Озық үлгі үдеріс алды
Ақпарат тарату саласы күн сайын түрлі жаңалықтармен толығып отырады. Қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру әрі ұлттық экономиканы цифрландыру бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде 2020 жылға дейін интернет қолданушылардың санын 80 процентке дейін арттыру, тұрғындардың 95 процентін цифрлы xабар таратумен қамту, азаматтардың осы бағыттағы сауаттылығын 80 процентке дейін арттыру көзделген болатын. Осыған сәйкес аймақта байланыс желілерін сандық жүйеге ауыстыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Радио және телекоммуникациялар жүйелері де техника жетістігінің соңғы озық үлгілерін пайдаланып, дамудың даңғыл жолына түскен.
Қазалы желілік техникалық цехы аудан тұрғындарын кабельдік желі мен жоғарғы жылдамдықтағы кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етуде мүлтіксіз қызмет атқарып келеді.
Аудан көлемінде «Қазақтелеком» АҚ желілік СС-08, МС-240 электронды-цифрлық станцияларын он бір елді мекенге толық орналыстырған. Бекеттер ауыл тұрғындарына үзіліссіз желіде болуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ақпарат алмасуда, мектеп жұмыстарына қажетті хабарды алуда маңызды рөл ойнайды. Сондай-ақ кабель желісі тартылмаған Ақсуат, Сарбұлақ, Шәкен, Жанқожа, Тасарық, Бекарыстан би ауылдарына сымсыз CDMA-450 байланысы жеткізілген.
Телефон байланысымен қатар аумақтағы 9 елді мекенде заманауи үлгідегі id tv қызметін пайдалануға болады. Мұнда 100 телеарна көрсетілімі қаралған. Сонымен қатар Байқожа. Абай, Өркендеу, Майдакөл, Лақалы сынды жерлердегі білім мекемелерінде оқушыларға airfiber–5xHD құрылғысымен радиокөпір арқылы жоғарғы жылдамдықтағы интернет жеткізу жолға қойылған. Соңғы үлгідегі осы саланың құрылғылары шалғайдағы қоныстарды да қамтып отырғаны көңіл қуантады.
Осы жылы Бірлік, Бекарыстан би ауылдарындағы әкімдік, мектеп, емхана, полиция бөлімшелеріне «Қазақстан Республикасының ауылдық елді мекендерін талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету» жобасын іске асыру шеңберінде бірқатар жұмыстар атқарылып, аталған мекемелерде жоғарғы деңгейлі тұрақты интернет жылдамдығы қойылды. Алдағы уақытта кент және қала аумағына да осы жоба бойынша жерасты жұмыстарына құжаттар дайындалуда.
Байланыс желісіне биыл ағымдағы жөндеуге ТПП-кабельдерінен 6500 метр, күрделі жөндеуге 1564 метрге жоспар бекітіліп, жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.
«Қазақтелеком» АҚ Altel, Kcell Қазақстан ұялы байланыс операторларын өз қатарына қосқаны белгілі. Осыған байланысты компания ұсынатын тарифтік жеңілдіктер де өзгерді. Енді бір пакетте: телефон пайдалану, мегалайн интернет, id tv, 2 Altel sim картасымен 6500 теңгеге шығады. Онымен қоса Altel операторынан қалааралық байланыс құралдарына тегін шығу қарастырылған. Компанияның алдағы уақыттағы мақсаттары туралы сұрағанымызда «Қазақтелеком» АҚ оңтүстік өңірлік телекоммуникация дирекциясы, «Қазалы желілік техникалық» цехының басшысы Шамшадин Өксікбаев: «Сандық жүйеге көшуде басты ауыртпалық бірінші кезек біздің салаға түсетіні анық. Міндеттелген тапсырмаларды талапқа сай орындап шығу үшін электрондық жүйеге көшу жолында тынбай еңбектеніп жатырмыз. Қазірде аудан тұрғындарына сапалы қызмет түрін ұсынып отырмыз. Үстіміздегі жылдың ішінде кеңжолақты интернет тартылмаған Шәкен ауылына Бекарыстан би ауылынан POSOLINK радиорелесін ауыстырып орнату ойымызда бар», – деген пікірін жеткізді.
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