Абай Құнанбаевтың өлеңдерін жатқа оқиды
Кәукей ауылындағы №225 мектептің 11 сынып оқушысы Эльмира Жанызақова Абай Құнанбайұлы мен оның ізбасар шәкірттерінің 420 өлеңін жатқа біледі. Әдебиет әлеміне жаны құмар ол алғаш ұлы ақынның өлеңдерін жаттай бастағанда 11 жаста еді. Одан бері бірнеше жыл қатарынан аудандық, облыстық «Абай оқуларының» жеңімпазы атанып жүрген талантты шәкірт «Алтын белгіге» үміткер. Эльмираның жетекшісі облыстық «Жыл таңдауы – 2019» шарасында үздік мұғалім номинациясын иеленген ізденімпаз ұстаз – Жанат Ахан.
Эльмира отбасында төрт баланың үлкені. Әкесі Маратбай мен анасы Мерует қыздарын үнемі қолдап, түрлі сайыстарда бақ сынауына мүмкіндік жасайды. Әсіресе анасы қызының бос уақытты тиімді пайдалануын үнемі қадағалайды. Кез келген сәтте Абай Құнанбайұлының кітабын қолына ұстап, өлеңдерін сұрауды әдетке айналдырған.
– Қызым бала күнінен қазақ тілі мен әдебиеті пәнін сүйіп оқиды. Оның бойындағы қызығушылықты байқап, пәндік олимпиадаларға, ғылыми жоба, көркемсөз оқу және шығармашылық түрлі байқауларға жетелеп жүрген ұстазы – Жанат Аханға алғысымыз шексіз, – дейді анасы Мерует.
Ұстазы Эльмираның бойындағы талантты 5 сыныпта байқағанын айтады. «Ең алғаш ұлы ақынның «Қыс» өлеңін жатқа айтқаны есімде. Бұдан соң бірнеше өлеңді жаттауды тапсырдым. Қазір қазақтың бас ақынының, шәкірттері – Мағауия, Шәкәрім, Тұрағұл және Әбдірахманның өлеңін жатқа біледі. Алғыр шәкіртімнің болашағынан зор үміт күтемін», – дейді.
Эльмира Маратбайқызы 9 сыныпта жүргенде аудандық ғылыми жобалар байқауында екінші орын алып, облыстық кезеңге қатысты. Республикалық «Жас дарын» ғылыми жобалар сайысында үшінші орын иеленді. Ал 10 сыныпта ІІІ облыстық «Orda-Junior – 2018» сынында «Тіл білімі және әдебиеттану мәселелері» секциясы бойынша екінші орын алды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Ғылым және тағылым» атты І республикалық ғылыми жобалар сайысында үшінші орын тұғырынан көрініп, «Алтын глобус» халықаралық білім мен ғылым және мәдениетті дамытудың оқу-әдістемелік, ғылыми-инновациялық академиясының дипломы және медалімен мадақталды. Қазақ тілі пәнінен «Жарқын болашақ» республикалық олимпиадасының аудандық кезеңінде бірінші орын, «Blgen alaman» ұлттық білім сайыстарының аймақтық, аудандық кезеңдерінде жүлдегер атанды.
Абай Құнанбайұлының өлеңін жатқа оқитын ол дәстүрлі «ХХ Абай оқулары» байқауының республикалық кезеңінде екінші орыннан көрініп, Білім және ғылым министрінің дипломымен марапатталды. Сонымен бірге Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша мемлекеттік грантын жеңіп алды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА