Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Уақыт талабына иек артқан

Уақыт талабына иек артқан

Қазірде бүкіл әлемде жұмыссыздық жайы негізгі мәселеге айналып отыр. Бұны шешу жолында Қазақстанның ұстанған бағыты, жасаған жоспары бар. Олардың негізгісі – барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беруді дамыту, «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыру сияқты қадау-қадау қарар-қаулы қабылдап, жалпыға ортақ еңбектің негізінде дамыған қоғам құру. Бұл жаңалық емес, уақыт талабы. Болашақта жоғары технологиялық және білікті өнеркәсіп мамандарының шоғырын қалыптастыру арқылы жастардың ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануына батыл бетбұрыс жасалған. Кәсіби білім беру бағытында жұмыс істейтін Қазалы көлік-техникалық колледжі – елдегі көш бастап келе жатқан іргелі оқу ордасы.

Өркениетке өткел салған
Бүгінде сан буын еңбеккерді өндіріске қосып, шеберлер ұстаханасына айналып отырған колледж тарихы өткен ғасырдан бастау алады. Қазақстанға Орынбор – Ташкент теміржолы желісінің тартылуы оң өзгерістер әкелді. Тарихи деректерге зер салсақ, сол жылдары ауданның қарым-қатынас, әлеуметтік, саяси байланысы дамуымен қатар, тұрғындардың еңбек өнімділігі артып, білімге деген құштарлығы оянуына үлкен қадамдар қалыптасқан. 1929 жылы 1 қазанда Қазалы паровоз депосы жұмысын жандандыру, ұжымды кәсіби мамандармен қамту мақсатында өзінің даярлау орнын ашу қажеттілігі туындады. Осы мақсатта жұмысын бастаған училище 60 жұмысшы, 240 оқушыға есік ашты.
Колледж мұражайында 1945 жылы бір топ оқу бітіруші теміржолшы тобының Забайкалье майданына училищеден аттанғаны туралы мәліметті кезіктірдік. Ел басына ауыртпалық салмағын салған соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру ісінде де тиімді транспорт – теміржол көліктерінің қызметі орасан болды. Сол тұста болат жолы бойына қажетті мамандар дайындайтын курстар ашу мұқтаждығы туындап, училищеде «Вагон қараушы және жөндеуші», «Станса және разъезд кезекшісі», «Жол бұрушы – Стрелочник», «Темір ұстасы – Кузнец», «Теміржолшы – Путист», «Кондуктор», «Вагон жөндейтін ағаш ұстасы» мамандықтары оқытыла бастаған. Осылай жұмыс бастаған оқу ордасының абыройы аз уақытта Одаққа жайылды.
1964 жылдан бастап қалалық кәсіптік-техникалық училище болып қайта құрылды. Бұл кездері оған Ресей, Украина, Белоруссия және Башқұртстан жастары келіп, теміржол мамандығын алды.
Жаңа бағыттағы білім мекені Қазақстан теміржолын жас мамандармен толтыруға, олардың біліктілігін арттыру бағытында жұмысын жандандырды. 1979 жылы ескі оқу корпусы таршылық еткендіктен заманға лайықты 410 оқушыға арналған 4 қабатты жаңа ғимарат бой көтеріп, материалдық-техникалық база жаңартылады.
Оқу ордасы елге қажетті мамандар даярлау ісін шәкірттер алғаш қабылданған күннен бастап қолға алуды дәстүрге айналдырған. «Теміржолда – темір тәртіп» ұстанымын мұнда білім алған оқушының барлығы жанына терең ұялатқан, өмірлік қағидасының біріне айналдырған. Әр жылдардағы білікті басшылар мен өз ісін жақсы меңгерген мамандар арқылы білім ошағы үздіктер қатарынан көрініп келген. 1977 жылы осындай үлгілі іс, тағылымды тәрбие үшін училище КСРО Кәсіптік білім беру комитетінің және Бүкілодақтық кәсіподақ комитетінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.
1981-1985 жылдары училищеде асхана, жатақхана салынып, 24 оқу бөлмесі мен ірі салаға мамандандырылған 4 оқу-өндірістік шеберхана талапқа сай жабдықталған. Өзін-өзі қаржыландыру мақсатында кешенді бағдарлама ойластырып, шеберханаларда халық тұтынатын бұйымдардың 12, өндірістік аспаптардың 8 түрін жасауды қолға алады.
Білім беру ісіндегі үдеріске сай мұнан кейін кәсіптік мектеп, кәсіптік лицей атанған оқу орны 2017 жылдың 7 сәуірінен бастап Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі атымен аталады. Нарықтың қиын кезеңінің өзінде ертеңге үміт жалғап, жас мамандар даялау ісін іркіліссіз ілгерілеткен колледж бүгінгі таңда жаңашылдыққа бой алған, батыл бетбұрысы, сапалы қызметімен сұранысқа ие білім беру мекемесі саналады.

Түлектер – ел мақтанышы
Қазақстан теміржолы тарихының дамуында Қазалы көлік-техникалық колледжінің де сүбелі үлесі бар. Екеуінің тарихын бір-бірінен ажыратып айту мүмкін емес. Бұл жерден тәлім-тәрбие алып, елдік мүддеге қызмет еткен саңлақтар саны қаншама?!
Екінші дүниежүзілік соғыс деген атақ алған 1941-1945 жылдарда ерлік көрсетіп, елді жау қолынан азат етуге атсалысқан Кеңес Одағының батыры Я.Михайлюк дәл осы оқу орынында білім алғанын бірі білсе, бірі білмейді. 1938-1939 жылдардағы түлек әскер қатарына училище қабырғасында аттанған екен.
Түлектердің 70-80 проценті теміржол саласында жұмыс істейді. Көбі мақтаулы мамандар. Олардың қатарында «ҚТЖ Жүк тасымалы» АҚ «Шымкент жүк тасымалы» бөлімшесінің №23 Қазалы айналым депосының бастығы болған Т.Есқалиев пен М.Ноғаев, М.Жиенқожаевтай бұл жерден түлеген шәкірттер өз салаларында елеулі еңбек етіп келеді. Ал теміржол саласының тарландары О.Бекбанов, М.Ақниязов, Ж.Көрпебаев, Ж.Маханбетовтер ісі көпке үлгі.
Спорттағы саңлақтар: бокстан Азия чемпионы Е.Дүйсенбаев, таэквондодан республика жүлдегері Т.Кенжалиев, қол добынан республикалық ойындардың жүлдегері Т.Жалеке, республикалық футбол федерациясының жүлдегері С.Қожахмет, таэквандодан топ жарған А.Сұлтанов, бозкілем балуандары Е.Төлеш, боксшы М.Абдуалидің есімін Қазалы жұрты мақтанышпен атайды.

