Абыройы асқақ, бірлігі бекем
Қазіргі таңда теміржол – елдегі көлік қызметінің нағыз күретамырына айналған. Содан да болар осы саланың басы-қасында жүргендерге жүктелетін міндет жоғары, жауапкершілік жүгі салмақты. Тәртіп тінін босатуға да жол берілмейді. Дәстүрлі үделер биігінен көрініп, болат жол көкжиегін кеңейткендер сапында «Қамқор вагон» ЖШС-ның Қазалы вагон жөндеу депосы филиалы да бар. Іргелі ұжымдағы ілкімді шаруалар жан жадыратады.
Өткен жылдар өрнегі
Орынбор-Ташкент теміржолының Қазалы теліміндегі паровоз депосы жанынан алғаш вагон жөндеу цехы ашылып, пойыздар жүрісінің қауіпсіздігін, жүк тасымалын қамтамасыз етті. 1928 жылы вагон жөндеу цехы өз алдына вагон учаскесі атанды.
1930 жылдардан бастап төрт білікті вагондар қолданысқа енгізіле бастады. 1933 жылы ғылыми-зерттеу институты құрылуына байланысты жаңадан жасалған вагондар сынақтан өткізілді. Ұлы Отан соғысы жылдарында вагондар ашық аспан астында жөнделді. 1950 жылдары автотіркегіштермен жабдықталды. Доңғалақтары роликті подшипникпен шығарылып, пойыздың жүру жылдамдығы 70 шақырымға жуықтады. Паровоздар «ТЭ-2» маркалы тепловоздармен алмастырылды.
Қазалы вагон депосы ағымдағы, орта, күрделі жөндеуді жолға қойды. Орыс ұлтынан шыққан инженерлер жергілікті мамандарды теміржол ісіне үйретуден жалықпады. Аталған вагон депосын әр жылдары Ф.И.Печерский, М.С.Папов, П.М.Воровьев, В.И.Солдатов, тағы басқалары басқарды.
1970 жылы вагон депосының бастығы қызметіне Қазалының төл перзенті, Ташкент теміржол институтын бітірген шебер, бастықтың вагон жөндеу жөніндегі орынбасары болған Әбдінағи Әбжанов тағайындалды.
1990 жылы баламалы сайлау арқылы Қазалыда туып, теміржолшылар әулетінде тәрбиеленген Әзімжан Әліпбаев депо бастығы лауазымына бекітілді. Осында еңбек жолын бастап, технологиялық жүйенің бүге-шүгесін меңгерген, бірнеше жыл бастықтың орынбасары, бас инженерлікте тәжірибе жинаған Әзімжан Әліпбаевтың басшылығымен көптеген өрелі істер өркен жайды.
«Қазақстан теміржолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директорының 1999 жылғы 2 маусымдағы «Құрылымдық өзгерістер» туралы бұйрығына сәйкес бұрынғы мекеме пайдалану вагон депосы және вагон жөндеу депосы аясында екіге бөлінді. Сөйтіп бұлар №32 Қазалы вагон жөндеу депосы атауын иемденді.
2001 жылғы 14 шілдедегі «Қазақстан теміржолы» РМК-ның құрылымдық бөлімшелерін таратуға арналған бұйрығына байланысты құрылтайшылар жиналысының шешімімен «Қазалы-Болашақ» өндірістік кооперативіне айналды. 2002 жылы «Қазалы-Келешек» өндірістік кооперативі, 2004 жылы «Қазалы-Келешек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып қайта құрылды.
2010 жылдың алғашқы айынан «Қамқор Менеджент» ЖШС-ның бұйрығымен «Қамқор вагон» ЖШС-ның Қазалы вагон жөндеу депосы филиалы болып құрылымдалды. 2005 жылдан бері шежіресі әріден басталатын ұжымды Құрметті теміржолшы, аудандық мәслихат депутаты Талғат Әзімжанұлы Әліпбаев басқарып келеді.
Ерен еңбек толастамайды
Депода арнайы тапсырыс бойынша жеткізілген жүк вагондарына мерзімді және жоспардан тыс жөндеу жүргізіледі. Сонымен бірге қосалқы бөлшектері ауыстырылып, қалпына келтіріледі.
