Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәдениет үйінің құрылысы қызу

Мәдениет үйінің құрылысы қызу

Қазалыда құрылыс қарқынды жүріп жатқаны талай мәрте айтылып жүр. Жаңадан бой көтеріп жатқан кәсіпкерлік нысандар аудан әлеуетін арттырып, осындағы тұралап қалған саланың тамырына қан жүгіртсе, мемлекеттік мекеме үшін құрылысы басталған ғимараттар келешек ел игілігіне жұмыс істемек. Мәселен, қала мен кент арасында салынып жатқан жаңа мәдениет үйі келер жылы пайдалануға берілсе, бір мезетте өнерге жаны жақын 600 адамды қабылдайтын болады. Жақында аталған өнер ордасының құрылыс барысымен танысып, жұмысшылардың жай-күйін біліп қайттық.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысымен қолға алынған жобаның жалпы сметалық құны 1 миллиард теңгеге жуықтайды. Мәдениет үйі ғимаратының жалпы көлемі 1700 шаршы метрді құрайды. Ал биіктігі 15 метрден асады. Өткен жылы іргетасы қаланып, негізгі бөліктері тұрғызылған еді. Алайда түрлі себептермен жұмысы біршама уақыт тоқтап қалғанын білеміз. Тек осы жылдың маусым айында ғана қайта жанданды. Қазіргі таңда кірпіш өру ісі 80 процентке орындалып тұр. Ал ғимараттың әр бөлігіндегі құрылыс жұмыстарының жай-жапсарын “ҚазҚұрылысСервис” серіктестігі құрылыс учаскесінің басшысы айтып берді.
– Осы сәтте бір топ жұмысшы сылақ жүргізіп жатыр. Бірінші этаж аяқталды. Сонымен қатар ғимараттан бөлек орналасқан жылу, су беретін нысандар да дайын деп айтуға болады. Тағы бір топ электр энергиясының кабелдерін жүргізуде. Алда атқаратын шаруа жеткілікті. Сондықтан барынша сапалы және тез орындауға тырысамыз, – дейді Бағдат Құтанов.
Учаске басшысы биыл құрылыстың біраз бөлігі бітетінін мәлімдеді. Кірпіш өру ісінің қарқынына қарап бұған сенуге болады. Бұдан бөлек сылақ пен терезе орнату, шатырын жабу да осы жылдың еншісінде екен. Ал келер жылы ішкі әрлеу жұмыстарына ден қойылмақ. Қойылым залының жабдықтарын, еден орнату секілді жеңіл жұмыстар да сол мезетте атқарылады.
Қазіргі таңда мұнда 80-ге жуық адам жұмылдырылған. Олардың әрқайсысы өз ісін жетік білетін жандар. 30 тас қалаушы, 7 бетон құюшы, 20 сылақшы, 4 электрик, 6 метал құрастырушы және әр түрлі іске бейімделген басқа да мамандар бар. Бұлардың жұмысын жеңілдететін камаз, кран, шаландр сияқты онға жуық техника қарастырылған. Құрылысшылардың 70 проценті жергілікті азаматтар болса, қалған бөлігі басқа аудандардан келген. Олардың қауіпсіздігін компания өкілі тікелей бақылауына алып отыр.
– Жұмысшылардың барлығы қауіпсіздік ережелерімен танысқан. Жұмыс барысында не істеуге болмайтынын біледі. Биіктікте іс атқаратындар белдікпен жүреді. Барлығына каска кию міндеттелген. Бұл ережелердің сақталуын қатаң қадағалап отырамын. Өйткені қауіп айтып келмейді, – дейді құрылысқа жауапты Бағдат Аманбайұлы.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
23 қазан 2019 ж. 1 007 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031