Берекелі істің бастауы
Жұма күні Қарашеңгел ауылдық округіндегі «Жалаңтөс батыр» ЖШС-ның №3 ауыспалы егістігінде «Дала күні» семинар-кеңесі өткізілді. Оған аудан көлеміндегі серіктестік, шаруа қожалығының басшылары, ауыл шаруашылығы саласының мамандары, еңбек ардагерлері қатысты.
Шақырылған қонақтар алдымен Әйтеке би кентіндегі Жалаңтөс баһадүр мавзолейі мен Жанқожа батыр кесенесі басында болды. Бабалар әруағына дұға бағышталып, рухына тағзым етілді.
Егін егу жұмыстарының басталуына арналған мәжілісті аудан әкімі Мұрат Ергешбаев кіріспе сөз сөйлеп ашты. Жауапты маусымның маңыздылығын айтып, егінші қауымды көктемнің әр күнін тиімді пайдалануға шақырды.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Өміртай Өтеп-Әлі егін егу жұмыстарының дайындығы туралы хабарлама жасады.
– Әр жылдың жүгі басқа. Биыл облыс басшылығымен ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру 17 329 гектар болып бекітіліп отыр. Оның ішінде негізгі дақыл күріш – 6195, дәнді дақыл – 7080, мал азығындық дақыл – 7451 гектар, картоп, көкөніс, бақша дақылдары – 2250, майлы дақылдар – 548 гектарға жеткізіледі.
Егісті орналастыруды әзірлеу барысында әртараптандыру бағытына ерекше мән берілді. Нәтижесінде жаздық бидай 82 гектарға, арпа 89 гектарға, тары 1 гектарға, мал азықтық дақылдар 29 гектарға ұлғайтылып егіліп, қазіргі таңда жаппай күтімге алынуда.
Сонымен бірге ауданның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2018-2022 жылдарға арналған Агрокартасының іс-шарасы жобасы бойынша үстіміздегі жылы жеміс-жидекті 15 гектарға жеткізу жоспарланған. Осыған сәйкес Қазалы қаласының тұрғыны Бердалы Әбдіраман 2, Аранды ауылдық округіне қарасты «Кішкене ата» кооперативі 2, Өркендеу ауылдық округінен «Жанкент Ерасыл» кооперативі 1, Бірлік ауылдық округінен 5, Алға ауылдық округінен 5 гектар жеміс ағашының көшеттері отырғызылып, талапқа сай бап жасалуда, – деді ол. Бөлім басшысы сондай-ақ дәндік тұқым, минералды тыңайтқыш пен гербицидтер, техника және жанар-жағар май, суармалы сумен қамтамасыз ету мен су жүйелерінің дайындығы жайын да атап өтіп, «Шаруашылықтар дән себуді мамыр айының 1 жұлдызынан бастап, 25-інде, суға бастыру жұмыстарын 2-3 маусымға аяқтауға күш салады», – деп түйіндеді.
«Қазалысушар» өндірістік учаскесінің басшысы Исахмет Мүсіров аудан шаруашылықтарын суармалы сумен қамтамасыз ету жөнінде баяндады. Ол қазіргі уақытта Шардара су қоймасынан төменге қарай Сырдария өзенімен 1500 м3/сек су жіберіліп отырғанын мәлімдеді. Сосын: «Ауданға – 135 м3/сек су келіп жатыр. Соның арқасында «Сол жаға» магистральды каналына 15,0 м3/сек, «Оң жаға» арнасына 10 м3/сек, «Өтебас» арнасына 10 м3/сек су берілуде. Қазалы су торабының төменгі ағысына 110 м3/сек көлемінде су бөлуге мүмкіндік жасалуда», – деген қуанышты хабарымен бөлісті.
Бұдан соң «Жалаңтөс батыр» ЖШС-нің директоры Абзал Сәрсенов шаруашылық құрылымының егіс науқанына дайындығы мен жүргізілу барысын, республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы аудандық филиалының басшысы Әділхан Ақберген ауыл шаруашылығы дақылдарының зиянды организмдері мен карантиндік нысандары жағдайына тоқталды.
Берекелі істің бастауына айналған семинарға қатысушылар серіктестіктің егіс алқабындағы күріш егу жұмыстары барысымен танысып, дән себу рәсімін жасады. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов егінші-механизаторлардың талабына сәттілік тілеп, батасын берді.
Сахи ҚАПАР