Барлық белгіленген ауқымды жұмыстар вагон құрастыру, қосалқы бөлшектерді дайындау, қалпына келтіру және жөндеу, диагностика және бұзбай бақылау, өндірістік процеске қызмет көрсету, доңғалақ-роликті жөндеу цехы мен автотежегіштер бақылау пункті арқылы атқарылады.
Бұлардың ішінде вагон құрастыру цехының орны бөлек. Себебі мұнда жүк вагонының шанағы, қорабы, жүріс бөлігі, автотежегіш құрылымдары, соққы және тіркеу бөліктері бөлшектеліп, әр цехқа жіберіледі. Жөнделіп болғаннан кейін осында қайтадан жинақталады.
Еңселі де кең цехта жоғары салмақты жүктерді көтеруге бейімделген электрлі крандар орналасқан. Ауыр бөлшектерді көтеруге, тасымалдауға арналған ауа қысымымен істейтін арбашалар пайдаланылады.
Өнімді іске ұйытқы болған өндіріс цехын отыз жылдық еңбек өтілін жинаған, аға шебер Қанат Төлемісов басқарады. Екі ауысымда жұмыс жүргізіліп, алпыстан астам адам келген тапсырыстарды орындайды. Олардың арасында өз ісінің маманы атанғандарды көптеп кездестіруге болады. Мәселен, слесарьлар Жүсіпбек Дүйсенов, Нұрлан Сахиев, Асқарбай Меңдалиев, газбен және электрмен темір пісіруші Әліпбай Әбжанов кран машинисі Сапарғали Елубаев сияқты озаттар алғы шептен көрініп, табыс тайқазанын тасытуға қомақты үлес қосып жүр.
Жүктелген тапсырманы мүлтіксіз орындауға дағдыланған жоғарыдағы тілге тиек етілгендей арнаулы цехтары бар, іргелі ұжымның бүгінге дейінгі жеткен жетістіктері аз емес. Атап өтсек, вагон жөндеу депосы «Қамқор Менеджмент» ЖШС-іне қарасты мекемелер арасында 2009 және 2016 жылы «Үздік кәсіпорын» атағына қол жеткізді. 2016, 2017, 2018 жылдары бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық конкурсқа қатысып, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің арнаулы дипломын қанжығалады. Аудандық, облыстық деңгейдегі басшылардан алған марапаттаулардың да түр-түрі жеткілікті.
– Біздің жігіттер ортақ шаруа десе, ішкен асын жерге қояды. Күнделікті атқарылатын жұмыс көзі көп, екі ауысымда да тыным болмайды. Алайда берілген тапсырманы қалайда орындап шығуға барлық күш-мүмкіндікті жұмылдырамыз. Өйткені бала-шаға нәпақасын айыруға септігін тигізген мекеме мен әріптестер абыройы бәрімізге қымбат, – дейді вагон жөндеу депосының басшысы Талғат Әліпбаев орнықты тіл қатып.
Қанат қаққан жобалар
Уақыт талабына ілесіп, жаңа технологияларды меңгеру – өмір талабы. Осыған орай 2019 жылдан бастап, «Ыңғайлы жұмыс орны» жобасы жүзеге асырылу үстінде. Соның аясында мекемеге ауа қысымы арқылы пайдаланылатын гайка қатырғыш автоматтырылған жүйесі қосылды. Бұл доңғалақ, автотежегіш жөндеу және вагон құрастыру цехындағы еңбеккерлерге айтарлықтай тиімділігін көрсетуде. Сондай-ақ жуынатын, қол жуатын орындарға су үнемдегіш сүзгілер қойылды. Соның арқасында бұрын душ қызметіне 600 литр су кетсе, қазірде 400 литрге жуық ғана тұтынылғаны байқалуда. Алдағы жылдары осы мақсатқа күн сәулесінен қуат алатын қондырғыларды іске асыру жағы қарастырылып, жоспарлар белгіленуде.
«Қамқор РАRK» экологиялық жобасына сәйкес қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды үнемді тұтынуға мән берілуде. Жоба бойынша электр қуаты көздерін үнемдеу үшін жарық шамдарын автоматты қосып-сөндіретін тетік орнатылды. Осылайша электр жарығы адам немесе техника келгенде жанып, басқа уақытта сөніп тұрады. Бұл күндері дәліздер, кіреберіс жерлер, депо ауласындағы жүргінші жолдары бойындағы жұмысшылардың жұмыс киімдерін ауыстыратын бөлмедегі электр тоғы осыған бейімделді. Бұдан бөлек цех қабырғасына жылытқыш батареясынан бөлінген жылуды сақтайтын материалдан істелген жапсырмалар қондыру межеленіп отыр.
Сонымен бірге әрбір цехтардағы өндіріс қалдықтарын бөлектеп шығару пунктері қарастырылған. Сол арқылы қағаз, пластик, әйнек сұрыпталып жиналады.
Алматы қатынас жолдары институтының түлегі, вагон жөндеу депосының бас инженері Қазыбек Мұратбаев сұхбат үстінде:
– Жаңадан қолға алынған заманауи жобалардың өндіріске әкелетін пайдасы көп. Бұған дейін беймәлім, енді ғана қолға алына бастаған қанат қақты істерді жетілдіре береміз, – деген пікірін ортаға салды.
Адам ахуалы – алғашқы орында
Іргелі кәсіпорында кеңсе қызметкерлері бөлмесі мен цехтардың мәдениеті айрықша бақылауға алынған. Бөлме іші қажетті көрнекілік тақталармен жабдықталып, телефон, компьютер құралдары қойылған. Арнаулы ыдыстарға отырғызылған гүлдер жайқала өсіп тұр. Цех ішіндегі жұмыс үстелдерінің бояуы да эстетикалық талғамға сай таңдалған.
Әрбір цехтың аумағы белгіленіп қойылған. Соған сәйкес әр айдың соңғы күні «Тазалық күні» деп жарияланып, кәсіпорын ауласы мен цехтарға жаппай тазалық жұмыстары жүргізіледі.
Жұмысшыларға мерзімді уақытына сай жұмыс киімі беріледі. Газ және электрмен дәнекерлеуші, деталь жуушы, темір ұстасы тәрізді денсаулыққа зиянды цехта істейтіндерге сүт таратылады.
Депо басшылығы кәсіподақ ұйымымен бірлесе отырып жұмысшылардың жағдайын жасауды күн тәртібінен түсірген емес. Цехта тамақтанушыларға арналған бөлме бар. Онда қолжуғыш қойылып, сүлгі, сабынмен қамтамасыз етілген. Түрлі іш ауруынан сақтану мақсатында жыл бойы ауызсу қайнатылып, арнайы ыдыстарға құйылып қойылады. Ауысымнан кейін жуынып, бой сергітуге душ күн сайын тұрақты жұмыс істейді. Жұмысшы – қызметкерлерге жылына кезекті еңбек демалысы беріледі және жыл сайын денсаулық жағдайлары медициналық бақылаудан өткізіледі. Екі жылда бір реттен тіс протездеуге 20000 теңге шығындары өтеледі, 8 бен 14 жас аралығындағы балаларына жазғы сауықтыру демалысы ұйымдастырылады. Теміржол көлігінде жылына бір рет жол жүру ақысы өтеледі.
Еңселі кеңсе ғимараты ішінде еңбек қауіпсіздігі мен техникалық білім көтеру кабинеті орналасқан. Оған түрлі жұмыс киімдерінің үлгісі мен қорғаныш құрладары қойылып, электр тоғынан, өрттен сақтану ережелері ілінген. Апта сайын қауіпсіздік техникасы, техникалық білім көтеру күні жүйелі өткізіледі.
Түрлі музыкалық құрал-жабдықтармен қамтылған мәдениет үйі жастардың мерекелік күндерде бас қосып, көңіл көтеретін орнына айналған. Әйтеке би кентінің шет жағында қоныс тепкен жұмысшы-қызметкерлер кейде жұмысқа автомашинасымен немесе велосипедпен қатынайды. Солар үшін автотұрақ пен велосипед коятын орын жасалған.
Мекеме ауласына кіреберістің оң жақ қанатындағы шартақпен қоршалған алаңқайға шағын әдемі үйшік орнатылыпты. Оған электр жарығы жеткізіліп, ортадағы фонтан жанына екі барыс пен дельфиннің мүсіні қойылған. Қарама-қарсы бетте орналасқан көрнекілік құралдары да ерекше көз тартады. «Жұмысқа жұмыла кірісу – ел болудың белгісі», «Еңбек етпесең, елге өкпелеме, Егін екпесең, жерге өкпелеме» деген сияқты қаз-қатар жазылған қанатты сөздер терең ойға жетелейді.
