Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұқымбақтағы тындырымды іс

Тұқымбақтағы тындырымды іс

Жер тоңы жібіп, алғашқы көк қылтиған шақта шыбық қадап, көшет отырғызу – сауапты іс. Бабын тауып, баптай білсең, бүгінгі көшет болашақта мәуелі баққа немесе көлеңкелі саябаққа айналары сөзсіз. Осы орайда күз мезгілінде тұқым сеуіп, тұрғындарды көктем айларында көшетпен қамтамасыз ететін ауданда тұқымбағы барын біреу білсе, біреу білмес. Жуырда ағаш отырғызудың қыр-сырына қанық мамандар топтасқан мекемеде болып, тал егудің тәсілдерін сұрап білген едік. Айтуларынша, көшетті наурыз, сәуір айларында отырғызған қолайлы.
Қазалы қаласынан үш шақырым қашықтықта орналасқан тұқымбағы – «Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығы» РМҚК Оңтүстік-батыс аймақ филиалы деп аталады. Арал теңізінің суы қайтып, ұлтаны құрғап, топырақтың тұздануы, сол топырақтың желдің күшімен мыңдаған шақырым жерге ұшып барып түскен жерлерін сорландыру әрекеттері республика аумағымен бірге шет елдерді де елеңдеткені жасырын емес. Осының салдарынан Аралды құтқару Консерциумы құрылып, Қызылорда облысы экологиялық аймаққа жатқызылды. Бұның ішінде Арал, Қазалы аудандары экологиялық апат аймағы болып аталды. Аралдың суы қайтқан ұлтанына орман мелиорациялық жұмыстарды жүргізу қажет деп табылып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен «Қазақстан Республикасы аумағында ормандарды сақтау және орманды жерлерді көбейту» бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама аясында 2009-2013 жылдар аралығында теңіздің суы қайтқан ұлтанына 79 мың гектар жерге сексеуіл тұқымын себу мен оның екпе көшетін отырғызу жоспарланды. Осы орайда «Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығы» РМҚК Оңтүстік-батыс аймақ филиалы директорының міндетін атқарушы Мөлдір Валиева:
– Осы ауқымды жұмыстарды атқаруда екпе көшетпен қамтамасыз ету үшін екпе көшет шығаратын тұқымбақ қажет болды. Тұқымбақты Қазалы қаласынан ұйымдастыру қажет деп тауып, құрылған комиссия құрамы осы күнгі тұқымбақ орналасқан жерге тоқталады. Жобадағы мақсатты орындауға «Ояз бағынан» аталатын орман қоры жерінен 32 гектар жер бөлініп, оның 17 гектарына сексеуіл көшетін, қалған 13 гектарына түрлі ағаштардың көшетін өсіру қолға алынды. Ал 2 гектар жерге ғылыми зерттеу зертханасымен әкімшілік ғимараты және өндірістік шаруашылық құрылысы салынды, – деді.
Қазіргі таңда тұқымбақта жұмысшылар күшімен үш гектар жерге қара сексеуіл сеппе бөлімі ұйымдастырылып, 900 000 мың дана сексеуіл көшеттері стандартқа сай өсіріліп жатыр. Сонымен қатар қала маңындағы ауылдық округтерді әртүрлі ағаш көшеттерімен қамтамасыз етеді. Бұнда терек, үйеңкі, жиде, катальпа, шаған, шығыс бозаршасы кармала, тағы басқа әсемдік ағаштарының көшеттері бапталады. Теректің әр түрінен қалемшелер алу үшін арнайы 25 гектар аналық плантация жасалынған.
– Қара сексеуіл егілген жерге ауыспалы егіс жүйесі кулисалық пар енгізілген. Сонымен қатар тұқымбақта аналық плантация бөлімінен терек пен сыр талынан қалемшелер алынады. Қазіргі таңда мектеп бөлімінде теректің үш түрі өсірілген. Олар Қазақстан, Қайрат және Қызыл таң болып бөлінеді. Тұқымбақтың орналасу ерекшелігі бұнда тұздың көтерілу мөлшері жоғары, қатты жел соғу барысында жердің көп мөлшерде құрғақшылығы байқалады. Тұқымбаққа тамшылатып суару жүйесі қолданылады. Ауа температурасының құрғақшылығына байланысты егілген екпе көшеттерін сақтап қалу үшін суғару жүйесі қатаң бақыланады. Екпе көшеттерінің күтімін жақсарту үшін сонымен қатар органикалық тыңайтқыштармен байытылған қи қоспа бөлімі қызмет көрсетеді, – деген Мөлдір Тілепбергенқызы арнаулы агрегаттар және техникалармен таныстырды. Оның айтуынша, тұқымбақ қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Бұдан соң тұқымбақ шебері Мырзағали Жұмағалиев отырғызылған көшеттерді көрсетіп, әрқайсысына жеке тоқталды. Білікті маманның баяндауынша, қара