаюына байланысты зейнеткерлік демалысына шықты. Айтпақшы, 1988-1992 жылдары қоғамдық негізде Жаңақазалы поселкелік Кеңесінің төрағасы болғанын айтуды ұмытып барамыз. Бұл аз десеңіз, ұзақ жылдар қатарынан поселкелік, ауылдық кеңестің депутаттығына сайланып, халық қалаулысы ретінде танылды. Бұнда да саяси білімінің тереңдігін, экономика саласының білгірі екенін дәлелдей білді.
Ел мүддесін нығайтуды басты мақсат еткен ерлердің маңдай тері бағаланғанға не жетсін?! Балалық шағы қиындықпен өткесін бе, оның бойында жұмысқа деген ынтасы мен тың идеялары ешқашан өшкен емес. Кеудесінде жарқыраған марапаттар ақсақалдың ауыртпашылық пен өнегеге толы өмірін айшықтағандай. Оның ең алғашқысы 1954-1974 жылдары “Тың игергені үшін” медалы. Бұдан кейін “Ерен еңбегі үшін”, “Тыңға – 50 жыл” медалі мен, «Құрмет белгісі» орденін алған. Сақыбай Нармағамбетов зейнетке шыққаннан кейін де ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосқаны үшін “Қазалы ауданының Құрметті азаматы” атанды.
Көпке қадірлі қария отбасында Құдай қосқан қосағы Ұлдай Пірәліқызымен 4 бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде солардан 9 немере, 3 шөбере сүйіп отыр. Ұлдай Ипатурова Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мұғалім. Бүкіл ғұмырын елдің дамуына, халық игілігіне арнаған ардақты қариялар өмірі әрқашан өскелең ұрпаққа өшпес бағыт-бағдар болып қала береді.

Базарбай НАҒЫМАНОВ,
сауда саласының ардагері
22 тамыз 2020 ж. 836 0

Байқауда бағы жанғандар

11 желтоқсан 2024 ж. 274

Білім туралы құжаттарды тану

11 желтоқсан 2024 ж. 167

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031