Қазалыда «ҚАМҚОР PARK» аллеясы ашылды
Бүгін Әйтеке би кентіндегі «Жеңіс» саябағында «Қамқор Park» аллеясы ашылды. Аллеяның ашылу салтанатында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев құттықтау сөз сөйледі.
– Қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялай білу туралы көп айтамыз. Ал сол экологиялық ахуалды жақсартуда жасыл желектің атқарар қызметі ерекше. Тек соны сезініп, оны көбейту мәселесіне баса назар аудару қажет. Жайқалған жасыл ағаштар көз қуанышы ғана емес, ауаның алмасуына ықпал ететін табиғат сыйы. Қазыналы Қазалы өңірінің жасыл желекке айналуы үшін бізде көптеген жұмыстар атқарылуда. Жыл сайын көктемгі көркейту-көгалдандыру, санитарлық тазалық айлығы кезінде аудан орталығының өзінде алты мыңнан астам көшеттер отырғызылып, бұрыннан бар талдар ретке келтіріледі.
Туған жердің гүлденуіне тұрғындармен қатар, мекеме-кәсіпорын ұжымдары да ерекше үлес қосуда. Бұл ретте ауданымыздағы ғасырдан астам тарихы бар теміржол мекемелерінің де нәтижелі жұмыстарын айта кеткен орынды. Жақында Диас Төлейтайұлы Сүлейменов басқаратын «Қамқор Менеджмент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арнайы «Қамқор GREEN» бағдарламасын қабылдап, республика көлемінде ауқымды шараларды қолға алды. Соның бірі «Қамқор Park» жобасы. Бұл шағын қалалардың тұрғындары үшін салауатты және эстетикалық толыққанды табиғи ортаны құру үшін ағаш отырғызу акциясы. Бүгін осы акцияның аясында «Жеңіс» саябағының ішінен арнайы аллея ашылып, тұрғындарға тарту еткелі отыр. Сіздерді «Қамқор Park» аллеясының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Жаңа аллея елдің игілігіне қызмет етіп, халықтың, жастардың демалатын орнына айналсын, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.
Салтанатты шарада сонымен қатар «Қамқор Менеджмент» ЖШС бас директорының орынбасары Руслан Шәкенов, Қазақстан темір жолының еңбек ардагері, Кеңес Одағының Құрметті теміржолшысы, Батыс Қазақстан темір жолының вагон шаруашылығында басшы қызметін атқарған Бисембай Майсутов, аудандық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Мұнан соң аудан әкімі Мұрат Ергешбаев бастаған құрметті қонақтар «Қамқор Park» аллеясының лентасын салтанатты түрде қиып, талу егу рәсіміне қатысты.
Айта кетейік, аталған аллеяның ашылуына Талғат Әліпбаев басқаратын Қазалы вагон жөндеу депосы – «Қамқор вагон» филиалы ұйытқы болды. Іргелі ұжым тұрғындар үшін арнайы жүргінші жол салып, орындықтар орнатты. Теміржолшылардың көмегімен аллеяның ішінде 500 түп көшет отырғызылды. Олардың арасында жыл он екі жап жасыл болып тұратын шырша, қарағай сияқты ағаштар бар.
Дәл осындай шаралар Қазалы ауданымен қатар, Аягөз, Шалқар және Шар секілді шағын қалаларда да ұйымдастырылып, 2000 түп қылқанжапырақты көшет егілді.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі