Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ ғылымының қара нары

Қазақ ғылымының қара нары

Өмірден озғанына қанша уақыт өтсе де ардақты аты мен абыройлы жолы халық санасынан жоғалмайтын азаматтар болады. Сондай жанның бірі – Қазалы топырағынан түлеген талантты ұл, қазақ ғылымының қара нары, академик Сұлтан Сүлейменов.

1928 жылы 20 тамызда қазіргі Әйтеке би кентінде дүниеге келген Сұлтан Cүлейменов 1946 жылы қазіргі Жанқожа батыр атындағы №70 мектепті бітіреді.
Сабаққа деген зейінді оқушы ұстаздары мен сыныптастарының назарына ерте ілігеді. Қағілез бала мектеп бітірген жылы еңбекке араласып, ата-анасына қолғабыс етуді мақсат тұтады. Сол жылы Қазалыдағы халық сотының хатшысы болып еңбек жолы басталған бозбала әділет орнында жүріп, өз өмірінің алғашқы сабақтарын меңгереді. Жақсы мен жаманды таразылауды тереңдетіп, қанағат пен ынсап сынды бойындағы қабілетін одан әрі дамыта түседі. Осындай күндерде кітаптан оқыған, айналадан жиған тәжірибе азық болуға аздық ететінін сезініп, жоғары білім алуға бел буады.

1947 жылы Шымкенттегі технологиялық құрылыс материалдары институтына оқуға құжат тапсырады.
Студент атанған күннен бастап білмекке деген ынтасын одан әрі үдеткен білімдар жас қазаққа бейтаныс, тыңнан түрен салған техникалық кәсіптің қыр-сырын үйренуге том-том кітаптарды ақтарып, ұстаз-ғалымдардың дәрістеріне зейін қойып, оқу орнындағы іс-шаралардың бірде-бірінен қалыс қалмауға тырысады. 1952 жылы институтты силикаттар технологиясы мамандығы бойынша бітіріп, инженер-технолог біліктілігіне ие болады. Ізденісі зор түлектің қарым-қабілетіне сеніп, болашағына алаңдаған оқытушылары аспирантураға құжат тапсыруға кеңес береді. Сұлтан да білімін әрі қарай жетілдіруді мақсат тұтады. Сол жылы Сәулет, құрылыс материалдары институтының аспирантурасына қабылданған С.Сүлейменов асыл армандарына жол ашатын оқуды да абыроймен бітіреді. Ұстаздар үмітін ақтаған аспирант кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды. Нәтижесінде КСРО Білім министрлігінің жоғары аттестациялық комиссиясының шешімімен 1956 жылғы 1 маусымда оған техника ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесі беріледі.

Жас маман өзі білім алған шаңыраққа кіші ғылыми қызметкер болып еңбекке араласады. Арада аз уақыт өткен соң Сұлтан Тәшірбайұлы Қазақ химия-технология институтында аға оқытушысы атанады. Сол ғылым мен білімге мемлекет тарапынан батыл бетбұрыс жасалған кезде С.Сүлейменовтей жас ғалымдардың да жаңашыл көзқарасы қажет болады. Ғылыми еңбектері мен салалық басқосулардағы батыл пікірлері бағаланған ол силикаттардың жалпы технологиясы кафедрасының меңгерушісі жауапты қызметіне лайық деп танылады. Сұлтан Тәшірбайұлы факультет деканы қызметі тізгінін ұстап тұрғанда өнімді жұмыстар жүзеге асты. Жаңалықтар көптеп ашылды, жас зерттеушілерге дұрыс бағыттар беріліп, олардың алаңсыз ізденуіне жан-жақты мүмкіндіктер қарастырылады. Студенттер мен қол астында жұмыс істеген оқытушы-профессорлар құрамының кейіннен өзі бұйдасын ұстаған техника ғылымын одан әрі өрістетеріне сенім білдірген Сүлейменовтің көрегендігіне тәнті боласың.
Үздік кафедра меңгерушісі 1959 жылдың шілдесінен 1974 жылдың желтоқсанына дейін осы институттың ректоры болады. «Қазақтан техниканың тілін білетін ғалым шықпайды» деген сыңаржақ пікірді тас-талқан еткен Сүлейменовтің серпінді ісі, тұғырлы талабын бүгінде тәлімін алғандар мақтанышпен айтады.

Білікті басшының елдегі беделді білім ошағына басшылық еткен кезеңі институттың оң бетбұрысқа бағыт алған тұсына айналады.
Бұл уақытта институттың бүгінгі бас ғимараты мен «А», «Б» оқу корпустары, 4 бірдей студенттер жатақханасы, асхана, «Машат» шатқалындағы демалыс лагері, оқу-зертханалық және спорттық кешендері құрылысы жаңадан бой көтереді. Сондай-ақ оқытушыларға арналған 72 тұрғын үй және өзге де нысандар пайдалануға беріледі. Осы кезде кафедралардың саны 30-ға жетіп, ең алғашқы докторлық диссертациялар қорғалады. Бүкілодақтық ғылыми кеңестер мен семинарлар өткізіле бастайды. Оқу ордасы техникалық мамандар мен ғалымдарды даярлайтын шеберханаға айналады. Бүгінде аға буын қатарынан көрініп жүрген жүздеген жасты ғылымға өзі бейімді етіп тәрбиелеп шығарады.