Кеңсе маңына орналасқан демалыс алаңын көрген адамның да жаны сүйсінеді.
Ұжымда Наурыз мейрамы, теміржолшылар күні, Жеңіс күні, қарттар күні сияқты атаулы мерекелерде еңбек және соғыс ардагерлеріне дастарқан жайылып, құрмет көрсетіледі. Жоғары жетістіктерге жеткен еңбек озаттары мадақталады.
Ұйымшыл ұжымдағы кәсіподақ ұйымының төрағасы Нұрлан Ибрагимов әңгіме барысында:
– Адамдар көңілді болса, еңбек те өнімді. Сондықтан мекемедегі жұмысшы – қызметкерлердің әлеуметтік ахуалын жақсартуды ешқашан естен шығарған емеспіз. Қолға алған жұмысымызды одан әрі жақсарта түсуге күш саламыз, – деді.
Мәні зор музей
Қандай бір мекеме, кәсіпорынның да өткен жолы – тарихы болады. Алайда ол қадірлеп, ескермегендіктен көп жағдайда ұмыт қалып жатады. Ал біздің бүгінгі әңгіме арқауына айналдырған вагон жөндеу депосында бұл мәселеге айрықша назар аударылған. Олай дейтініміз, мекеме кеңсесі жанында ұжымның өткен өмір кезеңдеріне арналған музей жабдықталған.
Депоның кадрлар және еңбек қатынастарды басқару менеджері Нұрсұлу Алмағанбетованың бастауымен маңдайшасына «Музей» деп жазылған кең бөлме ішіне бас сұққанымызда таң-тамаша қалдық. Төрт қабырғада бос орын көрінбейді. «Теміржол – еліміздің күре тамыры», «Тарихымыздың бізге жеткен жалғасы», «Мекеменің мерейін тасытқандар», «Өтпелі кезеңнен – өрісті болашаққа» деген стенділер айшықты көрінеді. Онда депоның іргетасын қалауда еңбегі мен өмір жолы өнеге алдыңғы буын – ағалар, зейнеткерлікке шыққан ардагерлердің суреттері орын алған. Олар туралы ескі құжаттар да жинақталған.
Әр жылдардағы теміржолшылар тұтынған көне еңбек құралдары мен түрлі вагон макеттеріне тебіренбей қарау мүмкін емес. «Біздерден қанат қаққандар» атты бұрыштағы кәсіпорыннан шыққан төрт генерал мен оннан астам Құрметті теміржолшымен танысуға да мүмкіндік жасалған. Сонымен бірге аудан теміржолшылары жөнінде сыр шертетін ескі фотосуреттер де келушілерді бейжай калдырмасы анық.
– Сіздер тамашалап тұрған музей депо басшысының ұсынысы, осы кәсіпорынға ұзақ жылдар бойы еңбегі сіңген ардагер Ерқосай Қабылов ағамыздың араласуы арқылы ұйымдастырылды, – деді Нұрсұлу Алмағанбетова. – 2010 жылдың 10 қарашасы күні ашылған рухани-құндылық үйі келушілерге ұжымның өткені мен бүгіні туралы мол деректер береді. Осындағы экспонаттарды айрықша бағалаймыз.
Шындығында елде жаппай ұлттық құндылықтарды қадірлеп, сақтауға айрықша бетбұрыс жасалған шақта аталған музейдің мән-маңызы зор екеніне ешкім де шек келтіре қоймас. Қайта керісінше өзгелер де осындай өнегелілікті қолға алып жатса, нұр үстіне нұр дер едік.
P.S. Ойға алған бұйымтайымызды бітіріп, көлемді аумақты алып жатқан вагон жөндеу депосы ауласы аузындағы күзет бөлімі бөлмесінен сыртқа шықтық. Сол сәтте жол жиегіне ілінген «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» деген тұжырымы мағыналы тәмсілге көзіміз түсті. Біз жөндеу депосындағы ізгілік пен абырой биігінен көрінген болат жол бапкерлерінің бірлігі бекем екендігіне бек сендік.
Сахи ҚАПАР