Ата кәсіпті жалғап, кәсіптен нәсіп тапқандар.
«Нұр Отан» партиясы Қазалы аудандық филиалының ұйымдастыруымен Қазалы ауданы, Мұратбаев ауылдық округінде орналасқан шаруа қожалықтарымен айналысатын кәсіпкерлермен «Кәсіптен нәсіп тапқандар» тақырыбында кездесу болып өтті. Кездесуге аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәмбетжан Қасқырбек, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас маманы Байденесова Ардақ, Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының менеджер кеңесшісі Қуанғалиев Берікбол және ауылдық округ әкімдігі аппаратының мамандары, кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері қатысты.
Кәсіпкерлермен кездесу барысы жеке кәсіпкер Әбілтаев Бақыттың шаруа қожалығынан басталды. Мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер ата кәсіпті 2013 жылы бастағанын, содан соң 2014 жылы «Ауылшарушылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ- нан «Береке» бағдарламасы бойынша қаржылай несие алып, кәсібін кеңейткенін және осы кәсіп арқасында 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырғанын айтты. Сондай-ақ кәсіпкерлермен кездесу барысы жеке кәсіпкер, мал шаруашылығын дамытып, мал бордақылаумен айналысып отырған Шагдиев Елубайдың шаруасымен танысумен жалғасты. «Біз жеке кәсіпкерміз. Мемлекет басшысы біздерге үлкен мүмкіндік берді. Мемлекетіміздің кәсіпкерлерге көрсетер шарапаты мол. Кәсіпкерлер өз ынтасы бойынша өз иелігіндегі барлық шешімдер мен іс-әрекеттерді жүзеге асыруға құқығы бар. Мен өз кәсібімді «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-нан «Жұмыспен қамту–2020» бағдарламасы бойынша несие алып бастап, бала-шағамды осы нәпақаммен бағып отырмын. Басқа жұмыссыз азаматтарды да жұмыспен қамтып отырмын. Алдағы уақытта жер алып, осы кәсібімді кеңейткім келеді»–деді кәсіпкер Шагдиев Елубай.
Кездесу барысында сөз алған аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары «Еліміз алғаш нарықтық қатынасқа көшіп, шаруашылық жүргізудің бұрынғы жүйесі бұзылған тұста сала құлдырауды бастан кешкенімен соңғы уақыттары мал шаруашылығын дамыту мәселесіне мемлекет үлкен көңіл бөлуде. Соған сәйкес мал басының өсімі мен оның өнімі жылдан-жылға молайып келеді. Мұның өзі саланың келешек дамуына негіз қалау үшін мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын мейлінше жандандыруды қажет етеді. Сондықтан істеріңізге сәттілік тілеймін!» – деді Қасқырбек Өмірзақұлы.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат.