Мемлекеттік тілге құрмет қайда?

Туған тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп, өркенін өрістетуге арналған «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деп тайға таңба басқандай етіп айтылған.
Алайда арамызда бұл мәселеге терең мән бермей жеңіл-желпі қарайтын жандар әлі де баршылық. Бұның айқын айғағын аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі аталған тақырыпқа байланысты кемшін тұстарды көргенде анық аңғарғандай болдық.

«Жүре берсең, көре бересің» демекші, Әйтеке би көшесі №68 үйде орналасқан жеке дүкен есігі төбесіндегі «Автошины (легковые и грузовые) авточехлы /лоб. cтекло /3D полик/» деп қадалған маңдайшаны, сол жердегі жарнаманы оқығанда бейне бір Ресей елінде жүргендей күй кешесіз. Себебі жоғарыда келтірілген жайттың бәрінен де төл тілімізге бейжай қараушылық байқалады. Олай дейтініміз, қазіргі қолданыстағы «Тіл туралы» заңда кез келген мекеме маңдайшасының алдымен мемлекеттік тілде, сонан соң орыс тілінде жазылатындығы ескертілген. Жарнамалар да осындай талап пәрменінен тыс қалмайды. Бұдан бөлек халық көптеп бас сұғатын кейбір кәсіпкерлік қызмет көрсету орындарының «Леди», «Магия», «Бочонок», «Авто швея – фея», «Компьютерный клуб», «Авто душ Тұлпар» сияқты атаулар иемденгені таң қалдырады.
Біздің тағы бір айтарымыз, бүгіндері көптеген жүргізушілер автокөлік терезесіне «Пустой», «Люди», «Дети» деген ескертпені қадап алып жүруді дағдыға айналдырған. Осындайда өзбектік жол полициясы қызметкерінің су таситын машинаға «Водовоз» деп жазып алған көлік иесіне «Мынауыңыз төл тілімізге қайшы келеді. Оған ешқашан немқұрайлы қарауға жол жоқ» деген уәж айтып, кемшілікке тиым салғаны туралы ел аузында жүрген тағылымдық әңгімені еске сала кетсек артық етпес.
Тіл тағдыры – ел тағдыры. Олай болса бүгінгі сөз етілгендей көлеңкелі жағдайларға тиісті орындармен бірге баршамыз немкетті қарамағанымыз жөн. Мемлекеттік тілге деген жүрек түкпіріндегі сүйіспеншілік пен құрметті суытып алмауға міндеттіміз.
Сахи ҚАПАР