сексеуіл – жер қыртысының дефляциясын азайту, ілеспелі өсімдіктердің өсуі мен дамуын қамтамасыз ететін микроклиматтың жұмсаруы, жануарлардың өмір сүруіне жағдай жасау тәрізді экожүйелік, Аралдың құрғаған ұлтанындағы құм көшкінін тоқтатуға өсіріледі. Ал айлант – сәндік ағаш түріне жатады. Айлант ағашы 1 жылда 3 метрге дейін өседі, жарық сүйгіш, топырақтың құнарсыздығына және зиянкестер мен ауруларға төзімді. Тұрмыста пайдаланылатын әр түрлі сувинерлер, сапалы қағаздар және хош иістендіргіштер жасалынады. Сумах ағашының да өзіндік ерекшелігі бар. Ол біздің құрғақ климатымыз бен жердің тұздылығына төзімді болып келеді. Жарық сүйгіш және көп күтім жасауды қажет етпейді. Сумахтың қасиеті түрлі өсімдік ауруларына төзімді. Бұның жапырағы түрлі жұқпалы ауруларға ем, әсіресе, салқын тигенде, ревматизмде, іш ауруларында, әртүрлі жараларға емдік ретінде қолданылады. Шығыс биотасы (Туя восточная) – құрғақшылыққа төзімді қылқан жапырақты өсімдік. Бұл ағаш өте жай өседі және топырақ талғамайды, қазып алып отырғызуға төзімді. Шығыс биотасы сонымен қатар қатты аязға төзімді. Оны көктем айында отырғызған тиімді. Халық медицинасында ұнтақ ретінде түрлі ауруларға сонымен қатар өкпе ауруларына қолданылады. Кәдімгі өрік – аязға және құрғақшылыққа төзімді, жарық сүйгіш, тамыр жүйесі жақсы дамыған жеміс ағашы. Вегетативті және тұқым арқылы көбейеді.
Бөлмеге бас сұққанымызда зертханашы Шынар Исмағұлова әр ыдысқа егілген тұқымдарды суғарып жатты. Бұндағы жеміс және сәндік ағаштарының 42 түрі бар. Зертханада орман ағаштарына қажетті тұқымның өміршеңдігі, сапасы анықталады. Сөрелерде қаз-қатар тізілген өсімдіктердің өз атауы бар. Мәселен, қармала (гледичия) – жарық және жылу сүйгіш, құрғақшылыққа және топырақ тұздылығына, әртүрлі зиянкестерге төзімді тез өсетін сәндік ағаш. Жалпақ жапырақты аязға сезімтал, құрғақшылыққа төзімді сәндік ағашы – катальпа деп аталады. Халық арасында оны келіншек тал деп атап кеткен. Шаруашылықта құрылысқа қажетті бөрене алынады және фармацептикада әртүрлі дәрі-дәрмектер жасалады. Айқын жапырақты үйеңкі де аязға төзімді, қатты ыстыққа, құрғақшылыққа шыдамды, жарық сүйгіш тез өсетін, күтімді қажет етпейтін сәндік ағашы. Топырақтың құнарлығын арттырады және зиянкестер мен түрлі аурулармен зақымданбайды. Жіңішке жапырқты жиде – ыстыққа, құрғақшылыққа, аязға, тұздылыққа төзімді. Тамырынан бөлінетін азот тыңайтқышы арқылы топырақты құнарландырады. Мамандардың мәлімдеуінше, біздің аймақта жиі кездестіретін терек ағашы 40-60 жыл өмір сүреді екен. Аязға, ыстыққа, құрғақшылыққа бір қалыпты төзімді, жарық сүйгіш, орташа күтімді қажет етеді, тез өседі. Аязға және құрғақшылыққа шыдамды ағаштың бірі – кәдімгі шаған (ясень). Сонымен қатар қазіргі кезде өндіріске енгізу үшін аморфа, үлпек қайың, қарағай, робиния ағаштары зертханада тәжірибе жүзінде өсірілуде.
Айта кететін жайт, «Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығы» РМҚК Оңтүстік – батыс аймақ филиалы Қазақстанның Астана, Алматы, Қызылорда, Арал қалаларына және шет мемлекеттен Оңтүстік Кореяны көшеттік материалдармен (қара сексеуіл көшеті) қамтамасыз етуге келісімшарт жасауда.
Тұқымбақтағы кез келген өсімдік пен ағаш Қазалы топырағына жерсінеді. Барлығы дерлік осы аумаққа бейімделген. Онда біржылдық, екіжылдық, үшжылдық көшеттер бар. Туған өлке табиғатын көркейту, айналамызды жасыл желекке айналдыруға жұдырықтай жұмыла білген ұжымда есепші Индира Тілеуқұл, кадр ісі жөніндегі маман Мөлдір Жұмаханова, зертханашы Нұрсұлтан Тілеуқұлов, механик Ерсұлтан Бекбауылов, тракторшы Ербол Байтұмақ пен Жеңісбек Жәнібеков, жүргізуші Ерталап Қатышов пен күзетшілер Жақсыбек Орынбасаров, Орман Мұханбетов, Ерғазы Әлібаев еңбек етеді. Бұдан бөлек маусымдық кезеңде оннан астам жұмысшы қатарға қосылады.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
11 сәуір 2020 ж. 1 897 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930