Ел сенімі – ең үлкен сый

аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры:
– Жаңа жылды үлкен дайындықпен қарсы аламыз. Бірақ кейде мереке үстінде қайғылы жағдайлар орын алады. Кейбір салғырттық пен абайсыздықтан оқыс оқиғалар кездесіп, адам мерт болып кетуі де мүмкін.
Мерекенің сәні саналатын түрлі заттар сол мейрамның күтпеген жайтқа душар етер себепшісі болып қалуы ғажап емес. Сондықтан Жаңа жыл мерекесіне орай қоғамдық орындардағы тәртіп бақылауға алынады. Аудан аумағы түгел дерлік қамтылып, бұл мәселе күшейтіледі.
Мейрамхана мен демалыс орындарына ерекше назар аударылады. Ұсақ қылмыс жасағандар мен көлікті мас күйінде жүргізгендер жауапқа тартылады. Осыған сәйкес қайғылы жағдай орын алмау мақсатында аудандық полиция бөлімінің құқық қорғау мамандары тәулік бойы халықтың тыныштығын қадағалау жұмысын жүргізеді.
теміржол ауруханасының жансақтау бөлімінің реаниматологы:
– Қазалы теміржол ауруханасының кезекші дәрігерлері де мереке күні халыққа қызмет етеді. Жыл сайын қазалылықтардың денсаулығын қырағы бақылауда ұстаймыз. Мен 2019 жыл басталар шақта кезекшілікте болдым. 15-20-дай адам түрлі жарақатпен түсті. Көбіне 20-25-тегі жастар төбелес салдарынан басы жарылып, қол-аяғы сынып, көзін жарақаттап келеді. Ауыр халде түскендерге арнайы жедел көмек көрсететін медициналық топпен бірге бөлім меңгерушісімен ақылдаса отырып, ем-дом береміз. Мұндайда бүкіл ұжым мүшелері аяғынан тік тұрып, адам жанын аман алып қалуда аянбай тер төгеді.
Сонымен қатар от шашу кесірінен күйік шалғандар, инсульт алғандар, тұмаудан ауруы қозғандарға да медициналық көмек көрсетіледі.

аудандық №9 өрт сөндіру бөлімінің радиотелефонисті, азаматтық қорғау аға сержанты:
– Жаңа жыл қарсаңында қауіпсіздік шараларын алдын ала пысықтап аламыз. Тұрғындарға мейрамды қарсы аларда пәтерлерде, жеке тұрғын үйлерде бенгал отын жақпау туралы ескертулер жасалды. Сонымен бірге от шашуларды саудалайтын саудагерлер де заңсыздыққа жол бермеуі тиіс. Ал мұндай дерек тіркелмес үшін, жауапты қызметкерлер тексеру жұмысын күшейтеді. Қызметкерлер қауіпсіздік ережелерімен таныстырды. Оның ішінде, шыршаның бекітілуі жайы айтылып, маңындағы электр сымдарын арнайы мамандар қосуы керектігі ескертілді. Егер абайсызда жағымсыз жағдай болған жағдайда «101» және «103» телефон нөмірлері бойынша жедел қызметтерге тез арада хабарласқан дұрыс.
Айта кету керек, былтыр пиротехниканы пайдалану кезінде ешқандай оқыс жағдай тіркелмеген. Сондай-ақ аудан тұрғындары аталған заттарды сатып аларда оның пайдалану ережесі мен жарамдылық мерзіміне баса мән бергені абзал.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА