Темекі мен алкоголь қымбаттайды 13 рет көрсетілді
Елімізде 1 шілдеден бастап темекі мен алкоголь өнімдерінің бағасы қымбаттайды. Қаржы министрлігінің хабарлауынша, фильтрден өткен және сүзгісіз темекіге, папиросқа, сигариллаға және қыздырылатын темекі өнімдерінің ең төменгі бөлшек сауда бағасы көтеріледі. Тиісті бұйрыққа Қаржы министрі қол қойды.
2023 жылдың 1 шілдесінен бастап 31 желтоқсанына дейін бір қорап темекінің ең төменгі бағасы 710 теңге болады. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап табак өнімдерінің құны ең кемі 770 теңге болып бекітілмек. Темекі бағасының өсуіне мына факторлар әсер еткен:
- 2023-2024 жылдары акциз мөлшерлемесінің 14 пайызға ұлғаюы;
- Импортталатын шикізат пен материалдар құнының орташа 20 пайызға өсуі;
- Темекі өнімдерінің шикізаты мен компоненттерінің логистикасындағы қиындықтар;
- 2022 жылы инфляцияның 20,3 пайызға көтерілуі.
Бұйрықтың толық мәтінімен Ашық үкімет порталында танысуға болады. Бұйрық мәтіні 19 мамырға дейін қоғам талқысына ұсынылды.
Еске салайық, биыл 1 қаңтардан бастап бір қорап темекінің минималды бағасы 650 теңге болған еді.
Сонымен қатар, алкоголь өнімдерінің де бағасы өседі. Қазіргі бағалар 30 қыркүйекке дейін сақталады. Үкімет 1 қазаннан бастап бағаны арттыруды көздеп отыр. Мысалы, арақ пен алкогольді ішімдіктердің ең төменгі бағасы литріне 1980 теңге болса, 1 қазаннан бастап литрі 2100 теңгеге тең болады. Қазір 2930 теңге тұратын коньяк пен бренди қазаннан бастап 3110 теңгеге саудаланады. Жоба авторларының айтуынша, бұл бастама елде алкогольді сусындарға деген сұранысты азайтуға тиіс. Abbeycare group мәліметіне сүйенсек, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан арақты ең көп ішетін елдер қатарына енген. Олар елдегі ер азаматтардың 10 пайызы, ал әйелдердің 1,5 пайызы алкогольге тәуелді деген пайым жасаған.
Energyprom ұсынған дерекке зер салсақ, соңғы бір жыл ішінде темекі өнімдеріне деген сұраныс 11 пайызға артыпты. Биыл қаңтар-сәуірде елде 5,1 млрд темекі және сол сияқты табак өнімдері өндірілген. Бұл былтырғы көрсеткіштен 4,8 пайызға төмен. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша, жергілікті компаниялар темекі пен папиросқа деген сұранысты 79,7 пайызға (былтыр 80,6 пайызға) қанағаттандырған. Импорт көлемі 20,3 пайызды құрапты.
Сондай-ақ Қазақстан 19,3 пайыз рессурсты немесе 882,9 млн сигарет пен табак өнімдерін экспортқа шығарған. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 36,9 пайызға көп. Ішкі нарықтағы сату қарқыны 10,1 пайызға, 3,7 млрд-қа дейін азайыпты.
2022 жылы әрбір үй орта есеппен табак өнімдеріне 44,8 мың теңге жұмсаған. Өңірлік бөліністе Павлодар облысы ең көп шығынға ұшыраған. Аталған өлкеде әр үй 83,1 мың теңгені темекі сатып алуға жұмсаған, тиісінше жылдық өсім көрсеткіші – 13,3 пайыз. Одан кейінгі орында – Солтүстік Қазақстан (77,2 мың теңге, +9,6 пайыз) және Шығыс Қазақстан облыстары (71,9 мың теңге, +24,8 пайыз). Темекіге ақшаны ең аз жұмсаған аймақ – Шымкент екен. Онда әрбір үй жылына 8,8 мың теңгеге темекі сатып алған, сәйкесінше 12 айлық өсім 14,2 пайызды құраған.
Мамандар былтыр алкогольді өнімдерге деген сұраныстың да аз болмағанын айтады. Жыл бойына 756,1 млн литр сыра, 43,3 млн литр шарап және 140 млн литр қуаттылығы жоғары алкогольді өнім (арақ, коньяк, спирт) сатылған. Жалпы, өткен жылы алкоголь өнімдерінің бағасы 14,8 пайызға қымбаттапты. Өнімдер ішінде сұранысқа ең аз ие болған түрі – сыра. Соған қарамастан ішімдіктің бұл түрі басқалармен салыстырғанда аса қатты қымбаттаған (18,9 пайызға).