Дамуға дара жол
Елде төтенше жағдай жарияланғаннан бері кәсіпкерліктің даму қарқыны сәл баяулап қалғаны жасырын емес. Өйткені әлемдік экономикаға жіпсіз байлау болған коронавирус әлі де жұдырығын жаза қойған жоқ. Десек те осы уақытқа дейін ел Үкіметінің кәсіпкерлікті дамытуға байланысты қолға алған көптеген ірі жобаларының арқасында банкрот болған кәсіпорындар мен кәсіпкерлердің қатары басқа елдерге қарағанда сирек.
Қазірдің өзінде Қазалыда «Қызылорда инвестициялық қаржыландыру орталығынан» қаржыландырылған жобалар жүзеге асып, бизнес бастағысы келген тұрғыандар кәсіпкерлікке мамандандырылып жатыр. Бұндай істер уақыттың қиын тұсында да тоқтамай келе жатқаны көңіл қуантады.
“Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының арқасында қазір көптеген қазалылық кәсіп ашуға кірісіп кетті. Айта кетерлігі, осы күндері “бизнес леди” атанған нәзік жандардың қатары көбейіп келеді. Мәселен, биыл аталған бағдарламамен қолдауға ие болған он кәсіпкердің алтауы әйел. Ал ең жоғарғы қаржыға ие болған кәсіпкер – Бақыткүл Бөлекбаева. Ол тамақтану орнына қажетті құрал-жабдық сатып алу үшін 5 миллион теңге жеңілдетілген несие алған. Сол сияқты өркендеулік Гүлзия Базар, Майдакөл ауылының тұрғыны Ақылбек Ережепов, Мұратбай ауылдық округінің тумасы Нұрболат Қуанышбай мен аудан орталығының тұрғыны Айнұр Ахмет қасиетті жылқы малын көбейтіп, пайда табу үшін аудандық кәсіпкерлер палатасына құжаттарын тапсырған. Нәтижесінде бұлардың барлығы 2-3 миллион теңгеге жылқы сатып алып, кәсіптерін дөңгелентуде.
Бұдан бөлек Аманкүл Тасболатқызы мен Тұрсынкүл Телағысқызының “Наубайхананы кеңейту” жобасы, Қази Дүйсенбаевтың жолаушылар тасымалына байланысты бастамасы және Ақалмас Өтегеновтің “Темір бұйымдары” цехын ашу үшін сұралған өтінімі қанағаттандырылып, тиісті деңгейде проценті азайтылған несие берілген. Аталған бағдарлама төңірегінде жалпы көлемі 28 миллион теңге қаражат кәсіпкерлерді қолдауға бөлінген. Олар бұл мақсат өз деңгейінде жалғаса беретін болса кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп, ел экономикасы қатар дамитынына шүбәсіз сенетіндерін айтып отыр. Сәуір айында қой басын көбейту үшін 3 миллион теңге қаражатқа 60 бас қой сатып алған Айжанкүл Алманиязова да кәсіпкерлікті дамыту жолға қойылғандығына дән риза.
– Қазіргі күні бірден кәсіп бастап кету оңай жұмыс емес. Оған тиісті қаржы, жан-жақты қолдау керек. Бақытыма орай, мен екеуіне де бір мезгілде қол жеткіздім. Мемлекеттің ұтымды бағдарламаларының арқасында кәсіптік білім алып, жеңілдетілген несиемен мал шаруашылығы қолға алдым. Қазіргі таңда қой басы көбейіп, отбасымыздың несібесі артты. Бір қуанарлығы, шаруашылығымыздың дамуына карантин режимі айтарлықтай әсер етпеді. Бұл үшін жергілікті қолдаушыларымызға, ел басқарып отырған атқамінерлерге алғысым шексіз, – дейді ол.
Ел арасында үлгерімі мен білімі нашар болса да кәсіп бастап, қатарынан озуға болады деген қате түсінік бар. Әрине білім ошақтарындағы жүйесіз бағалау адамның келешегіне әсер етпеуі мүмкін. Бірақ білімсіз биікті бағындырамын деу – бос әурешілік. Сол себепті аудандық жұмыспен қамту орталығы мен “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының Қазалы аудандық филиалы бірлесіп, талапкерлердің қаржылық сауаттылығын, бизнесті дамыту әдістерін оқытуды бірнеше жылдан бері жүйелі жүргізіп келеді. Биылдың өзінде “Бастау-бизнес” бағдарламасы аясында 284 адам кәсіпкерлік оқытудан өткені туралы сертификат алған. Оның үшінші кезеңі бойынша қазір 32 адам оқып жатыр. Білімін куәландыратын құжат алғандардың ішінде 148 кәсіпкер қаржылай грант жеңіп алды. Бұндай қолдау үшін мемлекет 81 миллионға жуық қаржы жұмсаған.
Айта кетейік, ауданда “Бизнес кеңесші” бағдарламасы да ұтымды үйлестірілген. Бүгінгі күні 34 тұрғын кәсіпкерлік оқуды аяқтап, сертификат алды. Дәл осы сәтте 17 адам кәсіпкерліктің қыр-сырын біліп, бизнесті дамытудың жолдарын меңгеруде.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