Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғамдық қабылдау – шиленіс шешімі

Қоғамдық қабылдау – шиленіс шешімі

Сәрсенбі күні аудандық мекемелер үйінде “Ашық есік” күні өтті. Онда аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, оның орынбасарлары, құқық қорғау органдары мен тиісті мекеме басшылары тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Таңертеңнен басталған шара түске дейін жалғасты. “Open Space” форматында дайындалған залда орналасқан бөлімдер бойынша ондаған адам құқықтық кеңес алды. Айта кетерлігі, бірнеше сала бойынша сұрағы бар азаматтар үшін бұл уақыт үнемдеуде ұтымдылығы мол екенін көрсетті. Мәселен, кәсіпкерлік бойынша сауалы бар азамат аудандық кәсіпкерлер палатасы, аудандық кәсіпкерлік бөлімі мен аудандық салық басқарма басшысымен бір мезетте тілдесуге мүмкіндік алды.
Сонымен бірге жеке мәселе бойынша қабылдауға келген тұрғындардың тілегіне тұшымды жауап берілді. Жанқожа батыр ауылының тұрғыны Алжан Шынполат үй ауласын кеңейтуге рұқсат алу мақсатында аудандық жер бөлімінің басшысы Еркін Сейітовке жолығып, оң жауап алды. Сол сияқты ардагер ұстаз Аманбай Есетов 1917 жылы туылып, кезінде әр түрлі басшылық қызметте болған, ел дамуына өзіндік үлес қосқан Әбдінәби Ұлмановқа көше атын беру жайында аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағановқа сауал жолдады. Айтылған мәселеге байланысты мораторий жарияланғаны түсіндірілді. Алайда тиісті жұмыстар жасалатыны ескертілді.
Бұдан бөлек кент тұрғыны Әсия ­Сахиева тұрғын үй мәселесі бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жолықты. Жақында ғана өзіне ота жасатқан ол баласының да денсаулығы нашар екенін жеткізіп, осыдан 6 жыл бұрын тіркелген тұрғын үй алу кезегі бойынша ­баспана беруін сұрады. Тиісті бөлім маманы алдағы уақытта қала мен кент аралығынан көпқабатты тұрғын үй салынып, кезек бойынша табысталатынын, оған дейін №204 мектептің немесе бұрынғы аурухана ғимаратындағы жатақханаға орналасуға көмектесе алатынын білдірді. Сауал иесі отбасымен ақылдасып, кейін жауабын беретін болып тарқасты.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбайдан кәсіпкер Нұрлыбек Нұрқожаевтың қандай жағдаймен жүргенін сұрағанымызда әңгіменің басын әріден бастады. Кәсіпкер бұған дейін Ғ.Мұратбаев ауылынан тамшылатып суару техникасымен бақша дақылын өсіру мақсатында ауданда алғашқылардың бірі ретінде кәсібін бастаған. Бүгін сол ісін одан әрі дамыту үшін қосымша 70 гектар жер сұрай келген. Сондай-ақ аталған аумақты игеретін техника сатып алуға қаржыландыру қалай жүретінін білуді жөн көрген. Бөлім басшысы оған кепілге қойылатын мүліктің қажеттігі, банктегі борышкерлер тізімінде болмау керектігін, кәсіпкерге қолдау көрсетілетінін айтты. Бұдан бөлек “Данияр” шаруа қожалығының төрағасы Мұхиядин Өтеев инженерлік жүйе арқылы өндірістік бақша өнімдерін өндіру үшін алдын ала жасалуы тиіс жұмыстар жайында кеңес алды.
Кезекпен қабылдауға кірген аудан тұрғындары аудандық полиция бөліміне шетелдік көліктерді заңдастыру бойынша, аудандық салық басқармасы басшысына кассалық аппарат пен салық төлеу төңірегіндегі өзгерістерге байланысты сұрақтармен келіп, тиісті жауапқа қанықты.
“Ашық есік” күні аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Совет ­Бабанаев, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Ғани Темірбаев және Әйтеке би кентінің әкімі Қайрақбай Орынбасаров та көпбалалы аналар мен әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарды өтініш-тілектері бойынша қабылдады. Олар көшені жарықтандыру, қоғамдық көліктердің уақытылы жүрмеуіне байланысты шағымданып, жұмысқа орналасуға көмек беруін сұрады. Аталған өтініш бойынша Ғани Қайыркелдіұлы жақында ауданда “Мечта” дүкен желісі ашылып, “Sulpak” сауда орталығында бос жұмыс орындары жарияланатынын мәлім етті. Қоғамдық көліктер төңірегінде алдағы дүйсенбі күні комиссия құрылып, әр көлікке GPS қондырғыларын орнатып, бақылауда ұстау жайы талқыланатыны белгілі болды. Ал кент әкімі көшелерді жарықтандыру бағытында белгіленген жоспарлар барын тілге тиек етті.
Жиылған жұрт “Ашық есік” күні жиі ұйымдастырылса екен деген өтініш білдірді. Әкімдіктегілер халық пен билік арасындағы байланысты жақсартудағы кешенді шаралар жалғасын табатынынан хабардар етті.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
01 ақпан 2020 ж. 910 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 100

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930