Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ана болуды армандасаңыз...

Ана болуды армандасаңыз...

Баланы базарына балайтын қазақ әйелі үшін ана болу – тұтастықтың тірегіне баланады. Отбасы болып, отау құрған ерлі-зайыптылардың барлығы бірден перзент сүю мүмкіндігіне ие бола бермейді. Кейде осының салдарынан отбасылардың ажырасу жағдайлары орын алады. Мұндай жағдай қашан да болған. Қазіргідей балалы болуға көмектесетін медициналық клиника, білікті маман, тың тәсілдер дамымаған тұста да әр халық өзі ниет ететін сенім-нанымына иек артқан. Солардың бірнеше мысалын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Ертеде бақсы-балгерлер бедеу әйелдерді үш құдықтың суымен емдеген. Құдық халқымыз үшін қасиетті саналған. Ол туралы ислам дінінде де жақсы түсінік бар. Қазақ жеріндегі ел тәу ететін қасиетті орындардың барлығының маңында құдық болуы кездейсоқ емес.

Мұндайда ем айдың толған кезеңiнде әрi бейсенбi күнi жүргiзiледi. Бейсенбi күнi таңертең күн ұясынан әлi көтерiлмеген уақытта бiрiншi құдықтан 1 литр, түскi уақытта екiншi құдықтан да осындай мөлшерде су алынса, үшiншi құдық суына күн ұясына батқанда барған. Бұл үш құдықтың суын қосып, үш литрлiк банкаға құйып, оған күлгінтас (аметист) аталатын асыл тасты салады. Ол суда бір түн тұрып, ертеңіне, яғни жұма күнi таңертең шипалы су жүктi бола алмай жүрген әйелге ашқарынға iшкiзілген.

Бұл ем-шара келіншекке бала көтергенше ай сайын, ай толған кезде жасалған.
«Қазақ емшiлiгi» аталатын дәстүрлі медицина ілімі туралы еңбекте түйенiң бақайшық майы туралы дерек келтірілген.
Бұл кітапта бала көтере алмай жүргендер түйенiң бақайшық майын алып, оған осы жануардың түбiт жүнiн шылап қою арқылы бала көтеруге себепшi болуға болатыны жазылған.

Құрандағы 19-сүре – «Мәриям сүресі» деп аталады. Ниет еткен әйел осы қасиетті сүрені оқып, Алладан бала дұға ету тілекке жеткізеді деген түсінік бар.
Халық арасында «Мойнына бұршақ салу» деген ырым кеңінен кездеседі. Мойнына бұршақ салу – қазақта ислам діні келгенге дейін қалыптасқан дәстүр.

Бұл жайында Мағжан Жұмабаевтың шығармасында: «Ұлы Қорамсадан көпке шейін бала болмаған соң Жарқынбай бәйбішесі һәм тоғыз қызымен көгеннің бұршағын мойнына салып, тәңірден немере тілейді», – деген жолдар бар.
Ол тағдырға мойын ұсынып, оның барлық әміріне көнудің және ақ тілеудің белгісі. Мұндай тілек әсіресе ертедегі батырлық, лиро-эпостық жырларда жиі кездеседі. Оның соңында тілек орындалып, қуанышқа кенеліп жатады.
Бұдан бөлек келіншекті көп балалы болған кейуананың аяғының арасынан өткізу, іш киімдерін кигізу, жаңа босанған әйелдің төсегіне отырғызу сияқты ырымдар бар.

«Қазақ ырым етпейді, ырымы қырын кетпейді» деген даналық сөз бар. Ана деген ардақты атқа ие болу мақсатында қандай әрекет, жоралғыны жасасақ та, онда адал көңіл, шын ниет болғаны маңызды.

Дайындаған Айкөркем СҰЛТАН

19 қараша 2019 ж. 2 327 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930