1964 жылы институттың атауы Қазақ химия-технологиялық институты болып өзгертіледі. 1967 жылы Жоғары аттестациялық комиссия С.Сүлейменовке профессор, 1970 жылы техника ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін береді. Ғылыми жетістіктері үшін Қазақ КСР ҒА-ның корреспондент мүшесі болып сайланса, 1972 жылы академик атағын алады.
Алғаш 1944-1945 оқу жылы институт ашылғанда жалғыз қазақ студенті білім алса, С.Сүлейменов басшылық жасаған тұста техникалық білім алуға талпынған қаракөздердің қатары артады.

Академик ұлт мүддесін өз мүддесінен артық қоятын ұлтжанды азамат болады. Кеңестік идеологияның темір тізгіні тұсындағы Сүлейменовтің ерлікке тән ісі «Тартыста танылған тұлға» атты Мархабат Байғұттың шығармасында баяндалады. Туындыда 1956 жылы Қазақ химия-технология институтында білім ала жүріп, оқудың бәрі орыс тілінде жүретіндігіне, оған қоса неміс тілі оқытылатындығына наразы болған жастар оқиғасы айтылады.

Осыған орай жедел комиссия құрылып, мәселені шешудің орнына жоғарыға талап қойып, хат жазған Ж.Ендібаев, К.Бекішев сияқты рухты жастарды қудалауға кіріседі. Декандар да бұл студенттерге ара түсуге қауқарсыз болады. Осы тұста жастар С.Сүлейменовтің қанатының астына тығылады. Ол шәкірттерге барынша қолдау білдіріп, ұстанған бағыттарынан қайтпауды айтып, жағдайды жөндеуге дұрыс жол сілтейді.

Тексеру басталып, айтыс-тартыс, оқу ордасында ішінара кадрлық ауыс-түйіс орын алып, нәтижесінде қазақ жастары жеңіп шығады. Белсенді жастардың көшбасшысы болған Бекішев кейіннен Қазақстан Республикасы Құрылыс материалдары министрінің бірінші орынбасары лауазымын атқарды. Ал сол кездегі студент Ж.Ендібаев еңбек жолында «Талдықорған Құрылыс материалдары» бірлестігінің бас директорлығына дейін көтеріледі. Осылайша жастардың талап-тілегін қолдап, талантты адамның түбі бір жарып шығатынына сенім артқан С.Сүлейменов студенттердің оқудан шығарылмауына себепкер болады.

Мұрағат деректерінде Қазақстан Коммунистік партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық комитетінің 1960 жылғы 28 шілдедегі пленумында Сүлейменовтің сөйлеген сөзі сақталған. Жазбада институтқа қарасты нысандардың құрылысында елеулі кемшіліктерге жол берілгенін ашық айтып, қадағалаушы органның бұл іске көз жұма қарағаны шымбайына батқанын баяндайды.

Осы батыл пікірі үшін С.Сүлейменов талай қуғынға ұшырайды. Негізсіз айып тағылып, жазықсыз жала жабылады.
1976-1977 жылдары Жамбыл гидро-мелиориативтік құрылыс институтының профессоры болған ғалым 1978-1996 жылдары Алматыдағы құрылыс материалдары және жобалау ғылыми-зерттеу институтының директоры болып қызмет атқарады.

Негізгі ғылыми еңбектері химия өнеркәсібін дамыту, силикаттардың жаңа түрлерін шығару сынды мәселелерге арналған техника ғылымдарының докторы. Қазақстан ЖЭС-терінен шығатын көмір қалдықтарын кешенді қайта өңдеу мен құрылыс материалдарын пайдалану саласын кеңейту үшін күл-қоқыс қалдықтың маңызын зерттеуді жүйелеумен айналысты. Оның күл-керамикалық материалдарды өнеркәсіптік негізде өңдеудің ғылыми негіздерін жасауға мүмкіндік беретін лабораториялық және теориялық зерттеулері бүгінде әлем халықтарын алаңдатқан жылу-энергететикалық шикізаттарды үнемдеуге ықпал етті. Өзінің алпыс сегіз жылдық ғұмырында үш жүзден астам ғылыми еңбекті жарыққа шығарған ол жүзге жуық авторлық куәліктің иегері атанып үлгерді. Қанша кеудесінде сәулесі бар жасты жарық жолға жетеледі. Еңбегі лайықты бағаланып, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған.

Өзі білім алып, қызмет етіп, он бес жыл басқарған қазіргі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті алаңына С.Сүлейменовтің еңселі ескерткіші орнатылған, оның аты мәжіліс залына берілген. Бұдан өзге де қызмет атқарған орындарында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, түрлі білім сайыстары өтіп тұрады. Алматы қаласында, Қызылорда облысы орталығында, туған жері Әйтеке би кентіндегі үлкен көше ғалымның атымен аталады. Бұл тарихқа деген тағзым, ұлт ұлына деген халықтың алғаусыз көңілінің айқын көрінісі. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген таныс тәмсіл осындайда айтылса керек-ті.
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА

23 қараша 2019 ж. 1 026 0

Отаныңа қызмет ет!

09 мамыр 2025 ж. 96

Қимылдаған, қыр асады

08 мамыр 2025 ж. 82

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031