Әлеуметтік көмек қалай тағайындалады?
Атаулы әлеуметтік көмекке құжат қабылдау және оны тағайындауға байланысты аудан тұрғындарымен кездесу өтті. Оған жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі, халықты жұмыспен қамту орталығы мен бірқатар мекемелердің қызметкерлері қатысты.
«Бүгінгі таңда мен жұмыстағы апаның үйінде уақытша тіркеуде тұрмын. Бірақ, үй иесі менің пәтерден шұғыл түрде тіркеуден шығуымды талап етіп отыр. Осыған орай мен тіркеудегі орнымды ауыстырған жағдайда атаулы әлеуметтік көмекті алуыма кедергі келмей ме?», – деген сауалын жолдады кент тұрғыны Лаура Нұрғалиева.
Бұл мәселеге орай аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің сектор меңгерушісі Ғазиза Тынымбаева жауап берді.
«Сіздің пәтер ауыстырғаныңыз атаулы әлеуметтік көмекті алуға ешқандай кедергі келтірмейді. Тек 10 жұмыс күні ішінде басқа пәтерге тұрғандығыңызды бізге хабарлауыңыз қажет», – деді сала маманы.
Басқосуға қатысқан кейбір тұрғындардың мәселесі зерттеп, зерделеуді қажет етеді. Оларды аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Мұратбек Бекмамбетов өз жұмыс орнында қабылдап, белгіленген заң аясында нақты жауап беретінін жеткізді.
Кездесуде Әйтеке би кенті әкімдігі жанынан құрылған аз қамтамасыз етілген отбасылардың материалдық-тұрмыстық жағдайын зерттеп, қорытынды беретін комиссия төрағасы Тәуіржан Құлмұратов атаулы әлеуметтік көмекті алуға құжат тапсырғандар арасында заңсыздыққа жол берген тұрғындар да бар екендігін тілге тиек етті.
«Атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін қулық-сұмдыққа барып жатқандар кездесуде. Мәселен, ата-анасын құжат бойынша тіркеуден шығарып жіберген. Алайда тексеру барысында олар балаларымен бірге тұратындығы анықталған. Осындай жайттар орын алып жатқандығы өкінішті. «Алмақтың да салмағы бар» демекші бұның да сұрауы болады», – деді комиссия төрағасы.
Басқосуда құжат қабылдау барысында кемшіліктерге жол берген халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкерлеріне ескерту берілгендігі және алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктер қайталанбайтындығы айтылды.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат