Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мың тағзым саған, майдангер!

Мың тағзым саған, майдангер!

Елу миллионнан астам өмірді жалмаған екінші дүниежүзілік соғыс әр қазақ отбасы үшін де орны толмас қайғы-қасірет әкелді. Қаншама көкөрім боздақтардың қыршын жасы қиылды. Қауызын ашпай көктей қырқылған жандардың қатарында 10 500-ден аса қазалылық жерлесіміз бар. Отан қорғауға Қазалыдан аттанғандардың бес мыңдайы ғана ­жаралы әрі науқас күйінде елге оралды.
Қан майданнан оқ пен оттың арасынан аман қалып, туған жерге табаны тиген Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары жыл санап азайып барады. Қазір арамызда Қабақ Смағұл, Тілеуберген Тобаберген, Қалеп Бектұрғанов қалды.
Мектеп бітірісімен Октябрь колхозы төрағасының хатшысы болып жүрген алғыр жігіт Қабақ Смағұл ел басына күн туған шақта қатарластары секілді әскерге алынды. Тағдырдың бұралаң жолы оны майдан даласынан бір-ақ шығарды. Ол қолбасшы Рокоссовский басқарған III екпінді армия сапында неміс-фашистеріне қарсы шабуылға шықты. Станокты пулеметтің көздеушілігін меңгеріп, Тула қаласын азат етуге атсалысты. Жан беріп, жан алысқан шайқаста көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталды. 1943 жылдың қысында Орел қаласын жау құрсауынан босату шайқасына қатысты. Осы ұрыста жас жауынгер ауыр жараланып, Горький қаласындағы әскери госпитальға жатқызылды. Шайқас кезіндегі батылдығы ескеріліп, «Ерлігі үшін» медалі берілді. 1943 жылдың қарашасында арнаулы медициналық комиссияның ұйғарымымен соғысқа жарамсыз деп танылып, туған жерге қайтарылды.
Елге жетісімен «Жаңабасшылық», Октябрь колхоздарында есепші қызметін атқарды. Соғыс аяқталған соң әскери комиссариат арқылы Қарағанды қаласын қалпына келтіру жұмысына араласты. Кейін ауылдық кеңестің хатшысы, №24 мектептің, №5 санаториялық мектеп-интернаттың, аудандық оқу бөлімінің, аудандық мал сою пунктінің, Майдакөл ауылдық кеңесінің есепшісі қызметтерін абыроймен атқарды. Тоқсан бестен асқан майдангер әлі де газет-журнал оқып, ел жаңалықтарынан хабардар болып отырады.
1945 жылғы 9 мамырдағы Жеңіс күнін Берлин қаласында қатардағы жауынгер ретінде қарсы алған Тілеуберген Тобабергенұлы Қазалы ауданының №2 ауылдық Кеңесіне қарасты Жамбыл колхозындағы егінші Тобаберген мен сауыншы Рыскүлдің тұңғышы еді. Бала кезінен елгезектігімен көзге түскен Тілеуберген бауырларына күні бойы жұмыста жүрген әке-шешесін жоқтатпайтын. Осындай бірқалыпты тірліктің бір-ақ күнде астан-кестені шықты. «Соғыс басталыпты» деген қаралы хабар елді дүр сілкіндірді.
Тілеуберген де қатарластары секілді жастық дәуренмен ерте қоштасты. 1942 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылған бозбала Өзбекстан Республикасының астанасы – Ташкент қаласының маңындағы Шыршық стансасына жеткізілді. Осында бір ай бойы әскери дайындықтан өтті. Бір күні әскери эшелонға тиеліп, Мәскеу іргесіндегі Смоленск қаласына жетті. 150-ші зеңбіректі атқыштар полкінде қолына қару ұстап, майдан шебіне барды. Бір жылдан кейін 291-ші атқыштар полкі құрамына жіберіліп, Белоруссияны, Польшаны, Чехословакияны, Кинигсберг, Калининград қалаларын жаудан азат етуге қатысты. Маршал Г.Жуков басшылық ететін 158 гвардиялық полктің 28-ші автомат ротасы сапында Отан алдындағы борышын өтеп, бірнеше рет батылдығымен көзге түсті. Бас қолбасшы И.В.Сталиннің қолы қойылған Алғыс хат алып, «Кинигсберг қаласын азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды. Соғыстан кейін неміс-фашист басқыншыларының тұтқынға алынған жауынгерлерін күзетуге қалдырылып, туған жерге 1947 жылғы тамыз айының аяғында оралды.
Абай ауылы маңындағы қарапайым шаруа адамдары Бектұрған мен Ақжанның отбасында дүниеге келген Қалеп Бектұрғанұлы тұрмыстың тауқыметін буыны қатпаған бала кезінен татып өсті. Білімге құштар ол Қазалы қаласындағы №16 мектептен 5 кластық білім алды. Оқуды одан ары жалғастырам деп жүргенінде соғыс басталып кетіп, арманы аяқсыз қалды.
1942 жылы 19 жастағы бозбала Қалеп әскер қатарына қабылданды. Олар әуелі Чкалов қаласында күні-түні оқу-жаттығуына қатысады. Қарт майдангердің айтуынша, ол ПВО әскерінің сапында 1942 жылдың жойқын шайқастарына Мәскеу маңында кіріседі. 1943 жылғы қиян-кескі ұрыстың бірінде желкесіне оқ тиіп, Рязань облысындағы госпитальда үш ай емделеді. Жарақатынан айыққан соң қайтадан соғыс даласына аттанады. 1943 жылдың қыркүйегінде аяғынан ауыр жараланып, екінші мәрте Мәскеудегі әскери гопитальға түседі. Осы жолы Қалеп Бектұрғанов денсаулығына байланысты әскери комисариаттың ұйғарымымен соғыстан босатылып, елге жіберілді.
Майданнан жарақат алып келсе де жатпай-тұрмай колхозда еңбек етті. Абай колхозында ферма меңгерушісі, жүк қабылдаушы болды. 1955 жылдан бастап балық зауытына балықшылыққа ауысып, осында 21 жыл табан аудармай тер төкті. Ұлағатты өмір жолымен үлгі болған Ұлы Отан соғысы ардагерімен бала-шағасы үнемі мақтанып отырады. Асқар тау аталарының айтқанын екі етпейтін немере-шөберелері де әркез жанынан табылатын жанашыр қамқоршыларына айналған.
Ел үшін кеудесін оққа тосып, от-жалынның ішіне именбей енген майдангерлердің ерлік ісін ешкім де, ешқашан ұмытпақ емес.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
06 мамыр 2020 ж. 1 514 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 67

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930