Берекелі істің бастамасы
Иен даламыз төрт түлікке толып келеді. Мемлекеттің қолдауы мен қамқорлығының арқасында шаруасын оңдап, өзіне де, өзгеге де жұмыс тауып беріп отырған қожалықтар қатарының көбеюі – қуантарлық іс. Кәукей ауылындағы «А-Арсен» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі – сондай берекелі шаруашылықтардың бірі.
Оның төрағасы Әсет Тоғысов әуел баста Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетін бітіріп, мұнай саласындағы инженер мамандығын алған. Алайда, ауылдық жерде тұрып, малдың қыр-сырын жақсы білетін іскер жігіт жылқы малын асылдандыруды көздейді. Ол арманына жету үшін алдымен «Бизнес Бастау» жобасы арқылы бір айлық курс оқып, білімін жетілдіреді. Мамандардың кәсіпті өркендету турасында айтқандарын ойына тоқып, көздегеніне жету үшін тыңғылықты жоспар жасайды.
Осылайша, ауылда алғашқылардың бірі болып тәуекелге бел буып, ауылшаруашылық өндірістік кооперативін құрды. Мұнан соң, өзі жасаған бизнес жоспарын кәсіпкерлікті қолдайтын мамандарға көрсетіп, мемлекеттік бағдарлама арқылы 14 млн теңге жеңілдетілген несие алды. Қомақты қаржыға 40 бас бие, екі бас асыл тұқымды айғыр сатып алды. Қазіргі таңда бұл кооперативтің 178 гектар жері бар. Оның барлығы да Қамбар ата тұқымы үшін тұнып тұрған жайылымдық жерлер.
– Елбасы айтқандай, бүгінде қол қусырып қарап отыруға болмайды, аянбай еңбек етуіміз керек. Өз еліміздің, отбасының болашағы үшін. Мен мұнымен әбден келісемін әрі бүгінгі таңда кәсіп етемін дегенге мемлекет тарапынан көмек көрсетілуде. Жеңілдетілген несие алуым дұрыс қадам болды. Бүгінде кооперативтің иелігінде қыл құйрықтының саны көбейіп жатыр. «Еңбек етсең емерсің», «Еңбегіңнен ел таныр» деген дана сөздер бекер айтылмаған. Аяқ-қолы сау, әрбір саналы азамат қандай да бір істің көзін тауып, шын беріле, ерінбей еңбек еткені жөн. Сонда еліміз де бақуаттана түседі, – дейді Әсет Мырзағұлұлы.
Шаруашылық басшысы Әсет малсақ азамат екен. Өйткені, оның әр жылқының қадір-қасиетін жақсы білетіндігі бізді осындай ойға жетеледі. Әсеттің келіншегі Айгерім де еңбек десе жанып түсетіндігін ауылдастары жыр қылып айтып жүр.
– Қазақ жылқы малын ерекше қастерлеген ғой. Сондықтан да жылқы сүтінің емдік қасиеттері бағзы заманнан бері белгілі. Қымызды бабаларымыз түрлі аурулармен қатар созылмалы дерттерге, жалпы ағза әлсірегенде емдік қасиеті жоғары өнім ретінде пайдаланған. Біз де отбасымызбен экологиялық таза өнімді тұтынғанды жақсы көреміз, – дейді Айгерім Ерліхан.
Қожалықтың қора-қопсысы сайлы, үй-жайы жайлы. Мұнда малшылардың алаңсыз еңбек етуіне жағдай жасалған. Отын-суы, жем-шөбі жеткілікті екен.
Қамыққанға қамқор қолын созуды да естен шығармайтын Әсет Қызылқұм ауылдық округінің мерекелік жиындарына демеушілік жасап тұрады. Аудан орталығы Әйтеке би кентінен шалғай орналасқан Кәукей ауылында орын тепкен кооператив жұмысымен танысқан біз оның мал шаруашылығын өркендету жолындағы жүйелі жұмыстарына тек сәттілік пен толағай табыстар тіледік.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ
Суретті түсірген автор