Жасақталған материалдық база – жас маманға қолдау
Маман даярлау ісінде оқу орындарының материалдық-техникалық базасын және оқу-әдістемелік кешенді қазіргі замануи талаптарға сәйкес нығайту, оны өндіріске лайықтау – басты міндет.
Бүгінгі таңда колледжде 11 мамандықты оқытуға арналған жаңа оқу-техникалық құралмен жабдықталған 36 кабинет бар. Оның 14-і – арнаулы, 22-сі – жалпы білім беретін пән кабинеті. 10 шеберхана, 10 зертхана және 3 палигон, 100 орындық ғылыми-әдістемелік кабинетте шәкірттер шыңдалуына жан-жақты жағдай жасалған. Сондай-ақ 100 орындық жатақхана, 150 орындық мәдениет үйі, 100 орындық оқу-өндірістік мейрамхана, 20 000 кітап қоры бар электронды кітапхана, фитнес залы, жылыжай мен интернет орталығының жұмысы – тағылымгерлер танымын арттырып, қажетті білім алуына жан-жақты қарастырылған мүмкіндік.
Студент жастардың өлкетану тарихын терең меңгеруіне мұрындық болатын «Рухани жаңғыру» бөлмесі, мемлекеттік қызмет түрлерін, цифрлы қолтаңбаны электронды үкімет порталы арқылы алуға мүмкіндік беретін «еgov» қызмет көрсету орталығының жұмысы қызықтырмай қоймады.
Әлемнің озық елдерінде табысты қолданылып келе жатқа дуальды оқыту кәсіптік білім беру саласына батыл енген. Бұл жүйенің ерекшелігі – білімгерлер білім алумен қатар, тәжірибеде кәсіпорындарда жұмыс істей бастайды. Оқуды бітірген соң, сол кәсіпорынның жұмыс ерекшеліктерімен және қондырғы-құрылғыларымен толық танысып, орналасуға мүмкіндік алады. Осылайша еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетті, білікті мамандар даярлау мен қайта дайындау үрдісінде жұмыс берушілер мен кәсіптік маман қлаптастыруда бірлескен әрекеттестік түзіледі.
Колледжде студенттер іс-тәжірибеден өтетін әлеуметтік серіктестік мекемелерімен тығыз байланыс орнаған. Аудандағы Қазалы вагон жөндеу депосы, Қазалы локомотив жөндеу зауыты, Қызылорда жол бөлімінің Қазалы стансасы, Қазалы сигнализация және байланыс дистанциясы, Қазалы жол дистанциясы, Қазалы аудандық білім бөлімі, «LCІ-MK», «Намыс-Құрылыс», «АЭS and Limited», «РЗА Нан» серіктестіктері, «Вокзал-Сервис» кондитер орталығы, «Айғасыр», «Наурыз» мейрамханалары мен «Көркем», «Асыл мұра» жарнама агенттіктері, «Жан Тәңір» фотосалонында студенттердің тәжірибе жинақтауына мол мүмкіндік жасалған.
Коллдедж директоры Болат Ахметовтің айтуынша, еңбек нарығында дайындалатын мамандарға деген сұранысты ескеру міндеті ұдайы назарға алынады.
Осы орайда өңірге қажетті, сұранысқа ие мамандықтар енгізу ісі қолға алынған.
«Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры жұмысын жүргізгендіктен, жаңадан «Газ құбырларын пайдалану және жөндеу» мамандығы ашылған. Бұл мамандыққа сай оқу кабинеті мен шеберханаларын жабдықтауға жергілікті бюджеттен 10 миллион теңге бөлініп, Ресейдің Қазан қаласынан қажетті құрал-жабдықтар, жаңа үлгідегі зертхана және мамандыққа қажетті оқулықтар алынған.
«Аспаз», «Кондитерлік өнімдер дайындаушы», даяшы және бармендік қызмет көрсету саласындағы мамандар да даярлануда.
Сондай-ақ «Дизайн», «Тамақтандыруды ұйым­дастыру», «Теміржол жылжымалы құрамдарын пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету», «Токарлық ісі және металл өңдеу», «Дәнекерлеу ісі», «Теміржол көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару», «Теміржол көлігіндегі автоматика, телемеханика және қозғалысты басқару», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыздандыру», «Газбен қамтамасыз ету жабдықтары мен жүйелерін құрастыру және пайдалану», «Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану», «Теміржол құрылысы, жол және жол шаруашылығы» мамандарын дайындау ісі жолға қойылған.
Облыстық бюджеттен берілген 25 миллион теңгеге физика, химия кабинеттерінің лабораториясы жеткізілсе, 2012 жылы Екатеринбург қаласынан өндіріске білікті де білімді мамандар даярлау мақсатында «2ТЭ10М» тепловоз машинистеріне арналған құны 20 миллион теңге тұратын «ТОРВЕСТ-ВИДЕО» тренажерлық кешен алынған.
Үстіміздегі жылы Алматы қаласындағы теміржол академиясы мен Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі арасында меморандумға қол қойылған. Келешекте вагон және тепловоз шаруашылығы мамандығын үздік бітірген студенттер аталмыш академияда грант негізінде оқуды жалғастыруға мүмкіндік алмақ. Олар алдымен кешенді тест тапсырады. Қазір оған тілек білдірушілер қатары көп екен.

Жетісітіктер жолы – колледж көрсеткіші
Оқушыларға білім беретін педагогикалық құрамдағы 120 инженер-педагогтың 9-ы магистр, 15-і жоғары санатты, 28-і бірінші санатты мұғалімдер. Шығармашыл, ізденімпаз ұжым тәуелсіздік алған кезеңнен кейін де толағай табыстарға қол жеткізген.
Ұжым әр жылдары Республика деңгейінде «Алтын рейтинг» байқауының қорытындысы бойынша жеңімпаз, қоғамдық байқаудың «Үздік ұйым, Кәсіпорын» номинациясын, әлеуметтік серіктестер арасындағы сайыста «Үздік әлеуметтік серіктестік көшбасшысы» бағамдарына қол жеткізген. Республикалық-аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференциясында «Үздік колледж» мәртебесін иеленсе, облыстық «Кәсіптік білім беру және бизнес: Әріптестер сұхбаты» атты ІХ облыстық еңбек форумында бірінші орын алған. «Urker mitec» зияткерлік орталығы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тізбесіне енген «IQ college» жобасының аясында теміржол саласы студенттеріне арналған «Түрксіб» республикалық қашықтық олимпиадасына колледж «Түрксіб» атындағы кубокты алса, қатысқан студенттер екінші, үшінші орынды иеленген.
Теміржол мамандығы бойынша шығармашылық топ даярлаған оқу құралдары бүгінде өзге әріптестері арасында кеңінен насихатталып, таратылған.
Ұстаздар қауымының талантты, жаңашыл, ізде­німпаз инженер-педагогтарды анықтау мақсатында ұйымдастырылатын түрлі байқауларда қол жеткізген жетістіктері, «WorldSkills Kazakhstan» ұлттық чем­пиона­тының байқауында көрсеткен оң нәтижелері мен техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының білім алушылары арасында өтетін пән олимпиадаларына қатысқан студенттердің де жүлдесі білім сапасының көрсеткішін аңғартатындай.

Тәжірибенің тағылымы
Білім ордасы 2015 жылы теміржол жылжымалы құрамдарын пайдалану және техникалық күту мамандарын даярлауды дамыту мақсатында бүкіләлемдік банк қарызы есебінен қаржыландырылатын «Тех­никалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту» жобасына қатысқан. Нәтижесінде 57 миллион теңге грантқа қол жеткізіп, жоба аясында түрлі жұмыстар тындырған.
Тәжірибе тағылымы қашан да табысқа бастайды. Осы орайда іс-тәжірибе алмасу мақсатында колледж директоры Б.Ахметов және директордың орынбасары М.Ахай Франция мемлекетінің Версаль академиялық өкілдерінде болып, ондағы кәсіптік білім беру ұжымдарының материалдық-техникалық базасымен танысу мүмкіндігіне ие болған.
Дуальдік білім беруді дамытуда Германия мемлекетінің Бонн, Кельн, Зигбург, Керпен қалаларында болған директордың орынбасарлары М.Ақниязов, С.Нұралы және әдіскер Г.Сәрсенбаева халықаралық деңгейдегі сертификатқа қол жеткізген.
Ал арнаулы пән оқытушысы Е.Сердалиев пен өндірістік оқу шеберлері С.Айқожа, Ғ.Аманқұлов, А.Айман Чехия елінде болса, модульдік оқыту жүйесін енгізу мақсатында инженер-педагогтар М.Ахай, М.Жақыпова, Г.Ақтілеуова, Э.Маханова Мәскеу қаласында біліктілігін арттырып, кәсіптік колледж көкжиегін кеңейтуге күш салып келеді.

Тәрбие – білім егізі
Кәсіби колледждің жалпы мақсаты – тұлғаны жан-жақты, үйлесімді дамыту. Ұстаздар сөзінен ұғынғанымыз, жалпы және кәсіби дамуда білім мен тәрбие қатар жүруі тиіс. Егер біреуі осалдық танытса, үдеріс болуы мүмкін емес.
Білім ордасының жастары арасында өзін-өзі басқару ұйымдарын бір ортаға түйістіру мақсатында студенттік деканат жұмыс істейді. Колледждің «Қазалы» құрамасы мен «Бастықтың қыздары» жайдарманшылар тобы республика көлемінде өнер көрсетіп, тыңдарманын тапқан. Сондай-ақ «Инфинити» би үйірмесі қыздарының бағындырған белестері көп.
«Бизнес инкубатор» жобасын жемісті атқару нәтижесінде жүзеге асқан «Evolution Cinema» фото-видео студиясынан колледждің жаңалықтары жедел жұртшылыққа жеткізіліп отыр. «Жас Алаш» жастар қозғалысы және студенттердің өз пікірін еркін білдіріп, интеллектуалды мүмкіндігін арттыру мақсатында құрылған «Теміржолшы» пікірсайыс клубы қатысушыларының да қатары артқан.
Мұнда колледж ұжымы мен «Жас биологтар» үйірмесінің мүшелері қамқорлық жасайтын, 2014 жылы ашылған көлемі 300 шаршы метрлік жылыжай жұмыс істейді. Онда Чехия елінен әкелінген 27 түрлі гүл, қияр мен қызанақ өсіріледі. Бұл бастамадан кейін колледждің екі түлегі өз жылыжайларын ашу үшін жоба әзірлеп, кәсіпкерлікке ден қойған.
Жалпы студенттер салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған шараларға, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады.

Осындай жеке тұлғаны әлеуметтік-эко­но­микалық бағытты дамыту үшін, еңбек нарығының қажеттілігін өтеп, үздіксіз білім беру жағдайында техникалық және кәсіптік мамандарды дайындауға зор үлес қосып отырған оқу орны – Қазалы көлік-техникалық колледжі 90 жылдық торқалы тойын толымды табыс, мерейлі межемен қарсы алып отыр. Біз де теориялық білім мен іс-тәжірибені ұштастырып, болашақ кәсіби құзыретті маман дайындауда дара табылған ұжым ісіне ілгерілік, абырой биігінен көрінуіне тілектестік білдірдік.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА

08 қазан 2019 ж. 1 082 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 67

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930