Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Туған күніңізді тойлайсыз ба?

Туған күніңізді тойлайсыз ба?

Бүгін менің туған күнім! Осы сөзді айту үшін бір жылды асыға күтеміз. Тіпті сол сәт жақындағаннан ішкі жан дүниемізде бір сезімнің пайда болатыны да жасырын емес. Сыйлық алу, көпшіліктің ықыласына бөлену, жылы лебіз есту, бәрі-бәрі көңілге қуаныш ұялатады. Алайда «туған күнім келді» деп аса қуана қоймайтын жандар да бар. Олар тіпті бұл күнді жайбарақат елеусіз өткізгенді жөн көреді.

Жуырда осындай пікірдегі бір кісіні жолықтырдым. Осы оқиғадан кейін өзге жұрттың туған күнін қалай қарсы алатындығы менің қызығушылығымды оятты.

Ақниет ӘДІЛХАН:
– Туған күнді тойлауға қарсымын. Әсіресе үлкен той қылып, ысырап жасайтындарды түсінбеймін. Қолында бар болған соң жиған-тергенімді осындай қуанышымда жұмсайын дейтін болар. Дегенмен сол қаржыны аса мұқтаж жандарға садақа ретінде берсе, тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсетсе, сауапты іс болар еді. Бұл менің жеке пікірім. Әр адам өзі біледі. Мен қазір оқушымын. Алла жазса, еңбек етіп, өз қолым өз аузыма жеткенде осындай игі істердің басы-қасында болуды армандаймын.

Жанарыс ТЫНЫМБАЙ:
– Туған күнімді күтемін. Отбасыммен, достарыммен атауды ұмыт қалдырмаймын. Анам, сіңілім үшеуміз дастарқан дайындап, туыстарды күте­міз. Әкем үнемі сыйлық жасап, мені қатты қуантады. Құрбыларыммен киноға немесе сауда орталықтарына барамыз. Әр жылы әрқалай.
Бұл күні жақсы тілек айтылады әрі жыл өткен сайын есейгеніңді сезінесің.

Азамат ЖҰБАТҚАНОВ:
– Сәбидің туған күнін тойлап, оларға қуаныш сыйлағанды құптаймын. Бала есейіп, туған күнімді тойлаймын немесе аса қажет емес деген тоқтамға өзі келетіндей дәрежеге жеткенде таңдауды өз еркіне қалдырған жөн. Жас күнімізде бұл күнді асыға күтетінбіз, достарымызды үйге шақырып, ойын ойнап, тәтті торттан дәм ауыз тиіп, тілек те айтатын едік.
Қазір өзім екі баланың әкесімін. Ұлдарымның туған күндерін атап өтіп, қыдыртып, күні бойы бірге серуендеуге барамын. Өзімнің туған күнімді аса күтпеймін, дегенмен мүлдем ескерусіз қалмайды. Отбасым, достарымның арасында атап өтеміз.

Қазына САДИРОВА:
– Менің туған күнім қараша айында. Жыл сайын отбасы мүшелерінің барлығының туған күнін тойлауды дәстүрге айналдырғанбыз. Мен де өзімнің меншікті мерекемді отбасымда жолдасым және балаларымның қолдауымен атап өтемін. Қуанышқа бауырларым, достарым келеді.
Осы күнді мерекеге айналдыруға ешқандай қарсы емеспін. Ағайын-туыс, дос-жарандардың басы құралып, ақ тілектер тиегі ағытылады. Көңілді бас қосуға, емен-жарқын қауышуға себепкер күнді ұмытпай тойлаудың әбестігі жоқ. Керісінше, жаңа жасқа толғанда жанашырлар «Жасыңа жас қос», «Ғұмырлы бол», «Денің сау болып, немере, шөбере қызығын көр» деп ізгі ниетін білдіргенде, бір марқайып қаласың.
Р.S: Әрине туған күнді тойлау, тойламау әркімнің өз еркінде. Байқағанымыздай біреу құп көрсе, енді бірі аса қажет деп санамайды. Дегенмен сөз соңында әлем елдерінің туған күнді қалай атап өтетіні туралы қызықты деректерді жаза кеткенді жөн көрдік.
Туған күндегі ерекше жоралғы мен тойлау дәстүрі бар халықтардың бірі – нидерландықтар. Оларда дәстүрлі “Happy birthday!” жоқ болғанымен, өзіндік “Gefeliciteerd!” (Құттықтаймыз) деген құттықтау сөзі бар. Ол туған күн иесіне ғана емес, оның барлық отбасы мүшесіне, жақындары мен достарына айтылады. Себебі халық танымында туған күн – барлығына ортақ мереке. Әсіресе қуаныш иесінің ең жақын адамдарына. Ал Аргентинада ұн шашып, басына жұмыртқа жарады екен. Аталған дәстүр ұлдар 18-ге, қыздар 15-ке толғанда ғана жасалады. Бұл жасқа дейін балалардың аяғын басу жоралғысы орындалады. Қытайлықтар болса, бұл күні кеспе жейді.
Қытай мәдениетінде астың алар орны ерекше. Батыс елдері торт үстіндегі балауызды үрлетіп жатса, қытайлар кеспе жегізеді. Ең маңыздысы – кеспені үзбей жеу керек, үзіп қалсаң – жаман ырым. Бұл дәстүрдің мәні – кеспе қаншалықты ұзын болса, қуаныш иесі соншалықты ұзақ, баянды ғұмыр кешпек.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

21 желтоқсан 2019 ж. 2 607 0

Ел үмітін ер ақтар

07 мамыр 2024 ж. 18

Әскердегі әсерлі сәт

07 мамыр 2024 ж. 25

Алматтың айтқандары

06 мамыр 2024 ж. 62

Табиғаттың тілі жоқ

05 мамыр 2024 ж. 109

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031