Сыр өңіріндегі кітапханалар Абай өлеңдерін оқудан челлендж ұйымдастыруда
Бүгінде аймақтағы кітапханалар оқырмандарымен тығыз байланыс орнату үшін фейсбук әлеуметтік желісі арқылы өз жұмыстарын жүргізіп келеді.
Қызылорда облысының кітапханалары елдегі төтенше жағдайға байланысты кітап оқу, өлең оқу шараларын онлайн түрде ұйымдастыруға көшті. Осы орайда Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай Қызылорда облысындағы бірқатар кітапханалардың қызметкерлері әлеуметтік желілер арқылы Абай өлеңдерін оқу челленджін жүргізіп келеді. Бұл шараға атсалысып жатқан оқырмандар қарасы көп. Соны ішінде студенттер мен оқушылар Абай өлеңдерін жатқа айтудан белсенділік танытып жүр.
«Осы уақытқа дейін кітапханамызға «Абайша сүйіп, Абайша күйіп жүрсіз бе?» деген атаумен арнайы пошта жәшіктері қойылған болатын. Оқырмандар онда ұлы Абай шығармаларының қазіргі қоғамдағы өзектілігі туралы өз пікірлерін ашық жазып жүрді. Сол кездері студент-жастардың Абай әлеміне деген қызығушылығына ерекше тәнті болған едім. Ал, қазіргі оқшаулау кезеңінде жастарымыз үйде отырып Абай туындыларын жатқа айтып жүр. Осындай шақта жас жеткіншектеріміздің Абай мұрасына үңілуі одан әрі қуантты. Өйткені, Абай әлемі – халқымыздың баға жетпес мұрасы. Сондықтан, еліміздегі төтенше жағдай кезінде Абай Құнанбайұлының шығармаларын тағы да бір зер сала оқып, ұлы тұлға бізге нені аманаттады, нені талап етті, елдің қай ісіне сүйсінді, қай қылығына күйінді деген өзекті сұрақтарға жауап беру үшін ғұламаның өлеңдері мен қара сөздерін баршамыз тағы бір қайталап оқыған жөн деп білемін», - дейді Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің кітапханашысы Рахила Доспаева.
Бүгінде аймақтағы кітапханалар оқырмандарымен тығыз байланыс орнату үшін фейсбук әлеуметтік желісі арқылы өз жұмыстарын жүргізіп келеді. Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық кітапхана және өңір аудандарындағы кітапхана қызметкерлері қашықтан жұмыс істеу арқылы Абайдың 175 жылдығына арналған шараларды онлайн режимінде ұйымдастыру үстінде.