Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қалың беру қамы ма қарындастың?

Қалың беру қамы ма қарындастың?

"Қалыңмал" – дала заңы бойынша құда түсу рәсімі келісілген соң күйеу жағы орындауға тиіс салттың бірі. Оның тарихы қашаннан басталады? Қоғамға түрлі пікір тудырған үлгілі үрдісті кейбіреу дәстүрдің озығына санаса, келесі топ тозығына қосады. Ертеректе ірі қарамен белгіленіп, қазір қаржылай сипатқа ие болған ол бардың байлығын шашу, жоқтың ұятын ашу емес пе? Шариғаттың бұл тұрғыда айтары не? Осы туралы деректерге зер салдық.

Құн беру қалай белгіленген?
Қазақ энциклопедиясында «Қалыңмал – әке-шешеге ұзатылар қыздың жасауына кіретін төсек-орын, кілем, текемет, сырмақ, әшекей бұйымдар – алқа, сақина, сырға, білезік, өңіржиек, балдақ, қобдишасына қояр – иіс су, тарақ, ине жіп, жуалдыз, оймақ, сандығына салар сәукеле, салы, орамал, қарқара, бүрмелі көйлек, етік, кемер, камзол, желбегей, шапан, камшат бөрік т.б әйелге қажетті заттарды дайындау үшін берілетін төрт түлік мал мен әртүрлі бағалы дүниелер» деген түсінік берілген. Бүгінде олар уақыт талабына сай заманауи жиһаздар мен тұрмыстық техникалар құнына лайықталған.
«Қалыңмал» қашан пайда болғандығы туралы тап басып айту қиын. Бұл туралы зерттеушілердің пікірі де түрліше топтасады. Бізге белгілісі «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Жеті жарғы» заңдар жинағында «қалыңмал» өлшемі әлеуметтік топтардың дәрежесіне қарай белгіленген. «Жеті жарғыда» «бас жақсы» – қалыңмалдың ең жоғарғы шегі саналса, бәйге мен көкпарда жүлде алып жүрген жүйрік жылқы, берен мылтық, құрыш сауыт, атан түйе немесе күшті дуылғалы қара нар енген. «Бас жақсы» көбіне дәулеті шалқыған ауқатты отбасылардың арасында орындалған.
Ал «қырық жеті», «отыз жеті», «жиырма жеті», «он жеті» өлшеміне қара мал саны кірген. Әлеуметтік жағдайы өте төмен отбасылардың арасындағы қалыңмал көлеміне енетін «дөңгелек қалыңмалға» он бас қара мал белгіленген.
Халық ауыз әдебиеті үлгілері «қалыңмал» мөлшері бес-алты малмен басталып, екі жүз, бес жүз, мың жылқыға дейін жеткендігін растайды. Онда «бас жақсыға» бес түйеге қосып бір «жетім қыз» (күң), «аяқ жақсы» деп беретін үш түйеге қоса бір «еркек жетім» (құл) бергендігі айтылады. Мұнан бөлек «отыз жетінің жартысы», «жақсылы отыз жеті», «домалақ бата» сияқты атауларға да ұшырасамыз. Сондай-ақ қосымша той малы, сүт ақы, күйеу апаратын ілу, өлі-тірі сынды көптеген бағалы кәде, жоралғылар бар. Қашаннан қалыңның мөлшерін құдалардың дәрежесі мен дәулеті, салауатына байланысты екі жақ келісе отырып шешетін болған. Бұл туралы салт-дәстүрлерді зерттеуші маман Тәттігүл Қартаева: ««Қалыңмал» көлемі жөнінде келісіп, құдаласу мәселесін шешуге келген құдалардың құрметіне қыз әкесі бәйге беріп, сайыс ұйымдастырып, той жасайды. Келесі күні қыздың әкесі құдаларға түйе, жылқы мінгізіп, киіт кигізіп шығарып салған. Киіттің кәделісін құдаға кигізген, қалғандарының үлесі үй иесінің шешіміне қарай берілген» дейді.
Құдаласу келісімі дұрыс шешілмеген жағдай халық арасында “бата бұзу” деп аталады. Мұндайда оған кінәлі болған жақ жауапқа тартылған.
Этнограф «қалыңмал» беруге әулет мүшелері бірігіп көмектесіп, аға, жезделері шамасы келгенше өз үлесін қосқанын айтып, оның толық төленуі әдетте 1-3 жылға, кей жағдайда бірнеше жылға созылғандығын дәйекті түрде жеткізеді.
Әдетте қыз жасауы күйеу жігіт берген қалыңмалға қарай әзірленетін болған. Десе де қазақта жігіт жақтың әкелер пұлына қарамай, қыз беретін құдалар “Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды” деп ата салттан аттамауды дәріптеп отырған. Бұл орайда қос тарап та жас жұбайларға тиімді тұсын қарастырып, олардың жеке отау болып кетуіне мүмкіндік жасаған.

Сынға ұшыраған салт
Кеңестік кезеңде ең көп сыналған халықтық дәстүрдің бірі дәл осы «қалыңмал» болғанынын сол кезде жарық көрген шығармалардан аңғару қиынға соқпайды. Көпке таныс Спандияр Көбеевтің «Қалыңмал», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» романдары бұл тақырыптарды қаузап, олардың құрбанына айналған қыздардың тағдырын көркем бейнелейді. «Қалыңмал» шығармасының бір тарауында «Мен ат тон айыбымен қалыңмал қайтартпақшы болдым ғой», – делінсе, осы кітапта автор ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде құда болған Кіші жүздегі Байсақал мен Орта жүздегі Сапақ деген азаматтар туралы баяндайды. Сол Байсақалдың қызының «қалыңмалына» бес жүз жылқы берілген. Олардың үш жүзі қара малы болса, жүз жылқы үйге кіргізер, жүз жылқы той малына келгендігін айтады.
Бұл тұста салтқа «қызды малға сату» деп қара жағылса да, дәстүрден ажырамай, өз амалдарын жасаған. Өзге ұлт өкілдері көбірек араласып, отаршыл Ресейге жақын орналасқан өңірлер тұрғындары идеологиялық түсінікті толықтай қабылдаса, қазақы қаймағы бұзылмаған Шығыс, Орталық, Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі жергілікті жұрт дәстүрді берік ұстанған. Атауы аталмай, сипаты өзгергенімен Қазақстанның барлық жерінде қыз алушы жақ өз кәделерін көрсетеді.
Тақырыпты зерттеу барысында дін қызметкерлері пікірін де қаперге алдық.
Тарихи еңбектерден «қалыңмал» ислам діні енбей тұрып, көшпенділер арасында кеңінен қолданыстада болғанын аңғарамыз. Дін қабылдаған соң шариғаттағы мәһір ғұрпын неке шарттарының бірі ретінде ұғыну арқылы өз сипатын жалғастырған. Мәһір – әйелдің тәуелсіз мүлкіне саналатын, күйеудің тарту ететін сыйлығы. Егер әйел жесір қалып жатса, оның дүние-мүлкі қайтарылмаған. Дінтанушы Айбек Исмайылдың айтуынша, «қалыңмал» беру – дарақылық емес, керісінше, некенің беріктігін, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасын жақындататын исламға тән игі амалдардың бірі.
Р.S: Дәстүртанушылар материалдық кепілдіктің бір түріне саналатын «қалыңмал» беру салтын жандандыру арқылы ажырасуды азайтуға болатынын алға тартады. Алайда некелерін «сәтсіз одаққа» балап, екіге бөлініп жатқандар арасында кешірім, сүт ақысы, жасау дауын даулаушылар қатары жыл санап артып бара жатқаны жасырын емес. Қалай десек те замандардан мирас болып жеткен ата жолын бәсекелістік бәсі, байлық пен мырзалықтың дәрежесі деп емес, ата-ананың алғаусыз көңілі деп таныған дұрыс болар.
Дайындаған
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
01 ақпан 2020 ж. 1 231 0

Мәдени мұра

18 сәуір 2024 ж. 82

Жанға жайлы демалыс

18 сәуір 2024 ж. 83

Қалдықсыз болашақ

18 сәуір 2024 ж. 68

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930